Бүгінде кәсіпкерлікті мемлекет тарапынан қолдау шаралары жыл санап жақсарып, тиісінше бизнес субъектілерді қаржыландыруға айтарлықтай көңіл бөлінуде. «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасын Үкімет 2025 жылға дейін ұзартуы да соның бір айғағы. Яғни, ел тұрғындары үшін бизнес әліппесін үйреніп, өз ісін бастауына мүмкіндіктің жаңа көкжиегі ашылып отыр деген сөз. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Шымкент қалалық филиалының директоры Алмас Тастанов үшінші мегаполисте шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға бағытталған жұмыстардың барысын әңгімеледі.
– Алмас Құлмаханұлы республикалық маңызы бар қаланың кәсіпкерлік әлеуеті қандай, ілгерілеу бар ма?
– Шымкенттің кәсіпкерлік әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. Шымшаһарда кәсіпке бет бұрғандар да көбейді. Олар қаланың қазынасын толықтырып қана қоймай, тауарлар мен қызметтердің түрін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мұрындық болып отыр. Бұған дейін қаламызда оңтүстік өңірі үшін бір ғана филиал болатын. Ал Шымкент қаласы бойынша қордың бөлімшесінің құрылғанына жарты жылдан асты. Осы жартыжылдықта да қомақты жұмыстар істелді. Көрсеткіштер бар. Қаржылық емес бағыт бойынша 1 000-нан астам кәсіпкерге тегін кеңес бердік. 300-ге жуық кәсіпкердің құжатын екінші деңгейлі банктерге рәсімдеуге көмектестік. Ал қаржылай қолдауға ие болғандарға тоқталып өтсем, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Үш бағыттан тұратын бұл бағдарламаның негізгі мақсаты — қалалалар мен ауылдарды қамти отырып кәсіпкерліктің қанатын кеңейту болып табылады. Бұл бағдарламада бұрынғыдай субсидия мен қордың кепілі беріледі. Енгізілген өзгерістің әрі ерекшеліктің бірі – франшиза беру бағыты енгізілді. Бұл кәсібін енді бастағандар үшін екінші деңгейлі банктерге төлем қабілеттерін растауда тиімді. Жалпы өткен жылы 59 жобаға субсидия бөлінді. Кредит сомасы – 10 млрд теңгеден асады. Кепіл беру бойынша 30 жобаны қолдадық. Кепіл заттың сомасы 921 млн теңгені құрады. Яғни, кәсіпкерлер осынша қаражатқа қол жеткізіп, өз кәсібін дөңгелетіп жатыр. Бұдан басқа, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған тағы бір бағдарлама — нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2025 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы. Бұл бағдарлама арқылы бизнес-жоспарды іске асыру үшін «Даму» қорының кепіл беруімен жылына 6 пайызбен 20 млн теңгеге дейін шағын несие алуға болады. Шілде айында аталмыш бағдарламаға 618,0 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат үш банкке орналастырылды. Атап айтсақ, «Halyk Bank», «Сбербанк», «Forte bank». Бұл бағдарлама асында 110 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде 42 жобаға кепіл бердік. Кепілдік – ол алғалы тұрған қаражаттың бастапқы 20 пайыздық сомасы. Ал үшінші қаржылық бағдарлама қарапайым заттар экономикасы бойынша жалпы сомасы 3, 1 млрд теңгені құрайтын 10 жобаға қолдау көрсеттік. Жоғарыда айтып өткен көрсеткіштердің барлығы өңірдегі кәсіпкерлердің қатары өскенін айғақтайды.
Jsk ақпарат