• 23 ноября, 2024 1:38 пп

Ұлттық құрылтай бізге не береді?! Азаматтық қоғам үшін қандай тиімді тұстары бар …

Автор:admin

Июл 14, 2023

Үш жыл жұмыс істеген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтай институтының құрылатыны туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 16 наурызда қазақстандықтарға арнаған Жолдауында айтқан еді. Құрылтайдың құрамына Мәжіліс депутаттары мен ҚХА мүшелері, азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдері, сарапшылар мен өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер сынды барлығы 117 адам кірді. Айта кетсек, олардың қатарында ақын Мұхтар Шаханов, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, академик Асқар Жұмаділдаев, экономист Жақсыбек Күлекеев, саясаткер Әлихан Бәйменов, «Хабар» Агенттігі АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли, журналист, медиа-менеджер, қоғам қайраткері Ермұрат Бәпи, Парламенттің бірнеше шақырылымының депутаты Нұртай Сабильянов, балуан Дәулет Тұрлыханов, ғалым-биотехнолог Күнсұлу Закария, ғалым Анар Фазылжанова бар. Басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен жиынға арнайы шақырылған делегаттарды құттықтап, ең бірінші кезекте республикалық референдумда үлкен өзгерістерге ниет білдірген, дауыс беріп қолдаған халыққа зор алғысын жеткізді. Содан соң Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың жұмысындағы маңызды бағыттарға тоқталып, оның мән-мазмұны мен құндылығын атап өтті.

– Құрылтай шақыру  ертеден келе жатқан ата дәстүріміз. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. Егемендік кезеңінде Дүние жүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз атамекенге шақырылды. Біз бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп бүгін бас қосып отырмыз. Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысын Ұлытауда өткізу туралы ұйғарым жасалды. Ұлы ұлыстың бастауында тұрған Жошы хан кесенесіне ақ шатыр орнаттық. Мұның зор символдық мәні бар. Елдің бірлігі, ұлттың тұтастығы дегеніміз осы. Мен құрылтайға келер алдында тұтас елдің атынан ұлы Жошы ханның рухына құран бағыштап, құрбан шалдым. Жаңа Қазақстанды құру жолында тарихи қадамның киелі жерден басталуы – жақсы ырым,– деді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұлт тағдыры мен ел ертеңіне бағытталған байыпты бастамалар талқыға түскен басқосуда тіл мен жер, еліміздің демократиялық бағыттағы даму жоспары, мемлекетіміздің жаңа саяси кезеңдегі алға жасар қадамдары мен Жаңа Қазақстанның ұзақ мерзімді даму стратегиясы талқыланды. Келелі жиында ел үшін маңызды мәселелердің бірі – Республика күнінің ұлттық мәртебесі қайтарылды. Яғни 25 қазан – ел егемендігін ұлықтайтын Республика күні болып қайта жаңғырмақ. Президент бұл күнді мемлекет құру жолындағы қарышты қадамының символы болады деп сенеді. Есесіне Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады, басты мемлекеттік мереке болып қала береді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырды. Бұл қазақтың бірлігін нығайту мақсатында қолға алынуы тиіс. Қасиетті өңірде көк байрақтың асқақтап тұруы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқанының көрінісі болмақ.

Тағы бір жаңалық, құрылтайдың ауқымын кеңейту үшін «Құрылтай» атауымен арнайы  мобильдік платформа құрылады.Саяси реформаларға арқау болатын заң жобалары жыл аяғына дейін қабылданады.

Президенттің айтуынша, Ұлттық құрылтайдың ең басты міндеті – ұлтты ұйыстыратын парасатты, тың идеялар мен ұсыныстарға айрықша мән берілуі керек. Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай жұмысы барысында басшылыққа алынуы тиіс үш негізгі мәселені атады.

– Бірінші. Жалпыұлттық бірлікті нығайту. Ең алдымен, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға айрықша мән беруіміз қажет. Сонымен қатар, қоғамды алға жетелейтін құндылықтарды қалыптастыруымыз керек. Біз орнықты демократиялық институттар құрамыз десек, саяси жауапкершілік мәдениетін дамытуымыз қажет. Шын мәнінде, нағыз отаншылдық қасиетті қалыптастыруға тиіспіз. Сонда радикализм мен экстремизмге тосқауыл қоямыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет атауына қатысты мәселеге де тоқталды.«Кей азаматтарымыз референдум кезінде мемлекеттің атауы да өзгеруге тиіс еді деген пікір айтып жүр. Олар «Қазақстан» атауындағы «-стан» сөзін елімізге де, бүкіл Азияға да жат ұғым деп санайды. Мұны да қисынды деп айтуға болмайды. Себебі, әлемде дәл осындай Пәкстан, Үндістан, Ауғанстан және Орталық Азия мемлекеттері бар.

Ең басты мәселе, біз Тәуелсіз еліміз – Қазақстан Республикасы атынан 30 жыл ішінде көптеген халықаралық келісімшарттарға қол қойдық, мемлекеттік шекарамызды бекіттік. Осындай жағдайда мемлекетіміздің атауын өзгерту жауапсыз шешім болар еді. Бұл – ең алдымен, ұлттық қауіпсіздігімізге және халқымыздың бейбіт өміріне тікелей әсері бар өте маңызды мәселе» деді Мемлекет басшысы.

Президент бұдан былай барша еліміздің жаңаратынын айтты. Алайда, Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтынын атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев ол үшін үлкен-кіші, жас-кәрі баршасы бір кісідей жұмылып жұмыс істеп, ерінбей еңбек етулері керек екеніне тоқталды. Ең бастысы, халықтың сөзі билікке ықпалды болуы керек. Президент әрбір азамат саяси өзгерістер мен экономикалық өсімнің жемісін көруі керек деп шегеледі. Өзгерістің бәрі әділетті қоғам құруға үміт береді. Оның үстіне әлемдік геосаяси жағдай күрделілене түскен қазіргі уақыт ұлт тұтастығының құнын жоғалтпай, бірлікті сақтаудың аса  маңыздылығын көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда, әсіресе, әлеуметтік желілерде көп талқыланып жүрген кадр, яғни мамандар мәселесіне де назар аударды.

– Әлеуметтік желіде «Ескі кадрмен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады?» дейтіндер бар. Бұл – орынды сұрақ. Бірақ, негізінен кадрларды біртіндеп ауыстыру керек. Тіпті, кезінде Ресейде, Қытайда, Иранда болған  революциялардан кейін де бұрынғы режимнің шенеуніктері мемлекеттік қызметін жалғастырған. Бұл елдермен салыстырғанда біздегі жағдай, әрине, мүлде басқаша. Жалпы, мемлекеттік қызметшілерді қолынан түк келмейді деп кемсітуді доғару керек. Тіпті, оларды «халық жаулары» сияқты көретіндер бар. «Шенеунік» деген сөз жағымсыз ұғымға айналып барады. Бұл – дұрыс емес. Мемлекеттік қызметте адал әрі білікті кадрлар өте көп. Олар Отанымыздың игілігі жолында тынбай еңбек етіп жүр. Бірақ, өкінішке қарай, «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген де бар. Ондай адамдармен біз бірден қоштасып жатырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, ол маңызды мәселенің бірі – латын әліпбиіне қатысты пікірін білдірді. «Тілге байланысты тағы бір маңызды мәселе. Бұл – латын әліпбиіне көшу туралы. Кейбір қоғам өкілдері біз әлі күнге дейін кириллицадан арыла алмай жатырмыз деп алаңдаушылық білдіруде. Бірақ ең алдымен, бұл лингвистикалық тұрғыдан өте күрделі мәселе. Осыны жақсы түсінген жөн. Бұған дейін біз екі рет латын графикасына көшуге тырыстық. Алайда, соңы сәтті болған жоқ. Сондықтан бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал. Кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды. Әйтпесе, бұл үлкен қателікке апарып соғады.

Ең бастысы, азаматтар, әсіресе, жастарымыз қазақ тіліндегі барлық сөздің латын графикасындағы жазылу тәртібін анық білуі керек. Яғни тілімізге арналған орфографиялық қағидаларды қайта қараған жөн» деп түсіндірді Мемлекет басшысы.

Ал, қазақ тілінің мәртебесі туралы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді. Оған қоса, әлемнің басты ақпарат құралдары қазақша шығып жатыр. Жақында әйгілі «APPLE» компаниясы қазақ тілін iOS-тың тілдер жүйесіне қосты. Әлемнің 40 тілінде тарайтын «NICKEL ODEОN» телеарнасы қазақша көрсетіле бастады. Жастардың бастамасымен «NATIONAL GEOGRAPHIC» журналы 6 жылдан бері ана тілімізде жарық көруде. Осындай көптеген жағымды жаңалықтар бар. Сондықтан қатты алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын. Десек те, осы саладағы жұмысымызды даңғаза жасамай, табандылықпен жүргізуіміз қажет. Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді»  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында осыған дейін қазақ қоғамын толғандырған келелі мәселелердің бәрі Ұлытауда, Ордабасыда, Мәртөбеде, Күлтөбеде өткен осындай кеңестерде шешілгенін айта келіп, Ұлттық құрылтайдың келесі жиынын Түркістанда өткізуді ұсынды. Құрылтайдың әр аймақта өтуі сол өңірдің дамуына серпін береді.

Жиында Мемлекет басшысынан бөлек Ұлттық құрылтайдың 10 мүшесі сөз сөйледі. Құрылтайдың соңына таман Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше Шәмші Қалдаяқовқа Қазақстанның Еңбек Ері атағының берілгенін еске сала келе, биыл 80 жасқа толатын Мұхтар Шахановтың да осы мәртебелі атақпен марапатталатынын хабарлады.

Жалпы, Ұлттық құрылтайдың отырысы жылына кем дегенде бір рет өтуі тиіс. Ал, қажеттігіне қарай одан көп рет жиналуға да болады.

Ел Президенті айтқандай, құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес, шын мәнінде, жалпыұлттық жиынға айналуы керек. Бұл – өте маңызды міндет.

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin