2017 жылы 12 сәуірде экс-президент қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру туралы сөз қозғаған еді. Содан бері төрт жылға жуық уақыт өтсе де, латынның әлі лайықталар түрі көрінбейді. 28 қаңтарда «әліпбидің кезекті нұсқасы дайын» деп дабыл қаққанымен, латын әліпбиіне көшу үшін тағы да екі жыл уақыт керегі айтылды. Жаңа қаріпке бет бұру 2023-31 жылдар аралығында жүзеге асырылмақ. Созбаланған латынның сонша күттірген жұмысы қандай нәтиже бермек? Жалпы, биліктің латын әліпбиіне көшу туралы саяси шешім қабылдауы заман талабы ма, әлде саясат мүддесі ме?
Бұл туралы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов жаһандық үдерістерде саясат, мәдениет және ақпарат араласып жүргенін айқын аңғаратын болсақ, онда латын әліпбиіне көшу сол заман талаптарына жауап дейді. Айтуынша, кезінде қазақ жазуының кирилл әліпбиінде болуы Ресей, кеңестік империялардың мүдделерімен тікелей байланысты болса, латын әліпбиіне көшу осы геосаяси аймақтан жалпығаламдық кеңістікке өту екенін алға тартты. «Әліпбиге көшудің жалпы тарихы, оның ішінде ХХ ғасырда үш рет өзгерген қазақ әліпбиінің тарихына үңілсек, онда негізінен саясаттың тікелей араласқанын анық аңғарамыз. Қазіргі әліпби реформасына келсек, ең алдымен тілдік факторларды алға тартар едік. ХХІ ғасырдағы адамзат дамуының үрдісінде мемлекеттер мен халықтардың мүдделері бұрынғыдан да тартысты контексте жүруде. Алпауыт елдердің саяси-экономикалық және мәдени ықпалы мен мүддесі күшеюде. Әсіресе жаңа технологиялар мен ақпараттың рөлі еселеп артқанын көріп отырмыз. Қазақстан сияқты тәуелсіз мемлекет те осындай ғаламдық үдерістердің баяны мен бағдарын аңдап, өзінше қимыл-әрекет жасауы тиіс. Осындай негізгі әрекеттің бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру бастамасын үлкен жаһандық үдерістерге тікелей жауап беретін қадам деп бағалаған жөн», – дейді Е.Тілешов. Ал саясаттанушы Сапарбай Жанғалиев латын әліпбиіне көшудің астарында үлкен саясат пен экономика жатқанын айтады. Бұл рухани құлдықтан шығудың бір жолы болмақ дейді. «Қазақстан басынан детоталитаризация мен деколонизация кезеңін әйтеуір өткізетіні анық. Сондықтан латын қарпіне қадам басуда саясаттың салмағы басым. Бұны Ресейдің үстемдігінен алшақтау құралы ретінде пайдаланып, жалпы түркі халықтарымен бас қосудың бастамашысы ретінде жүзеге асырмақ. Қазақ тілінің латынға көшуі – тек қазақтардың шаруасы. Сондықтан бұны көпұлтты мемлекетпіз, олар қалай қабылдайды деп қам жемей, ұлттық мүддемізге сай қадамдар жасауымыз керек. Яғни өзімізге ыңғайлысын таңдауымыз керек», – дейді саясаттанушы.
Jsk ақпарат