• 24 ноября, 2024 10:13 пп

Ұлттық құрылтай — Түркістан төрінде өтті!

Автор:admin

Июл 1, 2023

Түркістан қаласындағы Ұлттық құрылтайға жиналған ғалымдар мен сарапшылар және сала мамандары екі күн бойы елдегі маңызды мәселелерді талқылады, деп хабарлайды JSK.KZ ақпараттық агенттігінің Түркістан облысы бойынша тілшісі. Президент жанынан құрылған Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы биыл Түркістан қаласында ұйымдастырылды. Екі күн бойы қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылаған қоғам қайраткерлері мен Парламент депутаттары, қоғамдық кеңестер мүшелері мен БАҚ басшылары және сарапшылар өзіндік ұсыныстарын жеткізді. Алқалы жиынның алғашқы күнінде «Қоғамдық консолидация», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым» жұмыс секциясына бөлінген сала мамандары ел ішіндегі мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын да ұсынды. Жұмыс секциялары отырыстарының қорытындысы бойынша Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсыныстарын мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асыру жөніндегі іс-шаралардың арнайы жоспары әзірленетін болды. Ал, екінші күні Түркістанға барған Мемлекет басшысы бүкіл түркі дүниесіне танымал ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің және осында жерленген тарихи тұлғалардың рухына тағзым етіп, Құран бағыштады. Содан соң, Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысына қатысты. Басқосуды мемлекеттік хатшы Ерлан Карин жүргізіп отырды. Құрылтайда алғашқы болып сөз алған «Қолданбалы экономика зерттеулері» орталығының ғылыми жетекшісі, ғалым және қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев ел егенмендігін алған жылдардан бергі уақытта елдегі бірлікке негізделген келісімнің Қазақстандық моделі қалыптасқанын жеткізді.  «Қазақстан – мемлекет құрушы қазақ ұлтымен бірге көптеген ұлыстардың басын қосып отырған мемлекет. Сондықтан, Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Қазақстанның мемлекеттік саясаты елімізде ынтымақ пен бірлікті нығайтып, барлық ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталып келеді. Тәуелсіздіктің 32 жылында бірлікке негізделген келісімнің қазақстандық моделі қалыптасты», — деді ол. Сондай-ақ, Жақсыбек Құлекеев ел дамуының жаңа кезеңінде ұлттық бірлікті одан әрі нығайтуға бағытталған доктринаның жаңа редакциясын дайындау керектігі жөнінде ұсынысын жеткізді. «Қазіргі Қазақстанның ұлттық бірлік доктринасы – жан-жақты зерттелген құжат. Ол үш қағидатқа негізделген. Ел бірлігін негіздейтін бірінші қағидат — әр азаматтың өзінің ортақ тағдыры мен Отанының — Қазақстан Республикасының — ортақ екенін ұғыну, екіншісі — этникалық және басқа тегіне, дініне, әлеуметтік жағдайына қарамастан барлық азаматтардың мүмкіндіктерінің теңдігі. Үшіншісі — біріктіруші, біріктіруші және бекітуші бастау ретінде Ұлт Рухын нығайту және дамыту. Біз осы басты үш қағидатқа қашанда адал болып келеміз. Алайда, қазіргі әлемдік геосаяси жағдай мен кейбір ішкі қайшылықтар бұл іске едәуір ықпалын тигізіп отыр. Біз алдағы уақытта жаңа қоғам құндылықтарын пысықтағанымыз дұрыс. Саяси реформаларды бастан кешіріп жатқан Қазақстанның аталған доктринасы күн тәртібіне жаңаша қойылуы тиіс деп есептеймін», — деді ол. Ал, мұнан соң мінберге шыққан Қазақстанның Еңбек Ері Вадим Басин еңбек адамдарының мәртебесін көтеру керектігі жөнінде ұсыныс айтты. Өндірістегі жұмысшы мамандардың жеткіліксіздігін сөз етті. Жастардың кәсіпорындарда қызмет атқаруға бармайтындығын жеткізді. Құрылтайда «Қазақстан заңгерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай халықтың құқықтық сауаттылығын көтеру керектігіне тоқталды. «Халықтың құқықтың сауаты мен құқықтық мәдениетін дамыту процесі ең маңызды мәселенің бірі болып табылады. Құқықтық сауаттылықтың өсуі қоғамдық әлеуметтік шиеленістің дәрежесін төмендетуге мүмкіндік береді. Ал, азаматтар өздерінің конституциялық құқықтарын сот арқылы және өзге тәсілдермен қорғап іске асыра алады», — деді ол. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова отбасылық тәрбиеге көп көңіл бөлу керектігі жөнінде ұсыныс айтты. «Тәрбиесіз берілген білімнің көп жағдайда басты жарып, көзді шығаратынын көріп отырмыз. Сондықтан, қоғам болып бұл іске тоқтау салуымыз қажет. Өскелең ұрпақтың моральды, мәдени және писхологиялық ұстанымдарын қалыптастыратын институт – әрине мектеп. Бірақ, отбасының бала тәрбиесіндегі рөлін ешқашан естен шығармауымыз қажет. Себебі, бір әкенің тәрбиесін 100 мектеп бере алмайды. Ар, ұят, намыс, ізігілік пен мейірімділік, ұлттық мұраға деген құрмет – темірқазық ұстанымдар білімнің негізгі құндылығы болуы шарт. Қазір үкімет дайындап жатқан ұлттық тәрбие концепциясына осы ұстанымдарды ұлттық құндылдық ретінде қалыптасыру қажет», — деді ол. Ал, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды мәдениет саласындағы мәселелерді айтып, шешу жолдарын жеткізді. Барлық мәселені тыңдаған Мемлекет басшысы бірқатар тың бастаманы көтерді. «Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал, арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады», — деді Президент. Мемлекет басшысы Алматыдағы Археология институтының қазіргі жағдайына «мүшкіл» деген баға беріп, соның жанынан тарихи жәдігерлердің арнайы қорын жасақтауды тапсырды. Сондай-ақ, «Еңбек күні» атаулы датасы кезінде ең үздік еңбек адамдарын мемлекеттік деңгейде ұлықтау арқылы еңбек культін қалыптастыруға болатынын қозғады.  Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан төрінде елімізде тарихи тұлғалардың атымен аталған ордендер шығару жөнінде бастама көтеріп, орденнің атын иеленуге бірден-бір лайық тұлға Бейбарыс сұлтан екенін айтты. Сонымен қатар, елдегі рухани сабақтастың арқауын үзіп алмау үшін «Ясауитану» ғылыми орталығы немесе институты құрылуы мүмкін екендігін жеткізді. Жалпы, құрылтай отырысы 2 сағатқа созылды. Қатысушылар Ұлттық құрылтайда халыққа қажетті ұсыныстар көтеріліп, тың шешімдер қабылданғанына куә болды.

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin