Денсаулықты бала кезден сақтаған жөн. Өйткені «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген» әлдеқайда оңай әрі тиімді. Денсаулықтың да дұрыс болуы үшін белсенді өмірдің маңызы зор. Спорт – денсаулық кепілі. Спорт деген тек спортшылардың ғана емес, күллі адамзаттың өмірінде орын алуы шарт. «Гимнастика, физикалық жаттығулар және жаяу жүру жұмысқа қабілетті, денсаулығы мен шаттыққа толы өмірін сақтап қалғысы келетін әр адамның күнделікті өмірінде орын алуы тиіс» деп Гиппократ айтып кеткен. Қозғалыссыз өмір салтын ұстанатын адамдар белсенді адамдарға қарағанда аз өмір сүретінін ғалымдар дәлелдеген. Оның салдары: май басу, гипертония, диабет, тіпті рак та болуы мүмкін. Залға не арнайы секцияға бару міндетті емес, тек күніне бір уақыт жүгірсе, жүзсе, бимен шұғылданса, тіпті болмаса таза ауада жаяу серуендесе дене шынығады, денсаулық жақсарады. Денсаулық – зор байлық. Бұны барлығы біледі, тек көп адам мән бере бермейді. Адамның өмірге келуінде бір үлкен мақсат болса, сол мақсатты орындауы үшін, сапалы өмір сүруі үшін деннің саулығы аса маңызды. Ал дені саудың – жаны сау екені бесенеден белгілі. Дені сау болу қиын дүние емес, тек әр адам өз ағзасын есіте білсе, дер кезінде көмек көрсете алса, өз өмірі үшін жауапкершілік ала білсе болғаны. Осы орайда Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов Үкімет отырысында “Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау” ұлттық жобасын іске асыру бойынша баяндама жасады. “Соңғы 9 айда белгіленген 9 индикатордың 8-і орындалды. Бір индикатор бойынша – «Халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығы» туралы мәлімет 2023 жылы шығады”-деді әкім баяндамасында. Соңғы жылдары қалада туу көрсеткіші жоғарылап, аяғы ауыр келіншектер мен 5 жасқа дейінгі балалар патронажы 73%-дан 100%-ға өсті. Дерекке сәйкес, шетінеген нәрестелер саны да жоспарлы индикаторға әсер етуде. Дегенмен болжам шегінде. Түркістан облысының негізгі денсаулық сақтау ұйымдары Шымкентте орналасқан. Сол себепті өлім көрсеткіші қалада тіркеледі. Ал Ұлттық статистика бюросы бұл мәліметтерді түзетіп отырады. Шаһар басшысы сәбилердің өмірін сақтап қалу бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Биыл Шымкентте балалар үшін 10 мобильді педиатриялық бригада құрылды. Емханаларда отбасын жоспарлау және баланы дамыту кабинеттерінің саны 2 есеге артты. Алдағы 3 жылда 5 емхана, 200 төсектік заманауи периниталдық орталық, университеттік аурухана мен 700 адам қабылдайтын орталық салу жоспарда бар.
Jsk ақпарат