• 23 ноября, 2024 10:35 дп

Қаржы сауаттылығы: бизнеске несие беру …

Автор:admin

Июл 16, 2023

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында халықтың шамадан тыс қарыздануы мәселесіне назар аударып, тиісті органдарға табысы аз, әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған азаматтардың тым көп несие алуының алдын алуға бағытталған шаралар қабылдау туралы тапсырма берген болатын. «Қаржы секторындағы тағы бір жағымсыз фактор – тұтыну сегменті мен бизнеске несие беру ісіндегі теңгерімсіздік. Тұтынушыларға тоқтаусыз, тіпті, жауапсыз несие беруге нормативтік тұрғыдан тосқауыл қою керек. Оның айтарлықтай, әлеуметтік зардабы болуы мүмкін. Азаматтардың қаржылық сауатының төмендігі оларға түрлі несиені жөн-жосықсыз тықпалауға себеп болмауы керек» деп атап өткен болатын. Содан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде заңнамалық және нормативтік база өзгертіліп, қарыз алушының төлем қабілетін бағалауға қатысты талаптар едәуір күшейтілді. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Осының нәтижесінде бұрын тұтынушылық мақсаттағы несиені барлық клиенттерге оңды-солды таратып келген микроқаржылық ұйымдар, ломбардтар мен өзге де қаржы мекемелерінің қызметі мемлекет тарапынан реттеле бастады. Ал, ең бастысы, жаңа заң қарыз алушылардың борыштық жүктемесі мен төлем қабілетін есептеу тәсілдерін жетілдірді және банктердің меншікті капиталының жеткіліктігіне қойылатын талаптарды күшейтті. Атап айтқанда, отбасының жан басына шаққандағы табысы күнкөріс минимумына жетпейтін болса, тұтынушылық мақсаттағы несиелер беру шектелді. 2022 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі адам басына 36 018 теңге болып белгіленгенін ескерсек, 4 перзенті бар, 6 адамнан тұратын отбасының табысы 216 108 теңгеге жетпеген жағдайда екінші деңгейлі банктер оған несие беруді шектеуі тиіс. Сондай-ақ, жеке азаматтың несиелері бойынша қазір төлеп жүрген ай сайынғы төлемі табысының 50 пайызын құрайтын болса, оған жаңа несие беруге тыйым салынған. Бұл белгілі бір дәрежеде банктердің кепілсіз қарыздарды беталды үлестіруін шектеді. Алайда, сарапшылардың пікірінше, бұл шаралар халықтың қарыздануына қатысты түйіткілді мәселені толық шешу үшін жеткіліксіз болған. Әсіресе, короновирус пандемиясына байланысты туындаған дағдарыс кезінде елдің табысы азайған тұста азаматтардың қарызға бату қаупі арта түскен. Екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары жоғарыдағы заң нормаларын орындауға мүдделі болмай, оларды айналып өтетін түрлі схемалар жасауға ұмтылған. Осыған орай Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк несие беретін ұйымдардың жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ, несие бойынша шекті мөлшерлемелерді саралап-жіктеу және азайту үшін қосымша реттеу шараларын қабылдаған. Осы жұмыстың нәтижесі ретінде шілде айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бұл заңда қарастырылған нормалар қарыз алушылардың борыш жүктемесін дұрыс бағалау үшін берілген қарыздар туралы ақпаратты Кредиттік бюроға ұсыну мерзімін 15 жұмыс күнінен 1 жұмыс күніне дейін қысқартып отыр. Аталған мерзімде қарыз алушыға кредит беру фактісі және оны идентификаттау туралы ақпарат берілетін болады. Бұл шамадан тыс көп несие алған адамдарға қарыз бермеуді міндеттейді.

Jsk ақпарат

Автор: admin