• 25 ноября, 2024 10:12 пп

Ұлттық құрылтайдың басты мақсаты – қоғамдық тұрақтылықты сақтау

Автор:admin

Июл 24, 2023

Мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметі сапалы жүргізілуге тиіс. Қоғам тынысы әрдайым назарда болуы өте маңызды. Шешім қабылдағанда жұрттың ұсыныс-тілектерін, пікірін ескеру қажет. Барлық құзырлы органдар осындай тәсілмен жұмыс істеуге міндетті. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Түптеп келгенде, бұл – тұрақтылық пен тыныштықтың, өсіп-өркендеудің кепілі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мән-маңызы, өзегі – осында. Қазір әлеуметтік зерттеу жүргізу үшін түрлі мекемелерге қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ жұмыс жүйелі емес, сондықтан нәтижесі күмәнді болып шығады. Бұл жұмысты бір жерден ұйымдастырып, кешенді түрде жүргізу керек. Жалпы, талдау қызметі сапалы жүргізілсе, мемлекеттік басқарудың тиімділігі арта түсері сөзсіз. Мемлекетке кешенді түрде жүргізілген зерттеулер мен ұсынымдар өте қажет. Бұл маңызды әлеуметтік мәселелерді шешіп, елдің жан-жақты дамуын қамтамасыз ету үшін айрықша маңызды. Алайда құзырлы органдардың отандық «ақыл-ой орталықтарымен» және консалтинг компанияларымен қарым-қатынасының тиімділігі төмен. Олардың қызметіне қажет болғанда ғана жүгінеді. Мемлекеттік «ақыл-ой орталықтарының» да қызметі көңіл көншітпейді. Олар нақты бір мәселемен тиянақты айналыспайды. Көбінесе бір-бірінің жұмысын қайталайды. Бізге сараптау-талдау қызметін тиімді жүргізетін мықты орталықтар желісі қажет. Бұл құрылымдар сапалы әрі сұранысқа ие интеллектуалды өнім ұсынуға тиіс. Еліміз идеологиялық дербестігін сақтау үшін мұның айрықша мән-маңызы бар. Сараптама орталықтары еліміз егемендік кезеңінде жүріп өткен жолдың әр бағытын зерттеуге тиіс. Кемшіліктердің себеп-салдарын анықтау қажет. Үкімет жаңа жоспар жасағанда осы факторлар ескерілуі керек. Ғылым мен зерттеуге негізделген саясат табысты болады. ЖЕТІНШІ. Еліміз үшін стратегиялық маңызы бар тағы бір мәселе – шекаралас аймақтарды дамыту. Жер – басты байлығымыз. Туыңды тігер тоқымдай жерің болмаса, өз мемлекетің де болмайды. Бабаларымыз бізге ұлан-ғайыр аумақты мирас етті. Оны шашау шығармай сақтап, көркейту – біздің қасиетті борышымыз. Осы орайда «Жеріміз шетелдіктерге сатылып жатыр» деген сөз ара-тұра айтылып жатады. Бұл – жалған ақпарат. Елімізде жерге қатысты түбегейлі шешім әлдеқашан қабылданған. Ол шешім заңмен біржола бекітілген. Түрлі дақпыртқа сеніп, жұртты дүрліктіретін жалған ақпарат таратуды доғару керек. Біз бабалар аманатына әрдайым адал боламыз. Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз. Шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жеріміздің тұтастығына және еліміздің амандығына тікелей ықпал етеді. Шын мәнінде, бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Өкінішке қарай, шекара шетіндегі кейбір елді мекенде халық саны күрт азайып кетті. Бұған бір кездегі аудандарды біріктіру жөніндегі шешімдер де ықпал еткені сөзсіз. Облыстардың ішкі аумақтық-әкімшілік құрылымында ойланатын тұстар бар. Біз былтыр Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құрдық. Бұл шешім аймақтардың дамуына тың серпін берді. «Аманат» партиясы бірқатар шекаралас ауданды қалпына келтіру туралы бастама көтергенін білесіздер. Үкімет менің тапсырмаммен бұл мәселені пысықтады. Мен соған сәйкес Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы негізгі шешімді қабылдадым. Әрине, бұған арнайы дайындық керек. Қажетті есеп-қисабын жасап, қаражатымызға, бюджеттің мүмкіндігіне қарауымыз керек. Тиісті жұмыстың бәрін биыл аяқтап, алдағы екі жылдың ішінде осы үш ауданды қалпына келтіре бастаймыз. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан қарасақ та, өте маңызды мәселе. Осы мәселені көпке созбай, шешуіміз қажет. Жалпы, аудандарды қосу немесе тарату ондағы жұрттың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Шешім қабылдаған кезде халық саны, экономикалық әлеуеті, инфрақұрылымы түгел ескерілуге тиіс. Мен аймақтарды, оның ішінде ауылды өркендету ісіне ерекше мән беремін. Былтыр Президент сайлауынан кейін, ең алдымен, ауылды дамыту мәселесіне арналған Жарлыққа қол қойдым. Үкімет алдағы 5 жылда ауылды дамытуға айрықша күш салатын болады. Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Елге еңбегі сіңген көрнекті тұлғалардың басым көпшілігі ауылдан шыққан. Біз елімізді өркендетеміз десек, ауыл мектебінің жай-күйін жақсартуды мықтап қолға алуымыз керек. Бұл жұмысты «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының аясында кешенді түрде жүзеге асыру қажет. Яғни, мектеп салу, күрделі жөндеу жүргізу және оны жабдықтау жұмысын тиісті деңгейде атқару маңызды.

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin