• 22 ноября, 2024 12:01 пп

Әрине, алдағы белес бұдан да жоғары болуын қалаймыз. Бүгінгі таңда Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы бір жылда өнеркәсіп өнімінің көлемін 710 млрд. теңгеге жеткізуді межелеп отыр. Ал, өнеркәсіп саласының басым бөлігін құрайтын өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемін 623 млрд. теңгеге немесе 2020 жылға қарағанда 102,0 пайызға арттыру ойда бар. Бұл орайда Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Шымкент қаласы әкімдігі арасындағы түзілген меморандумға сәйкес 2021 жылға жоспарланған негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 315 млрд. теңгені құрайтынын тілге тиек ете кетсек дейміз. Оның ішінде мемлекеттік жобалар (212 жоба) – 95,2 млрд. теңге, МЖӘ бойынша жобалар (23 жоба) – 5,4 млрд. теңге, жаңғырту бағдарламасын іске асыратын ірі кәсіпорындар (10 жоба) – 46,8 млрд. теңге, өнеркәсіп саласы (28 жоба) – 44,8 млрд. теңгені құрайды. Ал, «Shymkent» ӘКК» АҚ арқылы іске асырылатын жобалар саны – 42 (33,2 млрд.теңге) 2021 жылы өнеркәсіп көлемін 2020 жылға қарағанда 102,5%-ға дейін өсіру межеленген. Аталған көрсеткішке жету үшін ірі жобаларды іске қосу, қосылған жобалардың жүктелуін арттыру және жұмыс жасап жатқан кәсіпорындардың өндіріс көлемін ұлғайту арқылы қол жеткізілетін болады. Мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту үлесі есебін 2021 жылы автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Астаналық «Datanomix» компаниясының «мемлекеттік сатып алуды талдау және көрсету жүйесін» енгізудің коммерциялық ұсынысы алынып, бюджетке ұсынылды. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 2020 жылы 69 781 болса, биыл оны 77 мыңға жеткізу жоспарлануда. Бұл тағы да қосымша жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз. Шымкенттік тауар өндірушілерді қолдау мақсатында жәрмеңке, көрме ұйымдастыру ісі де өз жалғасын табатын болар… Міндетті түрде. Маусым айында «Made in Shymkent» көрмесін өткізуді жоспарлаудамыз. Осыған орай, шымкенттік тауар өндірушілер өнімдерінің каталогы әзірленеді. Сонымен бірге, Фронт офис құрылады. Осылайша мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту, оның ішінде шымкенттік кәсіпорындардың үлесін ұлғайту мақсатында жаңа механизм қолданылмақ. Ол бойынша жергілікті атқарушы органдардың бағдарлама әкімшілері (аудан әкімдіктері мен салалық басқармалардың, ведомствоға қарасты мекемелер, мемлекеттік жеке серіктестік жобалар бойынша)жылдық сатып алу жоспарларын басқармаға ұсынады. Ұсынылған материалға сараптама жасалынып, қаламызда өндірілетін тауарлардың көлемі мен сомасы, сондай-ақ, ЖСҚ ішіндегі құрылысқа жоспарланған материалдар мен жабдықтар айқындалатын болады. Деректер базасы Фронт офиске ұсынылады.Талдау нәтижесімен жергілікті өндіруші кәсіпорындар және бюджеттік әкімшілер хабардар етіледі. Өз кезегінде қаламыздың кәсіпкерлері Фронт офиске өздерінің шығаратын өнімдері жөнінде деректерін ұсынады, ал бюджеттік әкімшілер — жергілікті өндірушілердің өніміне бейімдеу мақсатында техникалық ерекшеліктеріне өзгерістер енгізеді. Фронт офис оператор ретінде үйлестіру жұмыстарын жүргізетін болады. Қазіргі кезде аудан әкімдіктері мен салалық басқармалардан сатып алу жоспарлары жинақталуда.

Jsk ақпарат

Автор: admin