• 27 ноября, 2024 1:51 дп

ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ — ХАЛЫҚ ПЕН БИЛІКТІҢ БІРЛІГІН НЫҒАЙТАДЫ!

Автор:admin

Авг 10, 2023

Дүние тынышсыздана түсті. Қиял жетпес алыста емес, іргемізде неше түрлі сұмдықтар болып жатыр. Осындай қиын шақта алқалы жиында бас қосып, келер күндерге жоспар жасаудан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Осы мағынада алғанда, Ұлттық құрылтай дер кезінде өтті деп ойлаймын. Ал оның Түркістанда өтуі мынау әлемге түгел түркінің, оның ішінде қазақтың да айтары барын айшықтап тұрғандай. Дүние дүние болғалы геосаясат басты орында тұрады. Оған мән берілмей қалған жағдайларда елдіктің туы қолдан сусып кеткеніне кәрі тарих сан рет куә. Сондықтан солтүстігімізде – Ресей, шығысымызда – Қытай, батысымызда – Еуропа елдері сияқты мықты мемлекеттер орналасқандықтан, біздің бірер сәт босаңсуға, әлсіз болуға хақымыз жоқ. Бір қолдағы бес саусақ іспетті Орталық Азияда бес ел бар. Өздеріңізге мәлім, бес саусақ тең емес. Кімнің қай орында тұруы өзіне байланысты. Орталық Азияда кімнің жағдайы жақсы, экономикалық, саяси, рухани әлеуеті зор болса, Еуразияда мерейі үстем болмақ. Еуразияда беделді болса, әлемге сөзі өтпек. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы осыны армандап, дәл осы биік мұрат жолында күресті емес пе? Мұратқа жетудің, өзгеге кіріптар болмаудың жолдары қандай? Әрине, әртүрлі пікір бар. Ондай пікірлер осындай жиындарда айтылса, бағытымызды белгілеп алуға септігін тигізеді. Пікір алуандығынан қорқудың қажеті жоқ. Ең негатив пікірде де әлдебір шындық болуы мүмкін. Ел болып, мемлекет болып тиімді ойларды таңдап алуға тиіспіз. Өйткені қуатты мемлекет өзімізге керек. Қазақтың басқа Қазақстаны жоқ! Күшті мемлекетке айналу үшін ел мен билік осылай бір-біріне құлақ сала, тізе қосып әрекет етуі тиіс. Ұлттық құрылтайда көптеген салаға қатысты жақсы ойлар айтылып, жоспарлар бекітілді. Бұл жайлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде кеңінен тоқталды. Экономика, саясат, әлеуметтік жағдайды өз мамандары айта жатар. Мен креативті индустрия жайында айтқым келіп отыр. Мемлекет басшысы: «Креативті индустрияны жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Қазір медиа саласы, кино және сериал, мультфильм, спорт және музыка шоулары, компьютер ойындары мен кітаптар – бәрі бірігіп, біртұтас жүйеге айналды. Бұл жүйе озық құндылықтар мен қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Біздің бұл саладағы әлеуетіміз орасан зор. Оны толыққанды жүзеге асыру үшін нақты шаралар қабылдау қажет», – деген-ді. Президент бұл сөздерді бостан-босқа айтып тұрған жоқ. Аталмыш саладағы олқылықтарды біліп тұр. Отыз жылда БАҚ та, кино өндірісі де, әдебиет те дағдарысқа ұшырады. Ең әуелі БАҚ мәселесіне (мемлекеттік БАҚ-тар) тоқталсақ, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «Бәйтерек» холдингі сияқты, БАҚ-ты да оңтайландыру керек. Қазір газет-журнал немесе сайтта 6 адам жұмыс істесе, 60 адам соның арқасында саусағын қимылдатпай күн көріп отыр. Қалайша? Шығармашылық ұжымын ЖШС-ға тәуелді етіп қойған. Оны мүлде бөгде саланың адамдары басқарады. Сол бөгде адамдардың жалақысы журналистерден анағұрлым жоғары. Телеарналарда да, ақпарат агенттіктерінде де осындай ахуал. Ақпарат министрлігі бар елге арадағы делдал ЖШС, холдингтердің не қажеті бар? Қаржы, жалпы басқару тетігі тікелей бас редакторға берілуі тиіс деп ойлаймын. Сол кезде ғана журналистің мәртебесі көтеріліп, жағдайы жақсармақ. Ақпарат саласы үлкен идеологиялық күш. Мәселен, кезінде «Балапан» телеарнасының ашылуы жақсы эффект берді. Сондағы мультфильмдерді көрген оңтүстіктегі көршілердің балаларының қазақша сайрап жүргендерін өз көзіммен көрдім. Осы бағыттағы жұмысты күшейту шарт. Идеологияның тағы бір маңызды саласы – кино. Алпауыт елдердің мәдени экспансиясы кино арқылы жүргізілетіні ешкімге таңсық емес. «Жаужүрек мың бала» қазақтың рухын көтерді, тарихқа құрметпен қарауға үйретті. Мемлекет басшысы айтқандай, осылайша өз тұлғаларымызды дәріптеуге тиіспіз. Бір өкініштісі, бұл мәселеде ұсақталып, тайпа, ру деңгейіне түсіп кетіп жүрміз. Мұндай кезде рулық тұлғалар төрге озып, ұлттық тұлғалар далада қалып жатыр. Далада қалған тұлғаға әрқашан ие болғысы келетіндер табыла кетеді. Оңтүстіктегі көршілеріміздің тарихшылары әлеуметтік желіде бірнеше жылдан бері «Жалаңтөс баһадүрдің қазаққа қатысы жоқ» деген идеяны таратып жүр. Біздікілер жұмған аузын ашпаған соң баһадүр бабаны өзінікі етіп, кино түсіруде. Етек-жеңімізді жинамасақ, есемізді жібереміз.

Президент елдегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап барын, бірақ көркем әдебиеттің үлесі аздау екенін айтты. «Балалар кітапханасы» жобасы қолға алынса, балалар жазушыларына да көңіл бөлініп, Молдахмет Қаназ сияқты классиктеріне еш ойланбастан қайта тағайындалғалы жатқан «Халық жазушысы» атағын беру керек. Бізде Мұзафар Әлімбаевтан кейін мемлекеттік сыйлық алған балалар жазушысы жоқ. Бұл атақты мемлекеттік сыйлық сияқты жерлес, руластарға таратып немесе араағайын арқылы сұрағандарға беріп, беделін қашырмай, лайықты қаламгерлерге берген жөн. Сайлаубай Жұбатырұлы, Мейірхан Ақдәулет, Шәкизада Әбдікәрімов, Байбота Қошым-Ноғай, Қуаныш Жиенбай, Қуандық Түменбай, Серік Байхон, Жүсіпбек Қорғасбек, Құдияр Біләл, Қасымхан Бегман, Сабыр Адай, Светқали Нұржан секілді қаламгерлер атаққа әбден лайық. Тұлғаларды бағалауда шынайылық болсын. Осы жерде бірдеңені айта кеткен жөн: біз әдетте, белгілі бір министрліктің басшысы жақынын қызметке қойса немесе мақсатты бөлінген қаржыға қол салса, өкілетін асыра пайдалану мен жемқорлықта айыптаймыз. Ал Жазушылар одағына ірілі-ұсақты қызметке келгендер сыйлықтың бәрін сыпырып алып, есебін түгендесе, күлеміз де қоямыз. Негізі, бұл да өкілетін асыра пайдалануға жатады емес пе? Сондықтан кез келген қаламгер Жазушылар одағына сыйлық алу үшін емес, өзге әріптестеріне, жалпы, әдебиетке қызмет ету үшін келу керек. Мемлекет басшысы келелі кеңесте басты бағыт-бағдарларды белгілеп берді. Оны жүзеге асыру әрбірімізге байланысты.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin