Шымкентте «Болашаққа қадам» жобасы озық ойлы өскелең ұрпақтың пікіріне құлақ асатын, оның жүзеге асуын бірігіп ақылдасатын, мектеп бітіруші түлектерге кәсіби бағдар беруге бағытталған ашық алаңға айналды. Осыған орай Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Болашаққа қадам» жобасы аясында қаламыздағы бірнеше мектептің бітіруші сыныптағы оқушылары белгіленген кесте бойынша түрлі кәсіпорындарға экскурсия жасады. Ондағы негізгі мақсат- оқушыларға мамандықтарын дұрыс таңдауға бағыт беру. Саналы түрде таңдалған мамандық жеке тұлғаның болашақ өмір екендігін түсіндіру. Мамандық әлемі және олардың ерекшеліктері туралы түсініктерін кеңейту. Оқушылардың мамандықтарға деген қызығушылықтары мен бейімділіктерін анықтау. Мамандық таңдау мәселесін, жалпы өзіндік таңдау жасауға дайындықты күшейту болатын. Мектеп оқушылары «Әлем» БТ, «Назар» текстил, «SAGITEX» көпсалалы тігін фабрикаларында болды. Экскурсия кезінде кәсіпорындардың жұмыс барысымен, ондағы мамандармен жақынырақ танысып қайтты. Алдағы уақыттарда да жастар орталығы жоба аясында оқушылармен мамандық таңдауда бағыт-бағдар беруді жалғастыра бермек. Өйткені, болашақтағы кәсіби мақсатына дұрыс бағыт алған оқушы бойындағы қарым қабілетін шығармашылықпен дамыта білсе сапалы маман ретінде қалыптасатыны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында айтылғандай, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау туралы қаулы қабылдаған. Жоба аясында мемлекет тарапынан сан түрлі салада дарынды жастарға гранттар беріледі. Игі іс облысымызда да жалғасын таппақ. «Жас ғалым» жобасы өңір жастарының ғылыми әлеуетін арттыруға, жас кәсікерлердің тұлғалық және кәсіби дамуына септігін тигізеді. Ғылыми жобалардың байқауына Шымкент қаласының ғылыми танымы мен қызығушылығы бар кез келген жастары қатыса алады. Ал «Жас талант» – өнер байқауы. Өңірдегі шығармашыл жастарды іріктеп қана қоймай, түрлі мәдени бағыттарға қызығушылығы бар жастарды қолдау арқылы оңды қоғамдық пікірлерін қалыптастыруға үлес қосады. Жастар – болашақтың жарқын айнасы іспетті. Бұл сөздің мағынасына үңілсек, «еңбек» деген ұғыммен байланысып жатқанын ұғасыз. «Еңбектің наны тәтті» деп бекер айтылмаса керек. Қай саланы алсақ та, мерейін үстем еткен үкілі азаматтар ащы терін сығумен биіктерге жеткен.
Jsk ақпарат