• 23 ноября, 2024 3:23 пп

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ БОЛЫП ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Автор:admin

Дек 1, 2022

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Түркістан облысының әкімі болып Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды тағайындалды.
ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин Түркістан қаласына келіп, Түркістан облысының барлық деңгейдегі мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысты. Мәлік Мырзалин Мемлекет басшысының Түркістан облысының әкімі лауазымына Дархан Сатыбалды мен Нұрбол Тұрашбековтың кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқып берді.
Сессияда депутаттарға ұсынылған үміткерлерге дауыс беру ашық түрде жүргізілді. Яғни, халық қалаулыларының дауысы қол көтеру арқылы саналды.
Ашық дауыс беру нәтижесі бойынша қатысқан 293 депутаттың 224-і Д.Сатыбалдының кандидатурасына дауыс берді. Ал 69 депутат Нұрбол Тұрашбековты қолдады.
Сессиядан кейін облыс активінің отырысы өтті. Жиында ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығын оқып берді. Президент Жарлығымен Түркістан облысының әкімі болып Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды тағайындалды.
– Түркістан облысындағы мәслихаттардың депутаттары жаңа талап бойынша облыс әкімін тағайындауға келісім берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дархан Сатыбалдының Түркістан облысының әкімі болып тағайындалғаны туралы Жарлыққа қол қойды. Дархан Амангелдіұлы, сіз ұлылардың еліне, қасиетті Түркістан өңіріне басшы болып тағайындалдыңыз. Ел Президентінің Түркістанға деген ықыласы ерекше екенін білесіздер. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында Түркістанның негізгі инфрақұрылымы қаланды. Әлеуметтік нысандар, ғимараттар бой көтерді. Елдің ахуалы жақсарды. Ел Президенті Түркістанға рухани және тарихи елорда мәртебесін беру мәселесін қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар әлеуметтік және экономикалық шараларды қолға алуды, жұмыс орындарын ашуды жүктеді. Осы міндеттерді орындауда жұмысыңызға сәттілік тілеймін! – деді Мәлік Мырзалин.
Облыс әкімі ел сенімін ақтау жолында бар күшін салатынын жеткізді.
– Бірінші кезекте маған сенімін білдірген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына ерекше алғысымды айтамын. Қолдау көрсеткен облыстық, аудандық және қалалық мәслихат депутаттаттарына да ризашылығымды білдіремін. Өңірді дамыту, білім, медицина салаларын өркендету, кәсіпорындар ашып, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды күшейтеміз. Инфрақұрылым, жол мәселесі де тұрақты назарда болады. Бұған дейін жинаған білімім мен тәжірибемді облысты дамытуға жұмсауға, аянбай қызмет етуге дайынмын. Түркістан облысы – менің туған жерім. Туған жерде жұмыс істеу – абырой және үлкен жауапкершілік, – деді Дархан Сатыбалды.
Дархан Сатыбалды 1974 жылы Келес ауданында туған. С.Сейфуллин атындағы Ақмола ауыл шаруашылық институтын, Қазақ гуманитарлық-заң университетін бітірген. Мамандығы – экономист-менеджер, заңгер. Экономика ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолында Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі бөлім меңгерушісінің орынбасары, Шымкент қаласының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып еңбек етті. Шымкент қаласынан Сенат депутаты болып сайланған. Соңғы жылдары Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды.
2022 жылдың 31 тамызынан бастап – Түркістан облысының әкімі.
«Құрмет» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Автор: admin