Белгігі блогер, Оңтүстіктің тумасы Рысбала Икрамбай бүгін елу бірінші үйдің кілтін Шымкенттік 5 балалы Алуа анаға табыстады. Жыл алдын жарынан айырылған Алуа анамыз жалдамалы пәтерде жағалап келіпті. Алайда, тағдырдың тәлкегіне түскен ананы қалың қазақ көшеде қалдырмады. Алуаның жары өмірден өткеніне бүгін тура бір жыл. Бұған дейін «Қайда құран оқытамын» деп уайымдап жүрген анаға Жаңаталап елді мекенінен осы баспана бұйырды.
Алуа көпбалалы ана: «Бұл өңім емес, түсім сияқты. Әлі де сенер сенбесімді білмеймін. Шынымды айтсам сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әуелі Алла, сосын мына бізді қолдаған халқыма көп-көп рақмет. Рысбала және оның командасына, Қазақ елінің жанашыр жандарына алғысым шексіз. Басымды иіп алғыс айтамын» дейді.
Атап айтқанда, 2020 жылы тұрмыс-тауқіметін кешіп жүрген бір жанды халықтың көмегімен баспаналы қылған болатын. Тұрмысы төмен, қиын тағдырды басынан кешіп, шеттей бала-шағамен үйсіз қалған түрлі санаттағы отбасылардың баспана мәселесін шешуге атсалысып, олардың ақ батасын алып жүр.Әрине, мұның бәрі халықпен бірге жасалынып жатқан игі іс.
Қазір өздерін «Ырысты армия» деп атайтын Рысбала және оның оқырмандары жарынан айырылған аналар мен әкелерге үй алып беріп жүр. Соның нәтижесінде қоғамда қайырымды жандар көбейіп келеді. Осы уақытқа дейін Алматы қаласы және облысынан 33 үй, Шымкент қаласынан 5 үй, Түркістан облысынан 7 үй, Түркістан қаласынын 2 үй, Тараз қаласынан 4 үй берді. Сонымен қатар, ерекше балалардың да еміне қаражат жағынан, көпбалалы аз қамтылған отбасыларға азық-түлік жағынан көмектесуде. Осы іспен көзге түскен ол ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастырылуымен өткен «Жыл волонтеры – 2022» халықаралық сыйлығының «Белсенді волонтерлік қызметі» үшін номинациясының жеңімпазы атанған болатын.
— «Жалғыздың үні шықпайды, жаяудың шаңы шықпайды» дейді қазақ. Жалғыз өзімнің қолымнан ештеңе келмейді. Бұл қалың қазақтың бір-біріне жасап жатқан үлкен көмегі. Қазақ жұртының қонақжайлылығы, бауырмалдығы сондайлық, үй тұрмысына керекті заттар, әр бөлмеге жиһаздарды алып беруге дайын. Сол үшін қайырымдылық десе шын ниетімен үлес қосатын халыққа қара басым қара жерге кіргенше алғыс айтып өтемін,-дейді Рысбала Икрамбай.
Рысбала Икрамбайдың айтуынша қазақың мейірімділігі, әркез қолдау көрсетуі игі бастаманы жалғастыруына себеп болған. Одан бөлек әлеуметтік желі де көп көмегін тигізіп келеді. Бұрын мұң-мұқтажын айтып, қиындығымен бөлісетін құрал болмады. Ал әлеуметтік желі мұқтаж жандар мен халық арасындағы алтын көпір десе де болады. «Ауруын жасырған өледі» деп қазақ тегін айтпаған ғой. Бұған дейін белгілі себептермен мұқтаж жандар ел алдына шыға алмады. Қазір халық «бір қазақ болса да баспаналы болсын» деген оймен қол ұшын созып жатыр.
Айта кетейік, 30 қаңтар күні 49 баспананы Ордабасы ауданы, Темірлан елді мекенінің тұрғыны 4 балалы жалғыз басты, жарынан айырылған Ғабит Құрманбековке берілсе, 31 қаңтар күні 50-ші баспананың кілтін Қазығұрт ауданының тұрғыны 8 баланың анасы Перизат Момынқұловаға табыс етілді.