• 23 ноября, 2024 2:26 дп

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ: «ЕЛІМ-АЙ» – ЕЛДІ ҰЙЫСТЫРАТЫН ҚҰБЫЛЫС

Автор:admin

Июл 7, 2023

Өткен аптада Түркістан шаһары қазақтың ығайы мен сығайын жиып, ғылыми-практикалық конференция өткізді. Бұл жиынның мақсаты тарихта «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен белгілі ұлтымыздың басынан өткерген оқиғасына 300 жыл толуына орайласқан еске алу болды. Шараны Түркістан облысының әкімдігі қолдап, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі қоштап, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» қоғамдық ұйымының бастамашылық танытты. Жиынды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Б.Тәжібаев ашып, облыс басшысы Д.Сатыбалдының құттықтау сөзін оқып берді. Конференцияға мүйізі қарағайдай ғалымдар, тарихшылар, әдебиетшілер, ақын-жазушылар, сөз шеберлері қатысып, соңында өздерін Қожаберген жыраудың ұрпақтары деп санайтын азаматтар сөз алды.

Тақырып маңызды екені түсінікті. Халықтың басына қара бұлт үйірілген Жоңғар шапқыншылығы жылдары Арқа мен Жетісудан бас сауғалай ауа көшкен ел Қаратаудан асып, Сыр жағалап Алқакөлге жете құлайтын алмағайып заманды еске алып тұру бүгінгі ұрпақтың да, болашақтың да міндеті. Ата-бабамыздың басынан қайғы арылмаған заманда елдің мұң-зарын ақтарып, уайымын бөліскен, жұртты біріктіруге ықпалы бар «Елім-ай» әніне қандай құрмет көрсетілсе де артық емес. Атқарылған шараға осы тұрғыдан қарап, баға беру әр қазақтың азаматтығын білдірсе керек.

Аталған ғылыми-практикалық конференцияның өтуіне Түркістан облысының әкімдігі мұрындық болды дедік. Бір кездері шілдің тезегіндей бытыраған елді бір арнаға біріктіруге сеп болған «Елім-ай» әні өз заманында қалай қоғамдық бірлестіруші құбылыс болса, бүгінгі таңда қоғамдық ұйымдар мен өзге де үкіметтік емес ұйымдардың шаруасын нақтылауда да солай болды. Әлі де біріктіретін қуаты бар екенін көрсетті. Осы орайда конференцияда сөз алған театр және кино саласының майталманы А.Әшімов «Елім-ай» әнін еліміздің әнұраны етіп таңдау қажет деген ұсынысын да айта кеткенді жөн көріп отырмыз.

Мұнан әрі, «Елім-айдың» тарихтағы орны мен оның авторына қатысты ой-пікірлерді ортаға салған баяндамашылардың ең маңызды деген сөздерін назарларыңызға ұсына отырып, тақырыпты аша түссек дейміз.

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Түркі елдері Жазушылар одағының төрағасы:

«МАҒЖАНҒА АРНАП ТҮРКІСТАНДА БІР ЕСКЕРТКІШ ОРНАТАТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ»

– Біздің халқымыздың ұлт болып қалыптасуында үлкен тірлік атқарған «Жеті жарғы» заңнамасы болса, екінші осы «Елім-ай» әні. Бұл екеуі де У.Шекспир айтқандай «боламыз ба, әлде бордай тозамыз ба?» деген шешуші бір алмағайып кезеңді есімізден шығармай, біздің санамызда берік орын алған. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманы, алағай да бұлағай кезең, өмір мен өлім таразы басында дірілдеп таласып тұрған кезден келе жатқан ұғымдар. О.Сүлейменовтің бір сөзі бар, «Мен сүйетін екі ән бар, оның біреуі «Елім-ай», екіншісі «Заман-ай» деген ән» дейді. «Заман-ай» әнін Семей полигонына қатысты болғасын жақсы көреді ғой. Бәріміздің мәңгілік қасіретіміз, бұл – «Ақтабан шұбырынды». Сол қасірет «Елім-ай» әнінің арқасында әлі күнге дейін біздің жадымызда жаңғырып келеді.

Ал енді осы екі қасиетті ұғымға да қатысы бар бір адам болса, ол – Қожаберген жырау. «Елім-айдың» авторы, сондай-ақ, «Жеті жарғының» да авторларының бірі. «Жеті жарғы» — ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздың қатталған нұсқасы. Біздің ұлтты ұлт болып ұйыстырған заманнан келе жатқан халықтық конституциясы. Бала тәрбиесінде, ұрпақ тәрбиесінде, қоғамдағы, тіпті бүкіл әлемдегі қазақтың орнын ойып алып берген осы заң деп айтуымыз керек. «Елім-ай» әні «Қаратаудың басынан көш келеді» деп басталады, бұл сөйлемнен аласапыран шапқыншылықтан ауып келіп, Қаратаудың қуысынан пана тапқан елдің тарихын көреміз. Айналып келгенде, Қожабергеннің Қаратаудың жыршысы екенін көреміз. Бұл-Түркістанның біздің Ұлы астанамыз екенін айғақтайтұғын, үлкен миссиясы бар ән. Сондықтан да Қожаберген жыраудың шығармасының 300 жылдығы басқа жерден емес, осы Түркістаннан басталып, тойланып жатқанын да адамның жүрегі қуанатындай, көңілі жұбанатындай үлкен мән бар деп есептеймін.

Түркістанның атын Түркі дүниесі көлемінде асқақтатқан кісі, ол біздің Мағжан Жұмабаев ағамыз. Биыл 130 жылдығы аталып өтіп жатыр. Қожаберген жырау да, Мағжан да Қызылжар өңірінде дүниеге келген, екеуі де Түркістан маңын жырлаған екен. Өзім бұл жерден бір символика, байланыс байқаймын. Қызылжар мен Түркістан қалалары бірі елдің оңтүстігінде, екіншісі елдің солтүстігінде бір жағынан қақпамыз, бір жағынан қамалымыз болып тұрған қалалар. Аз да болса бір наз айта кетейін, қайбір жылы осы Түркістанда Мағжанға арналған үлкен мерейтой өтті. Сол мерейтойда Мағжанға арналған мүйшәйра болды. Сол мүшәйрада бас жүлде берілмеді, бас жүлдені Мағжанның өзіне береміз, одан өткен жыршы жоқ деп бірауыздан шештік. Сонда сол қаржыны сол кездегі әкімдік Мағжанға ескерткішін орнатуға жұмсаймыз деді. Сол ескерткіш, міне қанша жыл өтіп кетті, Түркістанда орнатылған жоқ. Мағжанның өзінің ақшасын өзіне бұйыртпады. Әлбетте, бұл жерде сіздердің де, біздің де кінәміз жоқ. Оған сол кездегі әкімдік кінәлі. «Кісінің ақысы кісіге кетпейді» дейді қазақ, бірақ бір әкімнің істемеген шаруасы екінші әкімнің мойнында кетуі мүмкін. Биылғыдай Мағжанның мерейтойы келіп тұрған уақытта Мағжанға арнап Түркістанда бір ескерткіш орнататын уақыт жетті.

Сәдия СҮРЕР, Кёльндегі (Германия) қазақ мәдени орталығының төрайымы (сөзін Ұ.Есдәулет оқып берді):

«ЕЛІМ-АЙ» — БІЗ ҮШІН КӨШТІҢ СИМВОЛЫ ІСПЕТТЕС

– Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы Қазақ жерінде өткенін білесіздер. Жақында, мамыр айының соңында Германияның Көлін (Кёльн) қаласында Еуропа қазақтарының құрылтайы өтті. Осы хатты Еуропадағы қазақтарының атынан ыстық ықыласпен жолдап отырмыз.

Біз 26-28 мамыр аралығында Көлінде (Кёльн) Еуропа қазақтарының құрылтайы шеңберінде айтулы қазақ көшінің 70 жылдығын атап өтіп отырған тұста, атажұртымыздан киелі Түркістан қаласынан «Елім-ай» жырының 300 жылдығына шақыру алып, көңіліміз толқыды. Себебі, Алтайдан Аанадолыға ауған көштің бұл жырмен тарихи байланысы бар.

Аталарымыз Алтайдан Гималай арқылы азаппен көшкенде осы жырды айтып, шерін тарқатқанын білеміз. Оған дәлел, көшке куә болған жандардың естеліктері. Сондықтан, «Елім-ай» – біз үшін көштің символы іспеттес. Алтайдағы зорлық-зомбылықтан босып, Тибет, Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға жеткен, одан Еуропаға тараған елдің тағдырында «Елім-айдың» орны ерекше.

Елге сағынышты сәлем жолдаймыз! Қазақтың ынтымағы мығым болып, әр қазақтың шаңырағы шаттыққа толы болсын!

Құлбек ЕРГӨБЕК, әдебиетші, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы:

«Ө. ЖӘНІБЕКОВ АЛҚАКӨЛДІҢ ОРНЫ ДЕП СЫРДЫҢ БОЙЫНДАҒЫ БІР КӨЛДІҢ ОРНЫН КӨРСЕТІП ЕДІ»

– «Қаратаудың басынан көш келеді» деп басталатын «Елім-ай» деген шығарма – ерекше ән, мақам, жыр. Бұл сол «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманында туып, қазақтың басына қасірет ұялаған кездерде қазақтың жан азығына айналған, жеңіліп тұрып жеңіске шақырған, мәңгілік қазақпен бірге жасасып келе жатқан жыр. Бұл жалғыз Қожаберген жыраудың дастанының ғана лейтмотиві емес, сол дәуірде туған қазақтың эпосының, қазақтың толғауының, бәрінің де ортақ өзегі, лейтмотиві болған жыр. Бір жайды айтуға тура келеді, солтүстікте Қожаберген жыраудың басын көтеруден бастап, осы істе мұрындық болып жүрсіздер. Енді «Елім-ай» жырын өзінің туған жеріне, жайшылықта еліне ана болған, жаугершілікте пана болған елге – Түркістанға алып келіп отырсыздар.

Жырау өмір сүрген жылдарды «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманы дейді. Аталған жырдың қай жерде туғанын осыдан анықтауға болады. Мен Өзбекәлі Жәнібековтің інісі ғана емеспін, оның жәрдемшісі болып Мәдениет министрлігінде бөлім басқарып бірнеше жыл қызмет істеп, қасында болған адаммын. Жәнібеков тек әкім емес, хәкім де болған еді. Министр ғана емес, тарихшы маман еді. Қазіргі бізге жетпейтін нәрсе осы министрлердің ешқайсысы кәсіби маман емес. Сол Өзекеңнің сөмкесін көтеріп қасында жүргенімде Сырдарияның жоғарғы, орта және төменгі ағыс атыраптарында тұнып тұрған археологиялық ескерткіштерді бірге аралаған едік. Тұнып тұрған шежіре кісі болатын. Өзекеңмен бірге А.Максимова, К.Ақышев зерттеген ескерткіштерді жаяу аралап шыққанбыз. Ол кісінің сонда айтқан мына дерегін өздеріңізбен бөлісейін. Қаратаудың басынан 62 бұлақ ағатын, олар алдымен көлдерге құятын, сосын Сыр анамызға құяды деп еді. Бүгінде соның 2 бұлағы ғана қапты. Сол сапарда «Қаратаудың басынан көш келеді» деп басталатын «Елім-айдағы» «Алқакөл сұлама» деген мына көлдің маңы деп Сырдың бойындағы бір көлдің орнын көрсетіп еді. Көлдің орны алқа секілді көрінген. Қазақ атамыз жер-суға ат беруге келгенде шебер ғой, қазіргідей адам атын қоя салмаған. Сонда, «Елім-ай» жыры Қаратаудан басталып, Алқакөлге жеткен ғой.

Бұл «Елім-айды» тағы тереңдете зерттеу керек. Осы конференция кезінде баяндамашылар зерттеулердің басталып кеткенін айтты. Ендігі жерде поэтикалық өрлеуіне ерекше назар аударуымыз керек. Және бүгінгі ұрпақты тәрбиелеу үшін идеологиямызға сіңіруіміз қажет.

P.S.: Ғылыми конференция соңында «Елім-айдың» 300 жылдығына арналған жыр мүшәйраның қорытындысы жарияланып, бас жүлде алған Иран Ғайып ақынға миллион теңгелік сый табысталды. Сөз алған Иран ғайып Қ.А.Ясауиге жыр арнады.

Әлбетте, мұндай жиындар өткізілгені құптарлық іс. Бардық, көрдік, тыңдадық. Тарихқа қатысты ғылыми конференция болған соң жалпақшешейліктен арылып, ғылым үшін шынайы пікірлер айтылса, қалай болар еді деген ой келді. Өйткені, «Елім-ай» әні қай ғасырда, қай заманда болмасын  жұртты елдікке шақыратын туынды. Жалпы, жиын барысында «әттең-айлары» жетеді. Біз тек елдікті сөз еткен шешендердің сөздерін іріктеп, «Елім-айдың» тарихи маңызын екшеген ғалымдар мен тұлғалардың сөздерін іліп алдық деп отырмыз. Ел-жұртымыз бірлікте болсын. Сонда ғана ілгерілеу болар. Жалпы үкіметтік емес ұйымдардың  тарихи тақырыптарға араласуы азаматтық қоғамның дамып келе жатқанына дәлел бола алады.

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin