• 23 ноября, 2024 4:25 дп

Ұлттық құрылтайдан үміт көп!

Автор:admin

Июл 18, 2023

Құрылтайдың алғашқы отырысы өтетін күннен бір күн бұрын Ұлттық құрылтайды құру туралы Мемлекет басшысының Жарлығы шықты. Жар­лықта Ұлттық құрылтайдың ережесі мен құрамы, негізгі міндеттері, сонымен қатар жұмыс тәртібі бекітілді. Жарлыққа сәйкес, Ұлттық құрылтай Президент жанындағы консультативтік кеңесші орган деп бекітілді. Жаңадан құрылатын Ұлттық құрылтайдың бағыты мен ерекшелігі қандай болмақ? Оны құрудың қан­дай маңызы бар? Құрылтайдың Төрағасы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Төрағаның орынбасарлары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, «Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай, ал хатшы қызметіне Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева бекітілді. Одан бөлек, құрылтайға мүше 113 адамның тізімі жарияланды. Олардың біразы – Қоғамдық сенім кеңесіне мүше болғандар. Құжатқа сәйкес, Төраға Ұлттық құрылтайдың қызметін басқарады, құрылтайдың отырыстарын өткізу орны мен уақытын айқындайды, Төрағаның орынбасарларына, Ұлттық құрылтайдың мүшелеріне және хатшысына тапсырма береді. Төраға орынбасары Мемлекеттік кеңесші құрылтай отырыстарының күн тәртібін бекітеді және Төрағаның тапсырмаларын орындайды. Хатшы белгілі бір мәселеге байланысты белгіленген тәртіппен сарапшылар, ғалымдар мен мамандардың басын қосады, Ұлттық құрылтай отырыстарын ұйымдастырып, өт­кізеді, оған қоса Төрағаның және Төраға орынбасарларының тапсырмалары бойынша басқа да жұмыстарды атқарады. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор, бизнес-қауымдастықтар, сарапшылар қоғамдастығы және облыс­тар­дың, республикалық маңызы бар қала­лар­дың, астананың қоғамдық кеңестері өкілдерінен жасақталған құрылтайдың құрамы кезең-кезеңмен, ротация жүргізу тәртібімен жаңар­тылып тұратыны да айтылған. Ұлттық құрылтай мүшелері жұмыс жоспары, отырыстардың күн тәртібі мен талқылауға ұсыныс айта алады, материалдарды дайындауға қатысуға, құрылтайдың отырысында қаралатын мәселелерді қоғаммен талқылайды және түсіндіреді. Құрылтай мүшелері өз құзыретін басқа азаматтарға бере алмайды. Құжатта құрылтайдың негізгі 3 міндеті ай­қындалған: қоғам бірлігін дамыту, жал­пыұлт­тық құндылықтарды нығайтуға бай­ла­нысты ұсыныстарды тұжырымдау және енгізу; жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету; заңнамаға қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру. Құрылтайдың өту тәртібі бойынша оның отырыстары қажеттігіне қарай, жылына кемінде бір рет өткізілуге тиіс. Егер Ұлттық құрылтайдың отырысына оның мүшелерінің жалпы санының кемінде жартысы қатысса, оның құқықтық күші бар деп саналады. Сонымен қатар отырыстарға Төрағаның шешімі бойынша құрылтайға мүше емес лауазымды тұлғалар, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылуы мүмкін екені жазылған. Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстар мен бастамалар айтылған күйі қалмайды, сол мәселенің бағытына байланысты мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктерге жолданады. Жауапты органдар оларды қарап, шара қабылдап, жұмыс нәтижесі туралы мәліметті құрылтай мүшелеріне белгіленген тәртіппен жолдайды. Құрылтайдың жұмысы, онда айтылған, қаралған, талқыланған мәселелер бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отырады. Әу баста айтып өткеніміздей, құрылтайдың алғашқы жиыны жаңадан құрылған үш облыстың бірі – Ұлытауда өтеді. Ұлытау қазақтың ерте кездегі саяси орталығы ретінде маңызды болғаны тарихтан, тарихшылардың нақты зерттеу еңбектерінен белгілі. Ұлттық құрылтай жалпыхалықтық диалог платформасына айналуға тиіс екені, осылайша тарихымыздағы дала демократиясы дәстүрі, Ұлытау, Ордабасы мен Күлтөбедегі келелі кеңестер жаңғыратынын Мемлекет басшысы осы құрылтайды құру туралы алғаш бастама көтергенде айтып өткен болатын.

– Біз бірліктің бастауы болған дала демократиясының бастауын жалғастыруымыз керек. Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институтционалдық моделін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың ара­сындағы дәнекерге айналатын болады. Қа­зіргі қоғамдық кеңестің бәрін өз ай­на­ла­сына топтастырады. Ұлттық құрылтайдың құра­мында барлық аймақтың өкілдері бо­лады. Сондай-ақ оған Парламенттің бір­қа­тар депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Аза­маттық альянс, қоғамдық кеңес пен ұйым­дардың мүшелері, белгілі мемлекет қай­раткерлері және тағы басқалар кіреді, – де­ген еді Мемлекет басшысы.

Бүгін өтетін құрылтайдың негізгі ба­ғы­ты мен бағыт-бағдары туралы ұлт­тық құрылтай мүшелерінен сұрап көрдік. Олар­дың айтуынша, құрылтайдың негізгі мақ­саты – қоғамды жұдырықтай жұмыл­дыру, бірлік пен ынтымақты нығайтып, бір жа­ғадан бас, бір жеңнен қол шығару, тек сон­да ғана ел жаңарып, өшкеніміз жаңғыра­ды, болашағымыз айқындалады.

 

Ерлан САЙЫРОВ,

Мәжіліс депутаты,

Ұлттық құрылтай мүшесі:

 

Ұлттық құрылтайдың ең негізгі міндеті – елдің бірлігін, ынтымағын нығайту

 

– Ұлттық құрылтайдың ең негізгі мінде-ті – қазіргі өте күрделі, шиеленісіп тұрған гео­саяси жағдайда біздің елдің бірлігін, ын­ты­мағын нығайту, ұлттық консолидация те­тіктерін әзірлеу. Яғни, ең негізгі мақсат – мем­лекетіміздің моральдық, рухани, саяси дамуы үшін қандай алғышарттар керек еке­нін анықтау. Болашақ ұрпаққа мығым, мыз­ғымас мемлекетті аманаттап тапсыру үшін еліміздің тұғырнамасы қандай болуы ке­рек екенін анықтауға тырысу. Дүниежүзінде құндылықтар қақтығысы болып жатыр. Ұлттық құрылтай сыртқы оқиғалардың елі­міздегі ахуалға әсерін азайтып, әртүрлі сая­си көзқарастағы жандардың басын қосу­ды көздеуі керек. Біздің ұстанымымыз, кей­бір мәселеге қатысты пікіріміз басқаша бол­ғанымен, ортақ құндылығымыз – Қазақ­стан­ның тәуелсіздігін сақтап қалуда бірігуі­міз керек. Ең алдымен әлеуметтік әділетсіздік, эко­номикадағы монополия секілді өзекті мә­селелерді шешіп алмай, қоғамды тұтастай біріктіру мүмкін емес.

 

Светқали НҰРЖАН,

ақын,

Ұлттық құрылтай

мүшесі:

 

Түп қазығымызға оралып, болашақты бағдарлайтын келелі жиын өтетініне сенемін

 

– Ұлттық құрылтайдан үмітім үлкен. Ең ал­­дымен айта кететін нәрсе – бұл бас­та­ма­ның ым-ишара, ырымының өзі ерекше. Жиын­ның баяғы бабаларымыздың ізін жал­ғастырып, Ұлытау жерінде Жошы ханның ба­сында өткізілгелі отырғанының өзі мем­ле­кетіміздің шынымен де өз түп қазығына ора­лып, сол арқылы болашаққа бағытын бағ­дарлайтын үлкен, келелі жиын болады де­ген сенімнің ұшқынын ұялатады.

Қазақ даласында талай-талай құрыл­тай өткені белгілі. Әбілқайыр ханды бас сардар сайлаған 1710 жылғы Қарақұм құрыл­тайы бар, Мәртөбеде өткен, Күлтөбеде, Ор­дабасында, Ұлытауда өткен жиынның бар­лығы біздің тұғырлы кезеңдерімізде де, сын­дарлы кезеңдерімізде де, қиын-қыстау кез­дерімізде де күш алып, рух алып отыра­тын қасиетті ордаларымыз болған ғой. Ал бұл құрылтайда еліміздің мемле­кет­тігін баянды ететін, ұлтымызды тұғырлы ете­тін, елге рухани серпін беретін мәселелер қам­тылады деп есептеймін, соған үміт етет­мін.

 

Сенім кеңесі сенімді ақтай алды ма?

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы шешім Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде айтылған еді. Кеңес Президент жанындағы консульта­тив­тік-кеңесші орган ретінде жұмыс істеді. Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесі несімен есте қал­ды? Ұлттық деген сөздің жүгін көтере­тін­дей нендей маңызды мәселелер көтерілді?

Сенім кеңесінің ресми сайтында ор­ган­­ның негізгі мақсаты халық, саяси пар­тиялар, азаматтық қоғам өкілдерінің тал­қылауынан өткен мемлекет саясатындағы өзек­ті мәселелерге байланысты ұсыныстар мен ұстанымдарды жинау екені айтылған.

Жалпы, органның мақсаты мемле­кет­тік бағдарламалар және норма­тив­тік-құқықтық актілердің жобасына қо­ғам­дық сараптама жасау, маңызды страте­гия­лық проблемаларды талқылау, оған қа­тыс­ты жұртшылықтың пікірін ескеру, халық пен билік, мемлекеттік органдардың арасын­да диалог орнатуға ықпал ету болды.

3 жылда Сенім кеңесінің көтерген бас­та­маларының біразы заңмен бекітілген екен. Ресми мәліметке сүйенсек, бейбіт жиын­дар­ды өткізу тәртібінің өзгергені, сайлаудағы пар­­тия тізіміне әйелдер мен жастардың 30 пайыз квотасының енгізілгені, өлім жаза­сы­на тыйым салынғаны, педофилдерге қол­да­на­тын жазаның күшейгені, саяси партия­ларды тіркеу межесі төмендетілгені, сайлау бюл­летеніне «Бәріне қарсымын» графасы енгі­зілгені, саяси партиялардың мәжіліске өту шегі төмендетілгені, ауыл әкімдерін тіке­лей сайлау және ең бастысы – шетел азамат­тарына жерді сатуға және жалға беруге тыйым салынғаны осы кеңес жұмысының нә­ти­жесі екені айтылады.

Нақты сандармен дәйектейтін болсақ, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде айтылған мәселелер бойынша 100-ден астам нормативтік-құқықтық акті қабылданған екен. Соның ішінде Президент Жарлықтары, үкімет қаулылары мен заңдар бар.

Мәселен, Президенттің биылғы Жол­дауын­да айтылған тапсырма­лар мен жүктелген міндеттердің біразы, рефе­рен­думға шығарылған ұсыныстардың кей­бірі Сенім кеңесінде бастама ретінде кө­теріл­ген.

Соның ішінде Президенттің партияға жетекшілік етуіне тыйым салу, әкім­дердің партия филиалдарын басқару құ­зыретін шектеу, Мәжіліс депутаттарын ара­лас жүйемен сайлау, сайлаудағы бақы­лау­шы­лардың құқықтары мен міндеттерін ай­қын­дау, саяси партияны тіркеуге қажет адам са­нын азайту, Мәжілістегі Ассамблеяның кво­тасын қысқарту сияқты күн тәртібіндегі өзек­ті болып тұрған мәселелерді айтып өту керек.

Яғни, осыған дейін тізбектеп айтқан мәліметтер Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сінде көтерілген мәселелер жетер жеріне жетіп, мақсат орындалды деп айтуға мүм­кіндік беретін сияқты. Кей сарапшы­лар­дың сөзіне сүйенсек, орган өз миссиясын сәт­ті орындаған, сонымен қатар Сенім кеңе­сі Конституция реформасына ықпал етті деген де пікір айтылып жүр.

 

Марат БӘШІМОВ,

Еуропалық

құқық және

адам

құқықтары жөніндегі институт директоры:

 

Қоғамдық саяси кеңес құрыл­маған болса, референдум да, реформалар да болмас еді

 

– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі саяси-құқықтық реформалардың моделінің жасақ­талуына үлкен үлесін қосты. Осылайша, тізе беруге, жалғастыра беруге болады, Ұлттық кеңес үлкен-үлкен мәселелерді көтеріп отыр­­ды. Оның ішінде тұтынушылардың құ­қы­­ғын қорғау мәселелері, жалпы адам құ­қық­тары мәселелері қаралды. Ал қарапайым аза­маттың құқығын қорғайтындар аз. Сөз бос­тандығы мәселесі көтерілді, ол да де­мо­к­ра­тиялық дамудың бір тетігі екені анық.

Одан бөлек, Бейбіт жиналыстар тура­лы заңды Президент осы сенім кеңесі отыры­сында ұсынды. Заң жобасы ха­лық­ара­лық стандарттарға, атап айтқанда аза­мат­тық және саяси құқықтар туралы ха­лық­аралық пактінің 21-бабына сәйкес ке­леді, өйт­кені ең бастысы – ерік білдіру құқығы қам­тамасыз етілді. Кеңес құрамында біршама еңбек еткен азаматтардың біразы Мәжіліске барды, енді олардың кейбірі Ұлттық құрылтайдың құрамына кіріп отыр. Қорыта айтқанда, орган үш жыл ішінде табысты да же­місті жұмыс атқарды. Қоғамдық саяси кеңес құрылмаған болса, референдум да, реформалар да болмас еді.

P.S.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі таратылып, орнына Ұлттық құрылтай құрылады дегеннен-ақ оның маңызды мәселелерді талқылау үшін тұрақты түрде шақырылып отыратыны айтылды. Яғни, сенім кеңесінің жұмысы одан әрі кеңейтілген түрде жалғасып, тың бастамалар көтеріледі, мәртебесі де жоғары болады. Құрамына белгілі қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы салаларында еңбек ететін азаматтар, кәсіпкерлер және басқа да қоғам белсенділері шақырылатыны, одан бөлек аймақтағы қоғамдық кеңестердің атынан кем дегенде бір адам мүше болатыны сол кезден белгілі болды. Яғни, қоғамдық кеңестердің бәрі Ұлттық құрылтайға топтастырылмақ. Осы арқылы халықтың билікке жетпей жатқан базынасы мен талап-тілегі тегіс тыңдалады деген үміт бар.

Атына, ұйымдастырылу тәртібіне қарап, бұл жиынның бұрынғы жиыннан өзгеше болатынына сенім артқандар көп. Не десек те, бүгін ел үмітін арқалаған азаматтардың басын қосатын құрылтай бұрынғы ата жолын жалғастырып, сол арқылы болашаққа бағдар алатын, халықтың мәселесі көтерілетін, көтерілген мәселелер ескерусіз-елеусіз қалмайтын келелі жиынға

айналуға тиіс.

 

Jsk ақпарат орталығы

10410 символ

Автор: admin