• 27 ноября, 2024 3:26 дп

Қазақтың жаңа латын әліпбиінде неше әріп болады?!

Автор:admin

Янв 15, 2024

Латын әліпбиіне түрік тілі 1928 жылы, әзірбайжан тілі 1991 жылы, өзбек тілі 1993 жылы көшірілген. Әліпби жасалған тұста дыбыс саны толық анықталмауы салдарынан түрік тіліндегі үш дыбысты таңбалайтын «қ», «ң», «ә» әріптері түрік әліпбиіне енбей қалған екен. Ал өзбек тілінің әліпбиін жасауда тілші ғалымдарға қарағанда компьютерлік техника саласы мамандарының ұсыныстары басымдық алып кеткен, сондықтан қазіргі өзбек әліпбиі интернет желісіне икемді болғанымен, ұлттық тілдің мүддесінен шықпай отыр деген көзқарастар бар. Өзбек тілінің әліпбиінде «ң» дыбысы латын әліпбиінің «ng» әрпінің тіркесі арқылы белгіленуі де кей жағдайда дұрыс оқымауға әкеліп соқтырады екен. Ал әзірбайжан әліпбиінде классикалық латын әліпбиінен тыс, кирилл әліпбиінен де алынған әріптер бар екен. Әзірбайжан тіл мамандарының айтуынша, тілдерінде өте жиі қолданылатын «Ә» дыбысын кирилл әліпбиіндегі осы графемамен таңбалаған, себебі өте жиі қолданылатын болғандықтан оны латынның «А» әрпінің үстіне екі ноқат қойып таңбаласа, жазу кезінде мәтін үстінде нүкте таңбалары жыпырлап, мәтінді оқу — жазу қиындап кетеді екен. Қазір біздің ғалымдарымыз бауырлас түрік халықтарының латын жазуына көшу кезіндегі жетістіктері мен жіберілген кейбір кемшіліктеріне назар аудара зерттеп отыр.

Жұртшылықпен кездесулерде: «Қазақтың жаңа латын әліпбиінде неше әріп болады, қазіргі әліпбиіміздегі 42 әріпті латын әрпімен ауыстыра саламыз ба?» — деген сұрақ көп қойылады. Орынды сұрақ. Көпшілік жұрт әліпби ауыстыру дегенді бір таңбаны екінші таңбаға алмастыра салу деп түсінеді. Ол дұрыс емес. Біз үш мәселеге назар аударуымыз керек, алдымен тілдегі дыбыстар санын анықтау, одан кейін сол дыбыстарға сай әріптермен таңбаланған әліпби жасау, одан кейін осы әріптермен жазудың емле ережелерін жасап бекіту қажет. Біз қазіргі әліпбиіміздегі 42 әріпті латын әрпімен сол қалпында ауыстыра салатын болсақ, оның пайдасы болмайды. Біз алдымен таза қазақы әліпби жасауымыз қажет. Ол үшін алдымен тілімізде қанша дыбыс бар деген сұраққа жауап беру керек. Қазір көпшілік ғалымдарымыз алғашқы кезекте, жаңа қазақ әліпбиіне қазақ тілі дыбыс жүйесіндегі 28 фонеманы (9 дауысты, 19 дауыссыз) алып, бұған қоса, кірме сөздердегі «в», «ф», «һ» сияқты әріптерді де қоса алу керек деген көзқарасты ұстанып отыр. Ал одан кейінгі кезекте, орыс сөздерін жазуға қажет болатын әріптерді таңдап алынып,содан кейін қазақ жазуының емле ережелерін қайта қарастыру керек болады. Ал екінші бір ғалымдарымыз қазіргі әліпбиіміздегі 42 әріпті латын әрпімен сол қалпында ауыстыра салу керек деген көзқарас танытып, сөзіміздің айтылуын дәл береміз деп жүріп, қазіргі әліпби құрамындағы қыруар әріпті жат дыбыстарға жатқызып, әліпби құрамынан шығарып тастасақ, емлені шешуі қиын өте күрделі түйінге айналдырамыз деген пікір айтады. Сонымен қатар, қазір компьютер заманына сай қазақ жазуын латын әріптеріне көшіруде автоматтандыруға ыңғайлы латын әліппесінің нұсқасын жасаушылар да бар.

Кейбір адамдар халықтың жаңа әріптерді меңгеруі, әсіресе, қарттардың оқып-жазуға бейімделуі қиын болатынын алға тартып жатады. Қандай іс қылсаң да, ол оңай бола қоймайды, оның қиындығы да қоса еріп жүреді. Сондықтан «Шегірткеден қорққан егін екпейді» дегендей, қиындықтан қорықпау керек. Тілдің болашағы — елдің болашағы. Жазуымызды латын әліпбиіне көшіру бір күннің ісі емес, ол осы жазуымызбен қатар жүріп, елдің көзі үйреніп, көңілі орнына түсіп, жаңа әліпбиді әбден меңгеріп кетуіне мүмкіндік жасайды. Қазірдің өзінде жастар ұялы байланыс кезінде бір-біріне осы латын әріптерімен хабарлама жібереді. Айналадағы түрлі мекемелер, банктер, машина маркалары, көше жарнамалары, т.б. латын әріптерімен жазылған сөздерді барлығымыз да жатсынбай оқып, түсініп жүрміз. Ал жастарымыздың барлығы да мектептегі ағылшын сабағынан латын әріптерін жақсы меңгергенін білеміз. Әр істің өз қиындығы бар дегендей, орыс мектептерінде оқитындар бұрынғы жазумен жүретін болса да, көштен қалмай,олар да осы елдің азаматтары ретінде латын әріптерін меңгеруге ұмтылады. Ал кейбір пікір айтушылардың латынға көшкен кезде «орысша оқығандар латын әріптерін меңгермей қалады, қазақша оқығандар орыс тілінен алыс қалады» деген сөздері ешбір қисынға келмейді. Қазір біздің жастарымыз ағылшын тілін аз уақытта қалай меңгеріп алса, орыс тілін де солай тез меңгереді. Себебі қазіргі өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі өте жақсы, елімізде қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқуға ерекше қамқорлық жасалып отырғаны да баршаға аян.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin