• 22 ноября, 2024 3:17 пп

ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Автор:admin

Апр 6, 2021

 

Бүгін Ордабасы ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті.

Ауқымды үш мәселе қаралған комиссия отырысына киелі өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева мен республикалық «Парасат жолы» орталығының жетекшісі, жазушы Сәдібек Түгел және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай, комиссия мүшелері, аудан әкімінің орынбасарлары мен әкімдік қызметкерлері қатысты.

Комиссия отырысында Ордабасы ауданында ҚР-ның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған жоспарының орындалуы және аудан әкімі аппаратының аудан көлемінде ішкі талдау бойынша атқарылған жұмыстары, сондай-ақ ауданда «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен атқарылған жұмыстар баяндалды.

Аудан көлемінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар ортаға салынған шарада Агенттік өкілі Жазира Жылқышиева сөз алып, жемқорлықпен күрес – күн тәртібіндегі маңызды мәселе ретінде мемлекет саясатында айрықша басымдыққа ие екендігін баса айтып, Агенттік тарапынан атқарылып жатқан жобалар мен жұмыстардың тиімділігін және Мемлекет басшысы қол қойған Заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың қоғамдық індетті жоюдағы рөлін тілге тиек етті.

Агенттік Төрағасының кеңесшісі өз кезегінде ағымдағы жылдың 5 сәуірінен бастап әкімшілік заңнамадағы түзетулердің күшіне енгендігін және бұдан кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамауы, жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруі, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы және заңсыз кірістер алуы сияқты әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтауға және олардың жолын кесуге уәкілетті болып табылатынын ескертті.

Нақты тапсырмалар жүктелген жиын соңында ауданда жемқорлық деңгейін төмендету бойынша бірқатар ұсыныстар тыңдалып, қоғам індетімен күрес шаралары барлық мемлекеттік орган басшысының қызметінде басым бағыттардың бірі болуы қажет екендігі қатаң ескертілді.

Автор: admin