• 26 декабря, 2024 11:39 дп

Латын графикасына көшудің – мемлекеттік бағдарламаларға әсері!

Автор:admin

Июл 20, 2022

Бұл – Қазақстан сияқты көп ұлтты мемлекет үшін, әсіресе еліміздегі демографиялық ахуалмен тығыз байланысты, аса күрделі мәселелердің бірі. Тіл мәселесі бойынша әңгімені тұжырымдап айтар болсақ, Елбасымыз өз тарапынан жасалуға тиіс нәрсенің барлығын істеді. Енді біз бүкіл ұлт болып ұйып, ана тіліміздің көсегесін көгертуге бірге ұмтылуымыз керек сияқты. «Қазақстан – 2050» Стратегиясында: «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек», — деді. Сол атқарылуға тиісті істердің ең маңыздысы ретінде көтеріліп отырған мәселе – қазақ жазуында қазіргі қолданылып келе жатқан кириллица графикасын қазақи таңбаға негізделген латын әліпбиімен ауыстыру.  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалада таяу жылдарға қатысты міндеттерге тоқтала келе, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек екендігін айтты.  Осы уақыт ішінде бағдарламадағы іргелі жобалар бойынша ауқымды жұмыстар жүзеге асты. Атап айтатын болсақ, «Туған жер», «Киелі жерлердің географиясы» және «100 жаңа есім» жобалары сәтті жүргізілуде. Осы жобаларды іске асыру барысында әлеуметтік инфрақұрылым дамытылуда, мәдениет ескерткіштері қалпына келтірілді. Қазақ тілінің жаңа әліпбиін қолданысқа енгізу бойынша нақты қадам жасалды. Жарлықпен латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің жаңа редакциясы бекітілді. Шын мәнінде, әліпбидің жаңа нұсқасы әлемдік стандарттарға сай келетіндіктен, қолданыста әлдеқайда ыңғайлы пайдалануға мүмкіндік береді, сондықтан латын әліпбиіне көшу неғұрлым оңтайлы болады деп ойлаймын. Енді біз осы жаңа әліпбиді жүзеге асыруға кірісіп, ұзаққа созбай, рухани мәдениетімізді дамытуға серпін беретіндей етіп, пайдалана білуіміз қажет.  Менің өз басым қазақ тілінің жанашыры ретінде Қазақстанның латын әліпбиіне көшу саясатын толығымен қолдаймын. Сонымен бірге бұл күндері халықаралық байланыс жүйесіндегі қысқа түрдегі жазбаша мәтінді хабарлар алмасу қызметі де латын жазуымен біздің күнделікті тұрмысымызға еріксіз еніп отыр. Осы айтылғанның бәрі елімізде латын әрпіне көшудің кейбір алғышарттары қазірдің өзінде жасалып жатқанын көрсетеді. Латын әліпбиіне көшудің терең тарихи логикасының бар екендігі, яғни қазіргі заманға технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ XXI ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Осыған орай мен түркиялық ғалым Әбдіуақап Қараның «латынға көшу қазақ мәдениетін әлемге танытады, бар қазақтың басын біріктереді» деген пікірін құптаймын. Жоғарыда айтылғанды қорытындылай келе, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген, қоғамымыздың барлық саласында қызу қолдау тапқан, латын әліпбиіне көшу мәселесі өте өзекті әрі орынды деп есептеймін.

Jsk ақпарат

Автор: admin