• 11 декабря, 2024 9:10 пп

Шымкентте кәсіпкерлер — мемлекеттен «Жаңа экономикалық саясат» бағытында жеңілдетілген несие алуда!

Автор:admin

Июл 26, 2023

«Жаңа экономикалық саясат» бағытында мемлекеттен несие алған кәсіпорынның бірі – отандық кілем өндірісінің көшбасшысы «Бал текстиль» компаниясы. Кілем фабрикасы, әзірге, Қазақстанда теңдесі жоқ серіктестік болып отыр. «Бал текстиль» әу баста кәсібін түркиялық «Kartal Carpets» компаниясымен бірігіп бастаған. «Kartal Carpets» – түркиялық кілем өндіру нарығында өзіндік орны бар компания. Шымкенттің «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан бірнеше өндіріс орындарының арасында бұл фабриканың тәжірибесі мол. Өз жұмысын 2013 жылы «Индустрияландыру картасы» бағдарламасы аясында бастаған өндіріс орны тек кілем тоқумен ғана емес, «BCF», «Heat-Set», «Frize» маркалы полипропилен жіптерін иірумен де айналысуда. Компания басшысы Талғат Ысқақов қажетті шикізаттың Түркия, Бангладеш, Үндістан және басқа да елдерден тікелей жеткізілетінін айтады. Кілемдер Бельгияның жоғары технологиялық «Michel Van De Wiele» қондырғыларында тоқылады. Ал синтетикалық полипропилен жіптері Германия мен Франция елдерінен жеткізілген. «Oerlikon Neumag», «Allma Volkmann», «SUPERBA» фирмаларының заманауи құрылғыларында иіріледі. – Біздің фабрика 1 жылда 5 млн шаршы метрге дейін кілем бұйымдарын өндіре алады. Ал машиналар шығарылған жылына байланысты түрлі модельдерге бөлінеді. Олардың ішіндегі ең жаңасы ені 5 метрге дейінгі кілемді тоқи алады. Германиялық «Oerlikon Neumag» машинасымен полипропиленнен жіп өндіріледі. Оның жылдық қуаттылығы – 4000 тонна полипропилен жіп. «Полипропиленді жіпті фабриканың өзінде өндіру қаншалықты тиімді?» — дедік кәсіпкерге. – Германиядан әкелген машинаны орнатып, жіп иіре бастағалғалы кілемнің өзіндік құны 20 пайызға төмендеді. Оған дейін тоқымаға қажетті жіптерді шетелдерден импорттауға мәжбүр болатынбыз. Қазір жіпті фабриканың өз цехында өндіру шығынды біршама азайтты. Айталық, ол бізде тоқылған кілемдердің арзан бағамен сатылуына да ықпал етті. Полипропиленнен жіп өндіру процесіне келсек, алдымен «Oerlikon Neumag» машинасынан шығатын жіп талшықтары «Allma Volkmann» машинасында иіріледі. Бір жіп 144 талшықтан құралса, келесісінде 180 талшық болады. Талшық санына қарай олардың сапасы анықталады. Осы талшықтарды түтілместей етіп ширату үшін Франциядан алдырған «SUPERBA» машинасында ширатылады. Мұнда иірілген жіптер 70-1350 градус ыстық буға піседі. Ыстық буға піскен полипропиленді жіп өзінің бастапқы иірімділік қалпын сақтайды және кілем бетіне ауыр зат қойғанда түгі құлап, сынбайды. Талғат Жүнісбекұлының сөзінен ұққанымыз, кілем өндірісінде қолданылатын негізгі шикізат көзі – пропилен. Синтетикалық материал полипропиленнің артықшылығы — ширатымдылығы жақсы. Кілемге кететін шығынды барынша азайтады. Есесіне өнімнің құны төмендейді. Ал табиғи шикізат қатарына мақта және бамбук ағашынан жасалған «JUT» жіп өнімдерін атауға болады. Кілемге табиғи шикізат көбірек қолданылған сайын оның халықаралық стандарттарқа сәйкестігі арта түседі. Фабрикада бүгінде 245 адам жұмыспен қамтылған. «Бал Текстиль» өнімдерін Қазақстанның барлық қалаларында кездестіруге болады. Еліміздегі ресми таратушылардың қатары 400-ден асқаны – осының дәлелі. Сонымен қатар тұрақты түрде тапсырыс беріп, өнімдерді алатын 20-дан астам шетелдік серіктесі бар. 2016 жылы шведтік IКЕА мен Еуропалық экономикалық қауымдастықтың өзге де компанияларымен келісімге келудің нәтижесінде, экспорт көлемін 20-30 пайызға ұлғайтты. Енді «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар кілемдерді Англия, Германия және Ресейдің ірі сауда маркеттерінен кездестіруге болады. Білуімізше, IКЕА мен ЕЭҚ-пен жұмыс істеу деген кәсіпкер үшін зор мәртебе. Міне, сол ИКЕА-ға Қазақстаннан алғаш болып өнімін өткізген де «Бал текстиль» кілем фабрикасы. Компания директорының орынбасары Дәулет Қанашаев «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 1 млрд теңге несие алғанын сөз етті. Қарыз көлемінің 50 пайызын инвестициялық мақсатта, 50 пайызына дейін айналым ақшасын алыпты. Яғни, жарты ақшаға бельгиялық жоғары технологиялық «Michel Van De Wiele» қондырғысының соңғы заманауи үлгісін алдырыпты. Одан артылған қаржыға Түркиядан да соған ұқсас қондырғы әкеліпті. «Соның арқасында өніміміз 20-30 пайызға көбейіп жатыр. Жергілікті қазақстандық теңгемен 7 жылға мемлекеттен қарызға алған қаржы өте тиімді мақсаттарға жұмсалуда. Кәсіпкер ретінде теңгемен аз пайызбен несие алу өте тиімді», — дейді Дәулет Есенбайұлы.
Jsk ақпарат

Автор: admin