• 24 ноября, 2024 11:47 дп

Шымкент кәсіпкерлікті қолдайтын орталық!

Автор:admin

Апр 9, 2023

Шуақты Шымкент қаласы бұрыннан-ақ іскерлік байланыс пен экономикалық әлеуеті зор, туризм мен кәсіпкерліктің орталығы саналған. Тұрғындары пысық келетін шаһарда соңғы жылдары кәсіпкерлікпен айналысатын жандардың қатары артып, орта және шағын бизнес орындары көбейіп келеді. Кәсіп бастау – оңай іс емес. Сондықтан бұл салаға елімізде үлкен көңіл бөлініп келеді. Көптеген мемлекеттік бағдарламалар, жобалар қолға алынып, кәсіпкерлік саласының гүлденуіне жол ашуда. Мұндай мүмкіндікті шымкенттіктер де құр жібермей, мемлекеттік көмекті пайдаланып, кәсіп бастап, әрі қаланың өсіп-өркендеуіне үлес қосуда.  ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету бойынша берген тапсырмасына сәйкес Шымкентте 1500-ге жуық кәсіпкерге көмек көрсетілу жоспарланған.  Мәселен, 1 мыңнан астам кәсіпкерге «Бизнестің жол картасы-2025» «Қарапайым заттар экономикасы» және «Жұмыспен қамту жол картасы» сынды мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде 8,7 млр теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсету жоспарлануда. Одан бөлек мемлекеттік бағдарламалардан тыс жергілікті деңгейде «Мен кәсіпкер боламын» және «Іскер қала» арнайы іс-шаралар жоспары шеңберінде 1,0 млр теңгеге 200-ге жуық бизнес өкілдеріне жеңілдетілген несиелер ұсынылады. Сонымен қатар өндірістік алаңдарының жалдау ақысының бір бөлігін өтеп беру арқылы қолдау көрсетілетін болады. Түрлі деңгейдегі қолдаулардың арқасында іс-әрекеттегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің санын 30 пайызға өсіру жоспарлануда. 2025 жылға қарай 100 мың кәсіпкерлік субъектілеріне жеткізу болжануда. Сонымен қатар, 2025 жылға дейін шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін жалпы өңірлік өнімде 45 пайызға жеткізу көзделуде. Бұл – ауқымды бастама дейді мамандар. Сәйкесінше, қолға алынып жатқан шаруа да қыруар. Айта кетейік, салаға жауапты басшылар қалада бизнестің жұмыс істеуіне оң жағдай тудыру үшін барынша күш салып келеді. Ең алдымен бизнес-ортаға түсетін әкімшілік қысымды азайтуға ерекше көңіл бөлуде. Мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеу арқылы бизнестің құқығы мен заңды мүддесін қорғау, тексеруді азайту, бақылау және қадағалау жүйесін жетілдіруге қол жетті. Және кәсіпкерлерге қаржылай көмек көрсету,  кәсіп бастаймын деп ниеттенген жандарды оқыту да жолға қойылған.

Jsk ақпарат

Автор: admin