ҚР Президенттігіне Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан кандидат Нұрлан Әуесбаев Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облыстық сайлауалды штабқа барды.
Іс-шара барысында кандидат қала активімен кездесіп, өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі қаулылары жөнінде баяндап берді.Сонымен қатар, кандидат мемлекетте саяси реформаларды жүргізу қажеттілігіне тоқталды.
«Қазақстан алдында тұрған басты мәселе – парламенттік-президенттік республика құру. Біз билік бір адамның қолына шоғырланатын президенттік басқару үлгісінен бас тартуымыз қажет. Үкімет адал, бәсекелес бизнестің дамуына мүмкіндік бермейтін олигархтарды емес, халықтың мүддесін қорғауы тиіс. Жемқорлықпен күресті күшейтіп, парақорларға қатысты максималды жаза орнатып, мерзімінен бұрын босату құқығынан айыру қажет», — деді кандидат.
Нұрлан Әуесбаевтың пікірінше, жемқорлықты жеңіп, мемлекеттің басқару жүйесін ауыстыру арқылы ғана елдің экономикалық гүлдеуіне қол жеткізуге болады.