• 22 ноября, 2024 5:24 дп

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ СУБСИДИЯЛАУ САЛАСЫНА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ СЫРТҚЫ ТАЛДАУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Автор:admin

Авг 12, 2021

Ауыл шаруашылығы — ел экономикасы үшін айрықша маңызға ие негізгі ресурстардың бірі. Бұл ретте, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйек күні Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп бастама көтеріп, бұл салада әлі де шешімін таппаған өзекті мәселелердің бар екендігін тілге тиек еткен еді.
Сондай-ақ, Ел Президенті өткен жылы субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламасы аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажеттігін тапсырып, халықтың негізгі күнкөріс көзі саналатын ауыл шаруашылығы саласын дамытуға барынша күш салу қажеттігін міндеттеген болатын.
Бұл ретте, бүгінгі күні мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын ілгерілетуге айрықша басымдық беріліп, өнім өндірушілерге жаңа мүмкіндіктер мен субсидиялар және жеңілдікпен несие берудің түрлері қарастырылып келеді.
Дегенмен, ауыл шаруашылығын көш ілгері дамыту мақсатында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан түрлі мемлекеттік қолдауларға қарамастан, аталған салада жүйелі кемшіліктер мен кедергілер орын алуда.
Осыған орай, кемшіліктерді жою мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылдың 15 шілде – 15 тамыз аралығында агроөнеркәсіптік кешендегі субсидиялау саласына ауқымды талдау жұмыстарын жүргізуде.
Талдау жұмыстарының негізгі мақсаты – субсидияларды алу үшін өтінімдерді тапсыру сәтінен бастап, оны берудің ашық, әрі әділ жүйесін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық пен бюрократия деңгейін төмендету, бизнес жүргізуге кедергі келтіретін әкімшілік кедергілерді жою болып табылады.
Бұл мақсатта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша Департаменті облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының қызметінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сыртқы талдау жұмыстарын жүргізіп, барлық нормативтік құжаттар, субсидиялар берудің тәжірибесі, қылмыстық істер мен сот шешімдері, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің шағымдары мен өтініштерін талдау жұмыстарын жүзеге асыруда.
Осы орайда, өңір тұрғындарын облыс аумағында субсидия алу саласы бойынша қандай да бір кедергілер мен әуре-сарсаңдар туралы не болмаса ауыл шаруашылығында бизнес жүргізуге кедергі келтіретін әкімшілік кедергілер туралы мәліметерден хабардар болса, Агенттіктің taldau@antikor.gov.kz электрондық поштасы мен +7 778 668 99 20 WhatsApp нөміріне немесе Департаменттің taldau_13@mail.ru электронды поштасына жолдауын сұранамыз.
Барлық проблемалық сұрақтар мен бұзушылықтардың нақты фактілері бойынша жоғарыда көрсетілген байланыс құралдары арқылы хабарласу қажеттігін жеткіземіз.
Ауыл – егемен еліміздің алтын бесігі әрі Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі екенін ескере отырып, оның өсіп-өркендеуі жолында әрбір ел азаматын сүбелі үлес қосуға және агроөнеркәсіп кешенін дамытуға тұсау болған кедергілермен күресуде белсенді болуға шақырамыз!

Jsk ақпарат

Автор: admin