Білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу еңбек және білім беру заңнамаларының нормаларына сәйкес айқындалып,
- білім деңгейіне;
- біліктілігіне;
- жұмыс өтіліне;
- еңбек жағдайларына;
- орындалатын жұмыс көлеміне байланысты жүргізіледі.
Мұғалімдердің лауазымдық ақысы (ЛА)атқаратын лауазымдарының функционалдық блоктарға жатқызылуына және мамандығы бойынша жұмыс өтіліне, тағайындалған біліктілігіне қарай төленеді. Оны есептеу үшін бекітілген тиісті коэффициентті базалық лауазымдық ақының (БЛА – 17 697 теңге)мөлшеріне көбейту қажет.
Қосымша ақы
«Білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне қосымша ақы төлеу ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысының (бұдан әрі – Еңбекақы төлеу жүйесі) 18-қосымшасына сәйкес жүзеге асырылады», – делінген Білім және ғылым министрлігінің Informburo.kz ресми сұраухатына жауабында.
«Педагог мәртебесі туралы» заңына сәйкес, мемлекеттік орта білім беру ұйымында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогке негізгі жұмыс орны бойынша ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі үшін 10 еселенген АЕК (бүгінде 1 АЕК – 2 778 теңге) мөлшерінде қосымша ақы белгіленген.
Көрсетілген қосымша ақы тиісті дипломы болған жағдайда және негізгі жұмыс орны бойынша нақты жүктемеге қарамастан белгіленеді.
Қосымша ақы мөлшері:
- 1-4 сыныптарға жетекшілік еткені үшін – БЛА-ның 50% мөлшері (шамамен 9 мың теңге);
- 5-11(12) сыныптарға жетекшілік еткені үшін – БЛА-ның 60% мөлшері (шамамен 10 мың теңге);
- техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында топқа жетекшілік еткені үшін БЛА-ның 50% мөлшері (шамамен 9 мың теңге).
Дәптер және жазбаша жұмыстарды тексеру ақысы
1-4 сынып мұғалімдеріне дәптер мен жазбаша жұмыстарды тексергені үшін БЛА-ның 40% мөлшерінде (шамамен 7 мың теңге) қосымша ақы белгіленген.
Оқу орыс тілінде жүретін мектептерде (сыныптарда) қазақ тілі мен басқа да ұлттық тілдерді және оқу ұлттық тілдерде жүретін мектептерде (сыныптарда) орыс тілін 1-4 сыныпта оқытатын пән мұғалімдеріне дәптер мен жазбаша жұмыстарды тексергені үшін БЛА-ның 50% мөлшерінде (шамамен 9 мың теңге) қосымша ақы төленеді.
Жазбаша жұмыстарды тексергені үшін 5-11(12) сынып мұғалімдеріне БЛА-ның 50% мөлшерінде (шамамен 9 мың теңге) қосымша ақы белгіленген.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қазақ, орыс тілдері, басқа ұлттық тілдер мен әдебиет бойынша, математика, химия, физика, биология, шет тілі, стенография, сызу, құрастыру, техникалық механика бойынша пәндерінің оқытушыларына БЛА-ның 40% мөлшерінде (шамамен 7 мың теңге) қосымша ақы қарастырылған.
Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша бастауыш, негізгі және жалпы орта білім берудің оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне БЛА-ның 30% мөлшерінде (шамамен 5 мың теңге) қосымша ақы қарастырылған.
Ағылшын тіліндегі оқу бағдарламасы
Физика, химия, биология, информатика пәндері бойынша негізгі және жалпы орта білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің оқу бағдарламаларынағылшын тілінде оқытатын ұстаздарға БЛА-ның 200% мөлшеріне дейін (яғни, 2 есеге дейін) қосымша ақы төлеу көзделген. Ол оқу бағдарламаларын толық ағылшын тілінде оқытқан жағдайда тағайындалады.
Базалық лауазымдық айлықтың 100% мөлшерінде қосымша ақы – оқу бағдарламаларын ағылшын тілінде ішінара оқытқан жағдайда тағайындалады. Яғни, жалпы білім беретін мектептер, мамандандырылған білім беру ұйымдарында 7-9 сыныптарда вариативті компонент есебінен ағылшын тілінде сабақтың жеке кезеңдерін өткізу, терминологияны оқыту және жекелеген бөлімдерді оқыту болып табылады.
«Бұл ретте мұғалімдердің дайындық деңгейі пәнді ағылшын тілінде 100% меңгеруіне сәйкес, оқушылардың дайындық деңгейі – ағылшын тілін А2 және одан жоғары деңгейде меңгеруіне сәйкес, ағылшын тілінде оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендерді (оның ішінде – билингвалды) 100% қамтуы қажет екенін атап өтеміз»– делінген министрліктің ресми жауабында.
Еңбекақы калькуляторы
Мұғалімдер еңбекақысының дұрыс есептелуін тегін онлайн калькулятор арқылы қадағалай алады. Калькулятор FavorIT сайтында орналасқан. Калькуляторды қолдану нұсқаулығымен мына жерден танысуға болады.
Бастысы – калькулятор дұрыс нәтиже беруі үшін шынайым мәліметтерді енгізу қажет. Егер оның нәтижесі мен сіздің еңбекақыңызда айырмашылық болса, онлайн калькулятор есебін қағазға шығарып, мектеп бухгалтеріне қайта санатуға болады.
Есте сақтаңыз: Еңбек кодексіне сәйкес, бухгалтер сізге ай сайынғы еңбекақыңыз бен ондағы төлемдер, аударымдар жайлы анықтама беруге міндетті.
Еңбек қатынастары бойынша туындаған сұрақтармен облыстық, аумақтық кәсіподақ ұйымдары мен білім бөлімдерінің өкілдеріне хабарласуға болады. Біз ең жиі қойылатын 6 сұрақтың жауабын осы материалда ұсынып отырмыз.
№1. Кем ақшаны өндіріп алуға бола ма?
Иә. Мектеп әкімшілігіне барып мәселені шешіп көріңіз. Еш нәтиже болмаса, кәсіподақ төрағасына арыз жазасыз. Содан әрі қарай аудандық, қалалық, облыстық кәсіподаққа арыздануға болады.
№2. Базалық коэффициент қалай есептеледі?
Базалық коэффициент білім, жұмыс өтіліңіз бен санатыңызға қарай есептеледі және өзгеріп отырады. Базалық қызмет ақысын коэффициентке көбейткенде қызмет ақысы шығады.
№3. Еңбек демалысы ақысы қалай есептеледі?
Еңбек демалысы ақысы сіздің әр айдағы табысыңыздың жиынтығын сол айлардағы жұмыс кундерінің жалпы санына бөлгенде бір күндік жалақыңызды шығару арқылы сізге неше күн еңбек демалысы берілгеніне байланысты есептеледі.
Қазақстанда мұғалімдердің еңбек демалысы – 56 күн:
- 5 күндік мектеп мұғаліміне – 40 жұмыс күнінің;
- 6 күндік мектеп мұғаліміне 48 жұмыс күнінің ақысы есептеледі.
№4. Еңбек демалысы ақысы қанша күн ішінде төленуі керек?
Жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу – демалыс басталғанға дейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірілмей, ал еңбек демалысы демалыстар кестесінен тыс берілген жағдайда, ол берілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі. Заңсыздық орын алса, сенім телефонына хабарласып, мән-жайды баяндап, прокуратураға арыз не өтініш жазып қалдырасыз.
№5. Сауықтыру жәрдемақысы қалай есептеледі?
Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын берген кезде сауықтыруға арналған жәрдемақының мөлшері аптасына белгіленген нақты оқу жүктемесі есебінен анықталады. Сауықтыру сіздің нақты сағаттарыңызға төленеді.
Сауықтыру ақшасы үстемеақыңызды есепке алмай, қызметақыңызды ғана ескере отырып есептеледі:
17 697 (базалық жалақы)×базалық коэффициент÷18×өзіңіздің нақты сағат саныңыз+25% (ауылдық жер болса).
№6. Мұғалім оқушысының жетістігі үшін сыйлықақы ала ма?
Халықаралық олимпиада, байқау және спорт жарыстарында жеңімпаз атанған оқушыны дайындаған мұғалім мемлекеттік білім беру ұйымының экономиясы есебінен үш қызметақы көлемінде сыйақы ала алады.