• 19 сентября, 2024 10:09 пп

ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ ҰЛТТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУГЕ ТИІС

Автор:admin

Авг 6, 2023

Түркістан қаласында өткен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» Ұлттық құрылтайының екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзі біз, қазақстандықтарды терең жаңа ойларға, жаңа бастауларға жетелейді, әлбетте. Мемлекет басшысы өз сөзінде әділетті Қазақстан құру жолындағы сегіз бағытқа бөлінген өзекті мәселелерге жан-жақты тоқталды. Президентіміз сегіз бағыттың ішіндегі басқа салалар қатарында идеология мәселесіне кеңінен тоқталып, бұл салада атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттарын айқындап көрсетіп берді. Әр ұлттың, қай кезеңде болмасын, алдында тұратын ұлы міндеттерінің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Қасым-Жомарт Тоқаевтың келешек ұрпақты дұрыс тәрбиелеу туралы айтқандарынан «Әділетті Қазақстан азаматы қандай болу керек?» деген сұраққа жауап алуға болады. Мемлекет басшысы тәрбие мен білім беру біріккенде ғана гармониялық, жан-жақты дамыған тұлға қалыптасатынын негізге ала отырып, «мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті», деді және басты назарды келешек ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеудің негізі болған әдебиеттің бала тәрбиесіндегі рөліне қаратты. Себебі бүгінгі интернет заманында ғасырлар қойнауында қалыптасқан ұлттық тәрбиені, адамгершілік асыл қасиеттерді жастар бойына қалыптастыру аса маңызды міндеттердің біріне айналып отырғаны даусыз. Сондықтан ұлттық мәдениеттің, әдебиеттің тарихы мен болашағы да мектептегі жас ұрпақ тәрбиесіне байланысты. Еліміздің бүгінгі қол жеткізген жетістіктерімен бірге тарихи тұлғалардың өз отаны, халқының бақыты үшін кешкен өмір жолымен кең таныстыру арқылы жас ұрпақты халқының тарихына қызықтырып, оларға патриоттық, эстетикалық, адамгершілік тәрбие беруде әдебиеттің атқаратын рөлі ерекше. Қазақстан – бәріміздің ортақ үйіміз болғандықтан, оның бүгіні және келешегі үшін әрбір қазақстандық жауапты болуы керек және «келешек жастардың қолында» деп сөз жүзінде айтпай, адал, отаншыл, бойына жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды сіңірген, еңбекқор келешек ұрпақты тәрбиелеуге өз үлесімізді қосуымыз өте қажет. Мемлекет басшысы өз сөзінде этносаралық бірлікті нығайтуға да баса көңіл бөлді. Әлбетте, әділетті жаңа Қазақстан құрудағы ең маңызды мәселелердің бірі еліміздегі бірлікті, ұлтаралық достықты нығайту және бұл тұрғыдан да ақын-жазушылардың қосатын үлесі зор деп білемін. Шығармашылығы арқылы әдеби достықты мәңгілік достыққа айналдырып, бұл алтын көпірді нығайту жолында тер төккен ата-бабаларымыздың достық эстафетасын келешек ұрпаққа ұстату жауапкершілігі бізге жүктелген екен. Президентіміз өз сөзінде айтқан бағыттар мен бастамаларды қолдап, жүзеге асыру – бәріміздің міндетіміз.  Әуелгі Ұлттық құрылтай Ұлытауда өткен еді. Енді міне, түбі бір түркі жұртының кіндігі – Түркістанда бас қосты, жұрт. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жиынның маңыздылығын атап өтіп, атқарылуға тиіс жұмыстарды айқындап берді: «Ұлттық құрылтай бұл арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған. Бүгінгі құрылтайдың отырысы еліміздегі қайғылы оқиғадан кейін өтіп жатыр. Абай облысында алапат өрт шығып, азаматтарымыз қаза тапты. Тағы да қайталап айтқым келеді: біз мұндай оқиғадан сабақ алуымыз керек, нақты шешімдер қабылдауымыз қажет». Президент наурыз айындағы Жолдауында құрылтайды шақыру жөнінде бастама көтерген-ді. Қазақ тарихнамасында жазылғандай, Түркістан – еліміздің рухани, мәдени орталығы, сананы жаңғыртатын саңлақ қала, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан стратегиялық нысан. Алаш үшін ауқымды шараның дәл осы орында өтуінің өзіндік сыры бар. Себебі Құл Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанында «күнде жиын, күнде той» өтетін атақты Күлтөбе бар. Кезінде сол Күлтөбеде күллі қазақтың тағдыры шешіліп отырған-ды. Бұл туралы Президент былай деді: «Ұлт тағдыры сынға түскен сәттерде бәрі ақылдасып, елдің болашағын айқындаған. Қалың жұрт салиқалы сөзге тоқтап, ел бастаған ерлеріне көш тізгінін ұстатқан. Бір ел, бір халық болып, сыртқы қатерге қарсы тұрған. Қазақтың бірлігі мен тұтастығының ордасы болған киелі Түркістан болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара береді. Қанша дәуір өтсе де, ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді. Биылғы құрылтайдың сипаты – өзгеше, мазмұны да – ауқымды». Негізінен, Ұлттық құрылтайда сегізге тарта мәселе қозғалыпты. Бұлардың қатарында мемлекеттік нышандарды жетілдіру, ұлттық брендті насихаттау, біртектес ұлттық кодымызды паш ету, ұлттық тарихи сана-сезімді жаңғырту, мәдени мұраларымызды дәріптеу, тарихи тұлғалардың тізімін дайындау, ономастикаға ден қою, ұрпақ тәрбиесі, буллинг, полицияның жұмысын жандандыру, ақпарат тиімділігін арттыру, масс-медиаға мән беру, кино саласына қолдау көрсету, шекаралас аймақтарды дамыту, мемлекеттік аппаратты күшейту, т.б. сол секілді бастамалар көтерілді. Біздіңше, Ұлттық құрылтай ұлттық мәселелерді шешуге тиіс. Ұсыныстар орынды. Енді, соны жеделдетіп жүзеге асырған жөн. Кезіндегі құрылтайлар үлкен жорық, әскер жасақтау, қоныс аудару, халықтың әлеуметтік мәселесін шешу, т.б. мәселелер туындағанда шақыртылған. Ал қазіргі кездегі Қазақстан алдында геосаяси ахуалды бақылап отыру, елдің әлеуметтік жағдайын түзеу, монополияны жүгендеу, бағаларды тұрақтандыру, қымбатшылықты, жұмыссыздықты жою, виза, жаңа өндірістерді ашу, импорт, экспорт түйткілдерін шешу секілді өткір мәселелер тұр. Әуелі, осыларды реттемей жатып мемлекет есебінде алға жылжи алмасымыз анық. Содан кейін ғана барып өзге дүниелерге көше аламыз. Атырауда атақты Сарайшық маңында өтетін Ұлттық құрылтайға дейін осы айтылған мәселелер өз шешімін табады деп сенеміз.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin