• 24 ноября, 2024 2:57 пп

ЖОЛДАУ: Мемлекеттің сот процесіне қатысуын азайтқан жөн.

Автор:admin

Сен 11, 2022

Мемлекеттік органдар арасындағы сот дауларын да ретке келтіретін кез келді. Егер екі министрлік заң нормаларын әртүрлі түсінсе, ондай мәселені Үкімет түпкілікті шешуге тиіс. Дәл осындай тәсілді мемлекеттік органдардың мемлекеттік ұйымдармен арадағы дауларына да қатысты қолдану қажет.

Түрлі өңірде ұқсас істер бойынша әртүрлі шешімдер қабылданатын жайттар жиі кездеседі. Қазір цифрлық талдау жасайтын құрал әзірленуде. Сол арқылы сот төрелігін атқару ісін біріздендіруге мүмкіндік туады. Жоғарғы Сот осы интеллектуалды жүйені толық  енгізуді тездеткені жөн.

Әрине, сот жүйесін реформалау мұнымен аяқталмайды. Бұл шаруамен мамандар Жоғарғы Соттан тыс айналыса береді.   Осы қадам үдеріске бәсекелік сипат беріп, оны қоғам өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар үшін ашық, яғни, анағұрлым тиімді етеді.

Келесі мәселе – құқық қорғау органдарын реформалау туралы.  Бұл сала әрдайым қоғамның жіті назарында.

«Қасіретті қаңтар» оқиғасы тәртіп сақшылары үшін нағыз сынақ болды. Ол кезде арандатушылардың кесірінен шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Оның ақыры мемлекетке қарсы бүлік шығаруға әкеп соқтырды. Жұртты арандатушылардың көбі шартты немесе жеңіл жазамен құтылып кетті. Шын мәнінде, олардың кінәсі әлдеқайда ауыр. Өйткені, жағдайды қасақана ушықтырды. Соның салдарынан іс насырға шауып, қайғылы оқиғалар болды.

Маған құқық қорғаушылар, адвокаттар қауымдастығының өкілдері бірнеше рет өтініш жолдады. Олар елді жаппай тәртіпсіздікке үндеген адамдарды қатаң жазалау қажет екенін айтты. Бұл – орынды ұсыныс. Сондықтан өкілетті органдарға осы мәселені қарастырып, нақты шара қабылдауды тапсырамын.

Біз кез-келген ашық арандатушылыққа және заңсыз іс-әрекетке қатаң тосқауыл қоюымыз керек. Ел ішіне іріткі салған және заң бұзуға шақырған адамдар қатаң жазадан құтылып кетпейді.

«Саяси плюрализмге ашықпыз, экстремизмнен, қарақшылық пен бұзақылықтан қашықпыз» деген ортақ қағиданы бүкіл қоғамның есіне салғым келеді. Қасақана арандату басталған жерде, сөз бостандығы мен пікір алуандығы туралы әңгіме қозғаудың өзі артық.  Бұл – қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, мемлекеттің тұғырын шайқауға әрекеттену деген сөз.

Бізге ел бірлігі ауадай қажет. Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де – өз азаматтарымыз. Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үміттеніп отыр.

Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр.  Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан, мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым.

Рақымшылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ, мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға қолданылмайтыны түсінікті. Сондай-ақ, лаңкестік және экстремистік қылмыс жасағандарға, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға рақымшылық болмайды.

Біз адамгершілік таныта отырып, осы қайғылы оқиғадан тиісті қорытынды жасаймыз. Мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбайды. Бұған жол бермейміз.

Jsk ақпарат

Автор: admin