• 24 ноября, 2024 6:53 пп

БЖЗҚ салымшыларының таза инвестициялық кірісі 336 млрд теңгеден асты

Автор:admin

Май 18, 2023

       

2023 жылғы қаңтар-наурыз аралығында БЖЗҚ салымшыларының шоттарына есептелген таза инвестициялық кіріс 336,3 млрд теңге деңгейінде қалыптасты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткіштерінен 40,5 млрд теңге немесе 14% артық. Қазақстан Ұлттық Банкінің басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша кірістілік соңғы 12 айда 6,63% болды.

Естеріңізге сала кетейік, инвестициялық кірісті қаржы құралдары бойынша сыйақы түріндегі кірістер (салымдар, «кері РЕПО» операциялары, купон немесе дисконт, акциялар бойынша дивидендтер), бағалы қағаздар, шетел валютасы, өзге де активтерді нарықтық қайта бағалау түріндегі кірістер, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және т. б. құрайды.

2014 жылдан бастап (барлық зейнетақы активтерін БЖЗҚ-ға біріктіру аяқталғаннан кейін) инвестициялық кіріс 7,3 трлн теңгеге жетті. Ал 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған күннен бастап бүкіл кезең ішіндегі жинақталған инфляция 702,96% болғанда, жинақталған инвестициялық кірістілік өспелі қорытындымен 751,1% көрсетті.  

           Зейнетақы жинақтары ұзақ мерзімді инвестициялар  және инвестициялық кірістің мөлшерін кем дегенде 1 (бір) жыл кезеңінде талдаған жөн екенін естеріңізге саламыз. Қысқа мерзімді деректер (апталық, айлық және т.б.) көрсеткіш бола алмайды, өйткені, олар нарықтық жағдайда жиі ұшырасатынауытқуларға тәуелді.

           Инвестицияларды басқару мен зейнетақы активтерін есепке алудың бүкіл жүйесі қолжетімді және ашық: әрбір салымшы өзінің инвестициялық кірісінің өсу серпінін enpf.kz сайты немесе ұялы қосымшадағы Жеке кабинеттен көре алады. Зейнетақы активтерін қайта бағалау апта сайын және айдың соңғы күнінде жүргізіледі.

           БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және олар орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат Қордың (www.enpf.kz) ресми сайтындағы «Көрсеткіштер/Инвестициялық қызмет» бөлімінде жарияланады.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kzсайтында).

Автор: admin