Талдықорған қаласының тұрғыны Дана Үсенбекова мемлекеттік гранттың көмегімен жеке киім желісі мен киім брендін жасап, шығаруда.
30 жастағы Дана Үсенбекова мамандығы бойынша саясаттанушы. Бірнеше жыл Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының аудандық соттарында жұмыс істеді. Алайда, саясаттану мен мемлекеттік қызметтен гөрі киім дизайны бағыты жанына жақын болды. Студенттік кезінен бастап түрлі киімдердің сызбасын дайындап, ателье ашуды армандады. 2019 жылы ол «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасына жүгініп, «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша оқыту жобасына жазылды.
«Дарын атадан балаға беріледі демекші, менің әжем қолөнер шебері болса, әкем суретші. Сондықтан бойымдағы қабілетімді дамыту үшін «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік туралы білімімді шыңдадым. Жобам 200 АЕК көлемінде грантқа ие болды. Бұл қаражатқа жабдықтар, маталар мен басқа да қажетті заттарды сатып алдым. Қазір үйде тапсырыс қабылдап, киімімді D’Atelier онлайн дүкені арқылы сатамын», — дейді кәсіпкер.
18-35 жас аралығындағы қыздарға арналған көйлектер Dana Talgatkyzy брендімен тігіледі.
«Әр киім эксклюзивті, ең сапалы маталар мен фурнитуралардан әзірленеді. Осылайша біз қыз-келіншектердің әсемдігі мен талғампаздығын ерекше атап өткіміз келеді», – дейді Дана Үсенбекова.
Көксу ауданындағы Меруерт Тойболат – кәсібін нәсіп еткен тағы бір іскер жан. «Бастау Бизнес» жобасының 2020 жылғы түлегі былғарыдан аяқ киім шығаруға 200 АЕК көлемінде грант жеңіп алды.
«Ата-анам қолөнершілер болған соң, кішкентайымнан теріден, матадан бұйымдарды жасауға әуес болып өстім. Үйде бос отырмау үшін мемлекеттік қолдаудың көмегімен бизнес негіздерін үйренуді ұйғардым. Осылайша қазіргі таңда таза былғарыдан балалар мен ересектерге жазғы және қысқы мәсілер жасаймын. Сондай–ақ, алдағы уақытта жұмыссыз адамдарды қолөнерге тегін үйретіп, цехыма жұмысқа алуға дайынмын», — дейді Меруерт.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы бойынша 3,1 мыңнан аса жұмыссыз және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер оқытылды. Өткен жылдары аяқтағандарды ескере отырып, жоба бойынша оқытылғандардың ішінен 2011 бизнес-жоба мемлекеттік бағдарламалар бойынша гранттық қаржыландыру мен жеңілдетілген несие алды.
Jsk ақпарат