• 21 сентября, 2024 9:48 дп

Шымкентке инвестиция тарту жұмыстары белсенді жүргізілуде!

Автор:admin

Июл 13, 2023

Салаға жауапты басшы индустриалды аймақтар жобасы әлемдік практикада бұрыннан бар екенін тілге тиек етті. Біздің Шымкент секілді шетелде де өнімдер негізінен маңызды қалалар жанынан шоғырланған индустриалды аймақтарда өндіріледі. Ең алғашқы ИА 1896 жылы Англияның Манчестер қаласында құрылған. Содан кейін Еуропаның басқа да қалаларында соңынан АҚШ-тың штаттарында пайда бола бастады. Индустриалды аймақтардың басты артықшылығы – оларда дайын көлік пен инженерлік инфрақұрылым болады. Дегенмен әлемде индустриалды аймақтардың атауы әртүрлі айтылады. Бір елдерде біздегідей индустриалды аймақ десе, енді бірінде индустриалды парк немесе технопарк деп атайды. Әсіресе ИА Батыс Еуропада өте көп. Бір ғана Германияның өзінде 200-ден астам технологиялық парк болса, АҚШ-та оның саны 400-ден асады. Мәселен АҚШ-тың Алабама штатындағы Хантсвилль индустриялды аймағында Toyota, BASF, Pratt & Whitney, Northrop сияқты ірі компаниялардың кәсіпорындары орналасқан. Соңғы онжылдықта индустриалды аймақтардың Азия, Шығыс Еуропа және Балтық жағалауы елдерінде жақсы дамып келе жатқаны байқалады.  Бүгінгі таңда қалаға инвестиция тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Нақты айтар болсақ, 2020-2025 жылдар 3,6 трлн. Теңге инвестиция тарту жоспарланған. Ол үшін 328 инвестициялық жобадан тұратын базасы жасақталды. Бұл жаңадан 20 мыңнан аса жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, соңғы екі жылда құны 200 млрд. теңгені құрайтын 85 инвестициялық жоба іске асырылған. Оның ішінде Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жалпы құны 53,8 млрд. теңгені құрайтын 37 жоба іске қосылған. Сондай-ақ, 9 жобаға шетелден 36,8 млрд. теңге инвестиция тартылған. Нәтижесінде жаңадан 4 500 жұмыс орны ашылған. Бүгінде Шымкент қаласының аумағында «Оңтүстік» және «Тассай» индустриялық аймақтары жұмыс істеуде. Соңғы екі жылда аталған индустриалды аймақтарда 16 кәсіпорын іске қосылды. Оған 230,9 млрд. теңге инвестиция тартылған. Аталған зауыт-фабрикаларда 910 адам еңбек етеді. Сонымен қатар осы мерзім аралығында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында 9 кәсіпорын, ал, көліктік-логистикалық аймақта 1 кәсіпорын жұмысын бастаған. Бұдан басқа қалада жаңадан 2 индустриалды және 2 агроиндустриалды аймақтарды ашу қолға алынған. Екі жылда агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында 19,4 млрд. теңгеге 34 инвестициялық жоба іске асырылды. Сөйтіп агросекторда 576 жұмыс орны пайда болды. Шымкентте соңғы екі жылдың ішінде шағын және орта бизнесті қолдау бойынша да көп жұмыс істелген. Мысалы, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 69 мыңнан 75,5 мыңға дейін көбейді. Қазір бұл секторда 168 мың адам еңбек етуде. Аталған мерзімде «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 493 жобаға 12,7 млрд. теңгеге қолдау көрсетілген. «Қарапайым заттар экономикасы», «Мен кәсіпкер боламын» және «Іскер қала» атты бағдарламалар да сәтті жүзеге асып жатыр.

Jsk ақпарат

Автор: admin