• 25 ноября, 2024 4:43 дп

Латын әліпбиі – Қазақстанның тіл саясатына әсер етпек!

Автор:admin

Ноя 9, 2022

Реформалардан соң кезекті бір сатысы – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ұлттық стратгеиялық қадам екендігі даусыз, әрі тарихи үлкен міндет жүктейтін іс.  Сол ұлы үлкен мұраттың басты, әрі бірегей міндеті – қазір Қазақстан қоғамының қызу талқысына айналып отырған жазуды алмастыру мәселесі. Тарихқа көз жүгіртсек ортағасырларда мемлекеттіліктің жаңа сапалық деңгейіне ұмтылған елдер дін және календарь реформасына мән берсе, жаңа кезеңдегі елдердің рухани құндылыққа, дәлірегі жазу мен тіл реформасына барынша ден қоятындығын байқаймыз. Демек, жазу мен тіл реформасы мемлекет дамуының эволюциясынан туындаған пісіп жетілген көкейтесті, өскелең қоғамның сұранысы екендігінде дау жоқ.  Ол, әрі өркениетке жақындау, ең бастысы ХХ ғасыр ортасында зорлықпен таңылған советтік қитұрқы саясаттың зардабынан арылу, яғни десоветизация шарасының бірі. Шынтуайтында бұл үрдісті деколонизация деуге лайық. Себебі түсінікті, қызыл жүйе патшалық отарлаушы саясатты өзгеше сипатта ары жалғастырғаны өз алдына, кезінде орыс миссионерлері біртіндеп қолға алса да, толық еңсеріп үлгермеген криллица немесе әлемдегі қалыптасқан түсінік бойынша славян жазуына өткізе алмаған еді. Советтер онсыз да күйіп тұрған  халық наразылығымен санаса отырып, алдымен латынға онан соң қазіргі жазуға өткізіп тынды. Оның сан алуан себептерімен қатар, ең бастысы латын мен славян жазуы бір-біріне етене жақын негізгі таңбалардың сұлбасы, жазылу бағыты жақын болып келеді. Сондықтан латын жазуына өтсек сауаттылығымыз төмендейді деген ағайынның уәжі мүлдем орынсыз. Латынға өттік екен деп 75 жыл бойы жарық көрген әдебиеттерден бас тартудың реті жоқ және оларды қайтадан басып шығарудың қажеттілігі шамалы. Себебі латын мен славян жазуы арасында жоғарыда айтып өткеніміздей, бар болғаны бірнеше қаріптің елеусіз ғана айырмашылығы бар. Демек, екі жазу біраз уақыт қатар тұтыныста болатын сыңайлы, ресми болмаса да білім, ғылым саласында. Латын жазуын сауатын жаңа ғана ашқан бала болмаса ересек қазақ контексте оп-оңай түсініп, бірнеше жол оқығаннан соң тайпалып кетері анық. Себебі латын мен криллица жазуы армян, гүржі (груз), корей, қытай, жапон, корей жазуы, араб, иудей сияқты мүлдем өзгеше жүйедегі жазу емес, бір-біріне өте жақын. Қолданыстағы жазуда қала бермей, латын жазуына өту қажеті қанша деген сауалдың жауабы өте қарапайым, әрі әлімге аян жайт – адамзаттың озық ғылым мен техникалық басымдылыққа, ақпараттық технологиялардың зор қарқынмен қарыштап отырған батыстық стандарттарға икемделуге мәжбүр екендігімізді пікір білдірушілер айтудай-ақ қадап айтып жатыр. Латын жазуы әлемнің 112 елінде, бес құрлығында жаппай қолданыста, тіпті иероглифтер пен араб жазуы қолданыстағы елдердің өзінде ресми екінші жазу ретінде мойындалған. Ал, славян жазуы бар болғаны шығыс славяндар мен бұрынғы Югославия құрамындағы бірнеше елде және Моңғолияда ғана қолданылады.

Jsk ақпарат

Автор: admin