Жастар – ұлт үмітін арқалаған ел ертеңі. Үміт пен сенімді ақтау сол буынның парызы. Сол себептен де жастар қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екені мәлім. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен модернизациялануы, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты. Жастар қай заманда, қай елде болмасын, асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы болған. Жастар – болашақтың жарқын айнасы іспетті. Бұл сөздің мағынасына үңілсек, «еңбек» деген ұғыммен байланысып жатқанын ұғасыз. «Еңбектің наны тәтті» деп бекер айтылмаса керек. Қай саланы алсақ та, мерейін үстем еткен үкілі азаматтар ащы терін сығумен биіктерге жеткен. Осы орайда Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығында «Жасыл ел» еңбек жасақтары маусымының жабылу салтанаты өтті. Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов биылғы маусымды қорытындылап, жобаның маңызына тоқталып өтті.
– «Жасыл ел» еңбек жасақтары – ел аумағында жастарды кең ауқымда қамтыған жобаның бірі. Осы жастар қаланың көгалдандыру жұмыстарына белсене араласып, алаңдарда, саябақтарда абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Еңбектеріңізге алғысымды білдіремін. Жоба одан әрі жалғасын табады, – деді басқарма басшысы. М.Шотанов жобаға белсене қатысып, қаланың көркеюіне үлес қосқан жастарды Алғыс хатпен марапаттады. «Жасыл ел» еңбек жасақтарының басты мақсаты – жастарды ізеттілікке, парасаттылыққа баулу және де бәрімізге ортақ қаламыздың тазалығы мен мәдениеттілігін сақтай отырып, осы игі іс-шараны жастар арасында насихаттау. Қаланың студент жастарының бос уақытын тиімді пайдалану және жұмыссыз жастардың санын азайту. Қалада еңбек жасақтарының биылғы маусымында 1313 жас жұмыспен қамтылды. Жастар қозғалысы алдағы уақытта өз жалғасын табады. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында азаматтарды қайырымдылық жасауға тарту, волонтерлікті дамыту мақсатында әртүрлі ақпараттық насихат жұмыстары жүргізілді. Осы орайда жыл басынан еріктілер ұйымдарының саны ұлғайып, 95 бірлікті құрады, 7 мың ерікті тіркелді. Жастардың бастамаларын қолдауға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі 2 есеге көбейтіліп, 2021 жылы 76 млн теңге бөлінді. Мемлекет басшысы айқындаған еріктіліктің жеті бағыты және «Қайырымды істер марафоны» аясында облыста 1 216 акция өткізілді. Мұқтаж болған 75 отбасы баспаналы болып, 9 мың отбасына 170 млн теңгенің азық-түлік себеттері таратылды. «Біргеміз. Таза әлем» жобасы аясында 50 мың адамның қатысуымен 134 экологиялық акция ұйымдастырылып, 41,8 мың түп ағаш отырғызылды. «Egov – жаршысы» жобасы аясында 100 ерікті өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарында тұрғындарға қызмет көрсетті. Бұл істердің барлығы жастардың әлеуетін көтеруге, бастамаларын дамытуға және жаңа бағыттарға жол сілтеуге арналады.
Jsk ақпарат