• 24 ноября, 2024 10:26 пп

ШЫМКЕНТТЕ «МЕН КӘСІПКЕР» ЖОБАСЫ бАСТАУ АЛДЫ!

Автор:admin

Июл 3, 2023

Кәсіп бастаймын деген шымкенттік арулар үшін жаңа жоба бар. «Мен кәсіпкер» деп аталатын бағдарлама ағымдағы жылы 700-ге жуық әйелді жетістікке жеткізбек. Өзінің қызығушылығы мен ынтасына қарай нақты саланы таңдаған жандар екі бағыт бойынша білім алып, кәсіп иесі атанады. Бұл туралы Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова баспасөз брифингінде мәлімдеді.  Оның айтуынша, «Мен кәсіпкер» жобасы «кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында жүзеге асырылуда. Ол 2022 жылы еліміздің 4 облысында пилоттық режимде іске қосылды. Биыл жоба Қазақстанның барлық өңірлерін қамтыды. Ол жаңа бастаған кәсіпкерлерге өз ісін бастауға және тауарларды нарыққа шығаруға көмектесуге арналған. Шымкентте жоба екі бағыттан тұрады. «Бірінші бағыт әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары болып табылады-бұл кәсіпкер әйелдерді, сондай-ақ кәсіпкерлік бастамасы бар әйелдерді қаржылай емес қолдау алаңы. Мұнда олар стартаптарды ынталандыру, экономикалық белсенділікті арттыру, оқу бағдарламаларына қатысу үшін бірқатар қызметтерді ала алады. Екінші бағыт — «Кәсіпке бағыт» — Кәсіпкерлік әлеуетті арттыру мақсатында құзыреттерді оқытуды және салалық оқытуды қамтиды»,- деп атап өтті Сабира Адамбекова. Кәсіп иесі атанғысы келген жандар таңдау саласына қарай шаруашылық немесе аспаздық секілді  арнайы орындарда үйренеді. 18 жастан асқан әйел азаматтар өтінім беру арқылы жобаға қатыса алады. Жалпы, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы арқылы аталған бағыттар бойынша Шымкенттің 700-ге жуық тұрғынына қызмет көрсету жоспарлануда. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша 2022 жылы пилоттық жоба енгізілген болатын. Ол жоба өз тиімділігін көрсетіп, нәзік жандыларға 411 қызмет түрі көрсетілген. Ал, бір жылдан аса жеке кәсіпкер болып тіркелген аруларға арнайы мамандар арқылы тәлімгерлік қызмет көрсетіледі. Қазір мұндай 17 кәсіпкер әйел нақтыланған. Сондай-ақ, тек қыз-келіншектер қатыса алатын «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бар. Оның басты шарты – шикізат жергілікті өнім болуы керек. Осыған дейін Батыс, Жамбыл, Маңғыстау, Қостанай өңірінде пилоттық жоба ретінде қаралған бағдарламаны осы жылдан бастап барлық аймақ қолданып көрмек.

Jsk ақпарат

Автор: admin