• 23 ноября, 2024 7:41 дп

Түркістандағы ұлттық құрылтай отырысы саяси реформаларға арналды!

Автор:admin

Июл 16, 2023

Түбі бір түркі халықтарының рухани астанасы болып саналатын Түркістан Ұлттық Құрылтайдың өтуі тегіннен тегін емес нәрсе. Ұлттық құрылтай қоғамдағы қаны сорғалаған мәселелерді тура айтып, мұқият талқылайтын «ашық алаңға» айналуы тиіс. Кәсіподақтар қауымдастығының төрағасы, құрылтай мүшесі  Сатыбалды Дәулетәлиннің айтуынша Тоқаевтың тұсында толық өзгеріп, жаңадан жасақталатын мемаппарат қоғаммен қойын-қолтық жұмыс істеп үйренуі қажет. Халықпен шынайы пікірлесіп, кемшілігі болса жасырмайтын, артықшылығын асырып айтпайтын шенеуніктердің шоғырын қалыптастырған маңызды. Сөй деген Дәулетәлин: «Өткен жылдары мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимыл әлеуетінің іске асырылмауы азаматтар үшін де, билік үшін де белгілі бір проблемалар туғызғаны анық. Бүгінде билік икемді болуға, қоғамда болып жатқан үдерістерге жедел ден қоюға, сол арқылы енді азаматтық қоғамға қарсы шықпай, онымен үйлесімді болуға тырысуда. Құндылықтар «мемлекет адам үшін» дейтін аса маңызды қағиданың пайдасына өзгеруде», — деп атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік басқару мәселесі билік пен азаматтардың әріптестік мәселесіне айналып барады. «Қоғамды бір жұдырыққа жұмылдыру анау айтқандай оңай шаруа емес. Қаңтар оқиғасынан кейін президент Тоқаевтың алдында мемлекеттілікті нығайту міндеті тұр. Түркістанда өтетін келесі Құрылтайда осы мәселені жан-жақты талқылауға тиіспіз. Ал азаматтық қоғам аяғынан тұрып, толық қалыптаспайынша Әділетті Қазақстанды құру мүмкін емес. Қоғам белсенді болған жерде билік әрбір шешімге жауаппен қарайтын болады. Бұл бағыттағы басты қадамдардың бірі – халық пен билік арасындағы кері байланысты қамтамасыз ететін орган ретінде Ұлттық Құрылтайдың құрылуы екені сөзсіз. Ұлттық Құрылтайдың құрылуы «билік – қоғам – азамат» парадигмасындағы қарым-қатынастарды сапалы, жаңа деңгейге көтеру, оларды тиімді және нәтижелі ету міндетін қойып отыр», – дейді сарапшы. Дәулетәлин пайымдауынша халық президент Тоқаевтың концепциясының төңірегіне топтасуға әзір. «Еститін үкімет», «Әділетті Қазақстан» секілді ұстанымдар елдің көңілін шығып, халықтың көкейіндегі тілекті тап басқан. «Ең маңызды әлеуметтік-саяси мәселелерді шешуде қоғамның келісімі болмаған жағдайда мемлекет пен азаматтық қоғамның күштерін біріктіру мүмкін емес, тұтастай алғанда мемлекеттің прогрессивті және қарқынды дамуы мүмкін емес», – деп дейді Кәсіподақтар қауымдастығының төрағасы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев басқаратын бұл орган азаматтық қоғамның өзекті мәселелерін шешуге арналған. Оның мүшелерінің қатарында саяси және қоғам қайраткерлері, еліміздің барлық өңірлерінің белсенділері, соның ішінде этникалық және діни азшылық өкілдері, кәсіпкерлер, мәдениет қайраткерлері, саясаткерлер, заңгерлер және басқа да көптеген адамдар бар. Бұлардың барлығы құрылтайға келісім бойынша қатысып отыр, бірін-бірі алмастырады. Ұйымда тек төрт адам өзгеріссіз қалады. Құрылтайдың төрағасы – республика президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Оның екі орынбасары бар.  Бірінші орынбасары экс- Президенттің көмекшісі және экс-Мемлекеттік хатшы ҚР Мемлекеттік кеңесшісі болып тағайындалған Ерлан Қарин. Мемлекеттік кеңесшінің жаңа лауазымында ол Президентке толық есеп береді және бақылайды, оның мүдделерін білдіреді және Президент үшін ішкі саясат саласындағы стратегиялық ұсыныстарды тұжырымдайды. Екінші орынбасары — Бибігүл Жексенбай, «Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Президенті, елімізге білгілі журналист. 2016 жылдан бастап ол Тоқаев Президент болғанға дейін және Қазақстан Парламенті Сенатының (жоғарғы палатасының) төрағасы қызметін атқарғанға дейін Кемелұлының қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарды. Түркістанда екінші Ұлттық Құрылтай аяқталып, онда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің одан әрі дамуының сегіз негізгі бағытын белгіледі.

Сөз басында Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылы шараның қазақ мемлекеттілігінің бесігі Түркістан қаласында өтіп жатқанын еске салды. Сонымен бірге ол «бұл салтанатты жиын емес, онда үлкен сөз сөйлейді. Ата-бабаларымыз тарихтың қиын кезеңдерінде ел үшін маңызды шешімдер қабылдау үшін құрылтай шақырған» деп еске салды ел басшысы.

Ол еліміздің азаматтары сайлау кезінде дауыс беруге белсене қатысып,  ел болашағына бей-жай қарамайтынын көрсеткенін сөз басында айтып өтті.

«Референдумның қорытындысы баршаңызға белгілі. Көпшілік Ата заңға өзгерістер енгізу туралы менің бастамамды қолдады. Дауыс беруге қатысқан барша азаматтарға зор алғысымды айтамын. Осылайша, ел дамуының тарихи кезеңі басталды. Конституцияға енгізілген өзгерістермен бірге мемлекеттің саяси жүйесі өзгермек. Елді басқарудың жаңа үлгісі пайда болады. Яғни, біз Екінші Республиканы құруға кірістік»,- деп атап өтті мемлекет басшысы.

Ол кейбір азаматтарымыздың «Қазақстан» атауындағы «-стан» сөзін елімізге де, бүкіл Азияға да жат ұғым деп санайтынын айта келе,  мұны қисынды деп айтуға болмайтынына, себебі, әлемде дәл осындай Пәкістан, Үндістан, Ауғанстан және Орталық Азия мемлекеттері бар екенін секе салды.

«Ең басты мәселе, біз Тәуелсіз еліміз – Қазақстан Республикасы атынан
30 жыл ішінде көптеген халықаралық келісімшарттарға қол қойдық, мемлекеттік шекарамызды бекіттік. Осындай жағдайда мемлекетіміздің атауын өзгерту жауапсыз шешім болар еді. Бұл – ең алдымен, ұлттық қауіпсіздігімізге және халқымыздың бейбіт өміріне тікелей әсері бар өте маңызды мәселе», – деді Тоқаев.

Тоқаев  бүкіл ел болып Жаңа Қазақстанды құратынымызды тағы да қайталап айтты.

«Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны анық. Бұл – бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Мұны жүзеге асыру үшін бір ғана билік әрекет етсе, бұл, әрине, жеткіліксіз. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға жетеміз. Сол себепті, мен Жолдауымда Ұлттық құрылтай шақыру туралы бастама көтердім.Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз  маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген.  Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген», – деді ол.

Ол тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болғанын, оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілгенін, Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болғанын тілге тиек етті. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары  жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды.

Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз Атамекенге шақырылды. Ұлы көш Тәуелсіз Қазақстанға бет алды.

«Қазақ құрылтайларының бәрі ел дамуына зор өзгеріс әкелген. «Кеңесшіл ел кемдік көрмейді» деген нақыл сөз содан қалса керек. Біз бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп, бүгін бас қосып отырмыз. Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысын Ұлытауда өткізуге ұйғарым жасалды.  Ұлық ұлыстың бастауында тұрған Жошы хан кесенесінің іргесіне ақ шатыр орнаттық. Мұның зор символдық мәні бар. Елдің бірлігі, ұлттың тұтастығы дегеніміз – осы» , – деді президент.

Сонымен қатар ол  құрылтайға келер алдында тұтас елдің атынан ұлы Жошы ханның рухына құран бағыштап, құрбан шалғанын айтып өтті. Жаңа Қазақстанды құру жолындағы тарихи қадамның киелі жерден басталуы – жақсы ырым. Бәріміз бабалардың аруағы қолдап, ісіміз оңынан болсын деп тілейміз.

Ұлы даланың төрінде тұрған Ұлытау талай тарихи оқиғаның куәсі болған. Ел тағдырын айқындаған көптеген маңызды кеңестер  дәл осында өткен.  Киелі өлкеде Алтын орда әміршілері мен Қазақ хандарының ізі қалған. Біз ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тапсын деп осы жерге келіп отырмыз.

«Менің Жарлығыммен бұл өңірде жаңа облыс құрылғанын білесіздер. Қасиетті өлкенің атауын жаңғыртып, оны Ұлытау деп атадық. Дербес облыс мәртебесі осы аймақты тың серпінмен дамытуға мүмкіндік береді. Жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты жақсара түседі деп ойлаймын. Жаңа нысандар, солардың ішінде әлеуметтік кешендер бой көтереді, туристік әлеуеті артады», – деп жаңа облыс туралы еске салды.

Облыстың алғашқы қадамы алқалы жиыннан басталуда. Ұлт ұясы – Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясы қайта жалғасын тапты.

Одан кейін мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайдың жұмысын ұйымдастыру мәселесіне тоқталды.

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin