• 25 ноября, 2024 8:49 дп

Шымкент: жаңадан қабылданған мемлекеттік қызметшілерімен кездесу өтті

Автор:admin

Май 18, 2023

Бүгін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығы алаңында Шымкент қаласының жергілікті атқарушы органдарына жаңадан қабылданған мемлекеттік қызметшілерімен кездесу өткізілді.  

Жаңадан қабылданған қызметшілермен кездесуде Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Шәкір Асылханұлы Сұлтанхан, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақжол Батырұлы Қалшабек және Шымкент қаласы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Мұратжан Омарбекұлы Акишев өзекті мәселелер туралы сөз қозғады.

Ұйымдастырылып отырған кездесу мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтау, олардың тұлғалық болмысы мен ұстанымдарын жетілдірудің өзекті мәселелеріне арналды.

Кездесу барысында Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Ш.Сұлтанхан жаңадан қабылданған мемлекеттік қызметшілерге қызметтік әдеп талаптарын сақтау мәселелері жөнінде сөз қозғап, қазіргі таңда Агенттікпен мемлекеттік қызметшілердің құндылық ұстанымдарын қалыптастыруға, рухани-адамгершілік тұрғысынан дамуына бағытталған, қызметшілердің мемлекеттік басқару жүйесіндегі қызметін сапалы түрде кәсібилендіруді көздейтін арнайы құжат жобасын дайындау қолға алынғанын атап өтті.  

Кездесуде филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметовтың шәкіртіфилология ғылымдарының кандидаты, доцентА.Қалшабек мемлекеттік қызметшілерге Абай Құнанбайұлының «толық адам» ілімінің этикалық негіздерін ақынның жырлары мен «Қара сөздер» прозасында көтерілген өзекті мәселелермен ұштастыра отырып мемлекеттік қызметші болмысы жөнінде сөз қозғады.

Сонымен бірге, А.Қалшабек Абайдың «толық адам» концепциясының мемлекеттік қызметшінің тұлғалық болмысын жетілдіруде маңызды орын алатынын айтып өтті және қатысушыларға мемлекеттік қызметшілердің елдік және қоғам мүдделеріне әділ әрі адал қызмет етуге, өз күш-жігері мен білімін, біліктілігі мен тәжірибесін Отанымыздың дамуына барынша бағыттауға шақырды.

Кездесу соңында қатысушылар «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының мұражайындаА.Құнанбайұлының және М.Әуезовтың шығармашылығымен танысты.

Автор: admin