Республиканың ең ірі аймақтарының бірі болып табылатын Шымкент қаласы еліміздің қазіргі өнеркәсіп, сауда және мәдениет орталықтарының бірі саналады. Өзінің миллионнан астам халқымен Қазақстан Республикасының ең ірі қалаларының қатарында. Ұлы жібек жолының бір бөлігінде орналасқан керуен жолдары қиылысында пайда болған Шымқала Орта Азияның көне қалаларының құрамына енеді және бай тарих пен мәдениетке ие. Бүгінгі таңда осындай 2200 жылдық тарихы бар қаламызға түрлі елдерден инвестиция тарту шараларын күшейтті. Бұл өз кезегінде шаһардың дамуына оң әсерін тигізбек. Мемлекеттік бағдараламаларда қаламызда кәсіпкерлер үшін тиімді индикаторлармен жұмыс жасау үстінде. Тәуелсіздік жылдар бедерінде инвесторлар өнімінің арқасында шымкенттік өзіндік брендтер қалыптасты. Олардың қатарына «Бал текстильдің» кілемдерін, «Рахат-Шымкент», «Нұртаудың» кәмпиттерін, «Люкс шуз», «Заряның» аяқ киімдерін, «Әлем-БТ-ның» шұлықтарын, «Азала текстиль», «АГФ груптің» төсек-орын жабдықтарын жатқызуға болады. Жүздеген кәсіпорынның ішінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 20 жоба іске асырылуда. 3 жоба Қытай елінің еншісінде болса, оншақтысы Түркияға тиесілі, қалғаны әртүрлі елдердің үлесінде. Тоғыз жолдың торабында тұрған Шымкент іргесіндегі көрші ел астанасы Ташкентпен сауда-экономикалық байланысты жылдан-жылға күшейтіліп келеді. Оған Қазақстан-Өзбекстан арасындағы соңғы жылдары қол жеткізілген бауырластық және әріптестік тығыз қарым-қатынастардың жандануы да түрткі болды. Соның арқасында қос мемлекетпен арада сауда айналымы күшейіп, экономикалық белсенділік арта түсті. Әсіресе алыс-беріс мәселесінде Шымкенттің алар үлесі ауқымды. Өзбекстандық инвесторлар бүгінгі таңда қала экономикасына қаржы салуға әзір. Екіжақты байланыстың беки түскеніне өзбек ағайындардың мегаполисте керамикалық тақталар шығаруға қатысты жоспарлары мен металургиялық зауыт салуға тыңғылықты кірісіп жатуы дәлел. Айта кету керек, бүгінде «Оңтүстік» индустриалды аймағында 89.3 млрд теңгеге 92 жоба іске асырылып, оның 77-і нақты іске қосылса, «Тассай» индустриалды аймағында 20 жоба қолға алынып, оған жұмсалған қаржы 28 млрд теңгені құрады. Қазіргі таңда мұнда 1 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Jsk ақпарат