• 23 ноября, 2024 4:16 пп

Қазақстан Республикасы өз егемендiгiн алып, нарықтық қатынастарға өтуде ең алғашқы мiндет – ол экономиканы ырықтандыруға, шаруашылық жүргiзудi демократияландыруға негiзделген, инфляцияны тежеуге бағытталған қатаң қаржы – ақша саясатымен ұштастырылған түбегейлi реформа жүргiзу болатын.  Шымкент халқы базар, сауда жасау жағынан да алдына қара салдырмайтыны жасырын емес. Десек те, бүгінде қала жайма базарлардан арыла бастаған. Тіпті орталықта орналасқан көне базарлар қала сыртына көшіріліп, халықтың сауда жасау мәдениеті қалыптаса бастады. Қазір Шымқалада жаңа форматтағы бірнеше ірі сауда орталығы бой көтеріп, халыққа қызмет көрсетуге кіріскен. Бұл ретте Мега, Метро, Магнум, Фиркан, Шымкент плаза сынды ойын-сауық және сауда орталықтарын айтуға болады. Кеңес үкіметі ыдырай салып, тоқырауға ұшыраған Шымкент қаласындағы Фосфор, Шина зауыттарының орнына «Оңтүстік» индустриялық аймағы құрылды. Қазіргі таңда бұл аймақта жаңа технологиямен жабдықталған 41 кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл жерде 3 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып отыр. Сонымен қатар тоқыма класстерін дамыту үшін қалада «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Бұл аймақта қазіргі таңда 10 кәсіпорын жұмыс істесе, онда 2 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты. 900 мың тұрғынның тамағын тауып беру де оңай шаруа емес. Қалада орташа есеппен жылына тұтынушыларға қажетті 8 мың тонна ет, 148 млн дана жұмыртқа, 44 мың тонна сүт өндіріледі екен. Халық көкөністен де қол үзіп қалмауы үшін Шымкентте 123 га жылыжай іске қосылыпты. Эспортсыз шағын және орта бизнесті дамыту – тек қиял ғана. Бұл түйткілді қала басшылығы көлік-логистикалық орталығын салу арқылы шешпекші екен. Жергілікті өнімдерді экспортқа шығару мақсатында Шымкент аэропортының маңында 112 га жерге көлік-логистикалық орталығы салынып жатыр. Жоспар бойынша бұл орталықта 8 жобаға жеке инвестиция есебінен 28 млрд теңгеге алаңы 242,5 мың шаршы метр ғимарат салу көзделген. Нәтижесінде 800 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 1,4 млн тонна жүкті қабылдап, өңдеуге мүмкіндік туады.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin