• 28 ноября, 2024 8:47 дп

Ұлттық Құрылтай – Ұлы істердің бастауы!

Автор:admin

Авг 9, 2023

Қасиетті Түркістан жерінде Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысы өтті. Осыдан бір жыл бұрын қазақтың қастерлі өлке Ұлытаудан бастау алған Ұлттық құрылтай биыл Алаш атаулының рухани астанасы, одан әрісі бүкіл түркі халықтары үшін киелі шаһар саналатын Түркістанда туын көтерді. Түркістан ғасырлар бойы қазақ халқының маңызды саяси-мәдени орталығы болып келді. Қазақ мемлекетінің бас қаласы ретінде тарихта терең із қалдырып, бүкіл әлемге танылған. Қазақтың хандары осы жерге туын тігіп, шетсіз, шексіз Ұлы далада билігін жүргізген. «Қазақта бұрын мемлекеттік болмаған, шекарасын шегендеп, алғаш рет тәуелсіз мемлекет құрдық!» — деп қуыс кеудесін қағатындардың жаңсақ пікірін жоққа шығаратын нақты дәлел осы емес пе! Ұлттық құрылтайдың келесі отырысы тарихы тереңде жатқан әйгілі Сарайшық қаласында атақты хандарымыз ордасын құрған Атырау облысында өтпекші. Бұл да қазақтың әр аймағының өзіндік құнды тарихы мен ерекше маңызы бар екенін көрсетсе керек…

«Дала төрінде Жошы хан әулеті Кенесары ханға дейін 6 ғасырдан астам уақыт ел басқарды. Тіпті, әлем тарихында мұндай мысалдар көп емес. Біз қазір бабаларымыз кеңес құрған әйгілі Күлтөбенің іргесінде отырмыз. Әбіш Кекілбаев «Қазақ рухының қағбасы» деп атаған Ордабасы осы жерге тиіп тұр. Осынау әйгілі төбелерде халқымыздың игі жақсылары сан рет бас қосқан. Ұлт тағдыры сынға түскен сәттерде бәрі ақылдасып, елдің болашағын айқындаған. Қалың жұрт салиқалы сөзге тоқтап, ел бастаған ерлеріне көш тізгінін ұстатқан. Бір ел, бір халық болып, сыртқы қатерге қарсы тұрған. Қазақтың бірлігі мен тұтастығының ордасы болған киелі Түркістан болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара береді. Сондықтан осы аймақты басқарып отырған басшыларға зор жауапкершілік жүктеледі. Қанша дәуір өтсе де, ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді» — деген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сөзі Ұлттық құрылтайдың аса маңызды құрылым екенін тағы да бір рет айқындап берді.

Сонымен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы қалай өтті, қандай келелі мәселелерді көтерді, алдағы уақытқа қандай міндеттерді белгілеп жүктеді? Алдын ала айта кетейік, биылғы құрылтайдың маңызы өзгеше, мазмұны жағынан да ауқымды болды десек қателеспейміз. Ол Құрылтайдың бірінші күні бірнеше тақырып бойынша өткен жан-жақты қызу талқылаудан-ақ байқалды. Оған қатысушы ғалымдар, саясаткерлер, өзге де түрлі мамандық иелері, елімізге танымал тұлғалар Үкімет мүшелерімен жүзбе-жүз кездесіп, өз ойларын ортаға салып, бастамашыл ұсыныстарын батыл түрде жеткізді. Ұлттық құрылтайға қатысуға келген делегаттар өз мәселелеріне қарай үш секцияға бөлініп пікір алмасты. Мысалы, түске дейін өнер, мәдениет, руханият және қоғамдық даму тақырыбын көтеруге келгендер бас қосса, түстен соң білім және ғылым саласы бойынша елімізге белгілі азаматтар кездесті. Әр отырыста олар қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, оны іске асырудың жолдарын ұсынды. Солардың кейбір пікірлеріне тоқтала кетейік.

Алаштанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Диқан Қамзабекұлы рухани астанамыз Түркістан қаласында өткелі отырған құрылтайдың маңызы жоғары екенін, ордалы жиында келелі мәселелер көтеріліп, халықтың сұранысына сай қызмет етуге, абыройлы іске бастайтынын білдірді. «Құрылтай Президент жанындағы кеңесші орган болғандықтан мәселені көтеру жұмыстың бір жағы ғана. Оп-оңай шешілетін мәселені қиындатпауымыз қажет, керісінше қиын мәселелерді кезең-кезеңімен шешуіміз керек. Бізде көбінесе мәселе айту, бір-бірімізге мұң шағумен жиындар тарқап жатады. Бүгін де тәжірибелі азаматтар жиналып отыр. Атқарушы, заң шығарушы билікке мәселені шешу тетігін көрсете білу керек. Секция отырысында осы тараптан біраз ойлар айтылды», – деді ол.

Диқан Қамзабекұлы өткен қиын жылдарда билік пен қоғам арасында түсінбеушілік, бір-біріне сенбеушілік деген ұғымдар қалыптасқанын еске салды. «Ал шын мәнінде қоғам өзінің сенімді өкілдерін билікке жіберу керек. Соларға сенім білдіріп, мәселелерді шешу тетіктерін солар арқылы жүзеге асыру қажет. Осы жағдайда қоғамға түсінікті тілмен «жауапкершілік бәріміздің мойнымызда» деген ұғымды сіңіріп, жастарды осы бағытта тәрбиелеуіміз қажет. Сондай-ақ, әрбір істе халықтың сұранымын ескеруге тиіспіз. Халықтың сұранымы – мемлекетшілдік, қоғамның шынайылығы, табиғилық. Соны айқындап, шешу жолында қызмет етсек, халықтың алдында абыройымыз да биік, жүзіміз де жарқын болады», – деді профессор.

Парламент мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов ауыл шаруашылғы және кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржылық қолдаулардың мақсатсыз жұмсалып жатқанын ашына айтты. Оның пікірінше біздегі салаға берілген қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр. Ебін тапқандар оны өз қалтасына басуда. Оның барлығын тоқтату үшін салаға қаржы бөлудің орнына, түрлі саладағы шынайы кәсіпкерлерге төмен пайызбен несие беру керектігін айтты. «Сонда кім жұмыс істегісі келеді, кім өзінің кәсібін ашқысы келеді, кім шаруашылықпен айналысқысы келетіні белгілі болады. Еңбек етемін дегендердің 4-5 пайызбен несие алуға мүмкіндігі болса, экономикамыз өркендеп, мемлекетіміз де дамиды» — деді депутат.

Көптен бері айтылып келе жатқан мемлекеттік тіл мәртебесі де ұмытқалған жоқ. Академик Асқар Жұмаділдаев техника тілі қазақыланбай ана тілдің мәртебесі туралы айту артық екенін айтты. Академик қазақ тілін дамыту үшін түрлі тіл оқыту курстарына ақша бөлуді тоқтату керек. Ол босқа ақша шашу деп есептейді. Оның орнына ана тілімізді техника тілімен байытуға тырысуымыз керек, сол кезде ана тіліміздің қолданыс аясы кеңейеді. Сондай-ақ, отырыстарда спорт, мәдениет, білім саласындағы өзекті мәселелер де талқыланды. Жастар тәрбиесі, әскердегі әлімжеттіктің алдын алу үшін қоғамдық бақылауды күшейту жайлы айтылды.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Ұлттық құрылтайдың жұмыс секциясының отырысында Қазақстанды үлкен сынақ күтіп тұрғанын ескертті.

«Менің ойымша, бізді алдағы уақытта 5, 6 үлкен сынақ пен қауіп күтіп тұр. Оның бірі – елдегі инфрақұрылымдық дағдарыс. 60,70 жыл бойы жұмыс істеген инфрақұрылым жүйелері бірінен кейін бірі жарылып жатыр. Бұл үлкен технологияны, үлкен қаражатты, соған қажетті қоғамдық пікірді қажет етеді. Халықпен айтыса алатын, халыққа өзінің уәжін кез келген уақытта дәлелдей алатын шенділер қажет» — деді ол. Айдос Сарым сол сияқты екінші қауіп елдегі экологиялық мәселе екендігіне тоқталды. «Экологиялық жағдай бірінен кейін бірі болып жатыр. Қазақстанда су мәселесі бар. Қазақ табиғатқа тырнақ батырмаған халық. Сол себепті Аралды да сақтап қалды. «10 жылдан кейін не болады?» деген сұраққа жауап беретін адам жоқ. Елімізде көне жазбаларды оқитын ғалымдардың саны жетпей жатыр. Мұра бар. Мұраны дамытатын, зерттейтін, оқитын, зерделейтін мамандар жоқ» — деді ол. Бұл мәселелерді шешу үшін гуманитарлық салаға қаржы бөліп, зерттеу жұмыстарын жүргізу керектігін айтты. Айдос сарым Ұлттық құрылтайда көптеген ұсыныстар айтылғанын атай келе шын мәнінде ұлтқа қажетті, ұлттың болашағына қауіп төндіретін нәрселерді талқылауға негізделсек, әлдеқайда тиімді болатынын алға тартты.

Ұлттық құрылтайға ҚХА мүшелері де қатысты. Астана қаласы «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шерзод Пулатов мемлекетті тілді дамытып, ерекше мәртебе беру керектігін қолдады. «Мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесімін. Ел бірлігін сақтау ісінде Ассамблея көптеген жұмыс атқарды. Барша ұлттың басын қосты. Біз әрмен қарай осы бірлігімізді сақтауымыз қажет. Бірлік – біздің ұлттық мәселеміз. Осы бағытта мемлекетті тілді дамытып, ерекше мәртебе беруіміз керек», – деді ол.

Шерзод Пулатов Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» жобасы Ұлттық құрылтайдан айқын көрініс тауып отырғанын атап өтті. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет жобасының негізін ұлттық құрылтайдан көріп отырмын. Себебі құрылтай мүшелері халықтың ортасынан шыққан азаматтар, олар халықпен әрқашан тығыз байланыста жұмыс істейді. Халық мүддесін осындай алаңдарда көтеріп, шешілуіне үлес қосып келеді» – деді ол.

Ұлттық құрылтайдың негізгі отырыс ертеңгі күні өтті. Оған Астанадан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнай ұшып келді. Мемлекет басшысы алдымен бүкіл түркі дүниесіне танымал ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің және осында жерленген тарихи тұлғалардың рухына тағзым етіп, құран бағыштады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығында жүргізіліп жатқан ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстары жөнінде мәлімет берілді. Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы билік өкілдеріне кесененің тарихи келбетін сақтау жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөз сөйлеп, алдымен бұл екінші рет өткізіліп отырған жиынның маңызы мен ерекшеліктеріне тоқталды. «Биылғы құрылтайдың сипаты – өзгеше, мазмұны да – ауқымды. Кешеден бері бірнеше тақырып бойынша жан-жақты, қызу талқылау болды. Құрылтайға қатысушылар Үкімет мүшелерімен пікір алмасты, ойларын ортаға салды. Тың бастамалар көтерді. Президент Әкімшілігі соның бәрін мұқият зерделейді. Ортақ бір тұжырымды әзірлейді. Салмақты ұсыныстар алдағы жұмыс кезінде міндетті түрде ескеріледі. Пікірталасқа белсене қатысқан барша азаматтарға ризашылығымды білдіремін» — деді ол. Президент Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы не себепті «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» аталуына да қысқаша түсінік бере кетті. «Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады. Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады» — деді осы орайда.

Мемлекет басшысы Қазақстан осыдан 2-3 жыл бұрынғы, тіпті, бір жыл бұрынғы қалпынан айтарлықтай өзгергенін, аз уақытта зор серпіліс жасағанымызды айта келе Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес, оған бүкіл қоғам болып жұмылу керектігін айтты. «Ал түпкі мақсатымызға жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер. Бір сөзбен айтсақ, пиғыл өзгермесе, ештеңе де өзгермейді» — деді Президент

Оның пікірінше біздің әлемдегі орнымыз, ең алдымен, ұлтымыздың сапасына байланысты болмақ. Ол үшін мынандай басты сұрақтарға жауап беруіміз қажет. «Біз болашағы қандай мемлекет құрып жатырмыз? Ұлтымыз нені армандайды? Қазақстан азаматы қандай болуы керек? Еліміздің басты тірегі не? Миссиясы қандай? Мен бүгін осыған қатысты ой-пікірімді ортаға салғым келеді» — деді Қ Тоқаев. Мемлекет басшысы өз ой-пікірлерін келесі бағытта жалғастырды.

Президент мемлекеттік нышандарды жетілдіру қажеттігін, өйткені елдің ықпалды болуына ұлттық брендтің әсері мол екендігін айтты. Нышандарымыз бірегей ұлттық кодымызды нақты әрі айқын көрсетуі керек.

қалалардың таңбасын бірыңғай үлгіге ыңғайлап, аймақтық нышандарды әзірлеу және бекіту тәртібін барлық өңірге бірдей етіп ретке келтіру керектігін айтып, мемлекеттік наградалар мәселесіне де тоқталды. «Жуырда біз мемлекеттік сыйлықтарға халқымыздың біртуар перзенттерінің есімін бердік. Әл-Фараби, Абай, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы сыйлықтар бар. Мұндай ұстаным ұлы тұлғаларымыздың есімін ел жадында сақтау үшін қажет. Сол арқылы біз олардың озық ойлары мен өнегелі істерін дәріптейміз.

Шын мәнінде, ұлттық идеология осындай маңызды шешімдер арқылы қалыптасады» — деді Қ. Тоқаев.

Екінші кезекте Президент ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғыртудың маңыздылығына тоқталды. Дамыған мемлекеттің бәрі толық зерттелген төл шежіресін дәріптеуге айрықша мән береді. Бұл істе ел тарихының көп томдық жинағы басты рөл атқаратынын атап, Қазақстан тарихының көптомдық жинағын келесі жылдың ортасына дейін әзірлеуді тапсыратынын, бұл еңбек ұлттың тарихи сана-сезімін жаңғыртуға, мемлекеттілігімізді нығайтуға зор үлес қосары сөзсіз екенін жеткізді.

Сол сияқты мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеуіміз қажеттігі де сөз болды. «Шын мәнінде, қазақтың мәдениеті сан түрлі саланы қамтиды. Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек.Мысалы, өзіміз іргесінде отырған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бай тарихымыздың символы саналады. Оның ұлт руханиятындағы орны ерекше екенін білесіздер. Осы кесенеге ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беру туралы ұсыныс енгізілген. Мен мұны қолдаймын» — деді мемлекет басшысы.

Президент көтерген ең маңызды мәселелердің бірі ұрпақ тәрбиесіне байланысты болды. «Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады. Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі» — деді Қ. Тоқаев.

Мемлект басшысының айтуынша, балаларға экологиялық тәрбие беру маңызды. Оларды табиғатқа жанашырлықпен қарауға үйретіп, мәдени мұраларымызды танып-білуге, қорғауға дағдыландыру қажет. Оқушылар театрға, мұражайға және тарихи орындарға жиі барып, рухани жағынан дамуы керек. Мұндай шаруа бүкіл еліміз бойынша тұрақты түрде жүргізілуге тиіс. Оқу-ағарту министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі осы мәселемен бірлесіп шұғылдануы керек.

«Мен тағы бір нәрсеге баса назар аударғым келеді. Бұл – нашақорлық. Бұл – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Елімізде 2016 жылдан бері есірткімен күрес жұмыстарын реттейтін арнаулы құжат болған жоқ. Сондықтан былтырғы Жолдауымда кешенді жоспар әзірлеуді тапсырдым. Үкімет таяу күндері осы мәселе бойынша арнайы жоспарды қабылдайды. Бұл – өте маңызды құжат. Осы құжаттың аясында жан-жақты жұмыс атқарылады» — деді.

Бұқаралық ақпарат құралдары билік пен қоғам арасындағы пәрменді байланыс құралы екені белгілі. Бүгінгі масс-медиа ел өміріне ерекше ықпал ететінін көріп отырмыз. Мемлекет басшысы өз сөзінде бұл саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін ақпарат саясатын түбегейлі қайта қарау қажет екенін айтты. Бүгінгі күні медиа саласы, кино және сериал, мультфильм, спорт және музыка шоулары, компьютер ойындары мен кітаптар – бәрі бірігіп, біртұтас жүйеге айналды. Ол озық құндылықтар мен қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді.

Сол сияқты идеология жұмысына кітап басып шығару ісі де қатысты. Бұл салада елімізде шетел өнімдері басымдыққа ие. Оның теріс салдары бар.

Сондықтан ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару қажеттігін атады Президент. «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек» — деді Қ. Тоқаев. Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдайтынын, туындылар оқырмандарға қолжетімді болуы керектігіне баса назар аударды.

Ал жазушыларымыздың шығармалары халық арасында, әсіресе, жастар арасында сұранысқа ие болуы керек.

Елімізде кино өндірісі туралы да сөз болды. «Расында, бүгінде кино саласында дау-дамай көбейіп кетті. Бірнеше келеңсіз мысалдар бар. Қазір кинотеатр иелері отандық фильмдерді экраннан көрсету үшін қомақты қаржы талап етеді. Билеттен түскен қаржының едәуір бөлігі тағы да кинотеатрлардың және жеке компаниялардың қалтасына кетеді. Бұған қоса, киногерлер фильмді нақты қанша адам көргенін анықтай алмайды. Қысқасы, киноға бүкіл білімін, күш-қайраты мен уақытын сарп еткен мамандарға табыстың аз ғана бөлігі тиеді» — деді Президент бұл саладағы кемшін тұстарды атап. Отандық киноның дамуына жаңаша көзқарас, тың серпін керектігін айтқан Президент көрермен санын есептейтін цифрлық жүйе енгізуді Мәдениет және спорт министрлігіне жуық арада осыны қолданысқа енгізуді тапсырды. Киноиндустрияны экономиканың жеке тармағы ретінде қарастырып, кино саласын реформалап мәселелерді нақты шешу қажеттігін айтты.

Елімізде әлеуметтік зерттеу жүргізу мақсатында түрлі мекемелерге қыруар қаржы бөлінгенмен, тәжірибе көрсетіп отырғандай нәтиже көңіл көншітпейді. Өйткені жұмыс жүйелі жүргізілмейді. Талдау, сараптау қызметі сапалы жүргізілсе, мемлекеттік басқарудың тиімділігі артатыны да белгілі. Қ. Тоқаев мемлекетке кешенді түрде жүргізілген зерттеулер мен ұсынымдар өте қажет екеніне назар аударды.

«Бізге сараптау-талдау қызметін тиімді жүргізетін мықты орталықтар желісі қажет. Бұл құрылымдар сапалы әрі сұранысқа ие интеллектуалды өнім ұсынуға тиіс. Еліміз идеологиялық дербестігін сақтау үшін мұның айрықша мән-маңызы бар. Сараптама орталықтары еліміз егемендік кезеңінде жүріп өткен жолдың әр бағытын зерттеуге тиіс. Кемшіліктердің себеп-салдарын анықтау қажет. Үкімет жаңа жоспар жасағанда осы факторлар ескерілуі керек. Ғылым мен зерттеуге негізделген саясат табысты болады» — деді мемлекет басшысы.

Қазіргі геосаяси жағдайларға байланысты шекаралас аймақтарды дамытудың стратегиялық маңызы жоғары.

«Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз» — деген Президент

Шекаралық аймақтарды дамыту мақсатында Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы негізгі шешімді қабылдағанын жеткізді. Бұл ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан да өте маңызды мәселе. Осы мәселені көпке созбай, шешуіміз қажеттілін айтты.

Қоғамда мемлекеттік аппараттың жұмысына байланысты сын-пікірлер жиі айтылады. Олардың басым көпшілігі орынды екенін Президент те осы отырыста атап өтті. Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту үшін нақты шаралар қабылдап, жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтіп, мемлекеттік қызметшілерге көбірек дербестік беру қажеттігі айтылды. «Ең бастысы, біз мемлекеттік аппарат өкілдерінің сана-сезімін өзгертуге баса мән беруіміз қажет. Олар туған-туыстарының арасында не болмаса қоғамда абырой-беделге ие болуды емес, ең алдымен, халыққа, елге адал қызмет етуді мақсат тұтуға тиіс. «Адал азамат» дегеніміз – осы» — деді Қ. Тоқаев

Мемлекет басшысы соңғы кездері бірқатар кадрлық өзгерістер жасалғанын, ешқандай науқаншылдыққа, мемлекеттік қызметшілерді, жоғары лауазымды тұлғаларды жаппай қызметтен босатуға жол берілмегенін айтты. Оның пікірінше ең алдымен, олардың іскерлік қабілеті мен тәжірибесі ескеріліп, жас, білікті азаматтар бірқатар маңызды министрліктің тізгінін ұстады. Олардың тәжірибесі, соның ішінде өмірлік тәжірибесі аз болғанмен, ол жүре түзелетін уақытқа байланысты мәселе. Бастысы, олардың бойында еліміздің жарқын болашағы үшін адал қызмет етуге қажетті білім, ерік-жігер бар. Басшылық құрамды жаңарту жұмысы жалғасын табады. «Мемлекет басшысы ретінде айтарым, министрлердің, әкімдердің және басқа да мемлекеттік қызметшілердің бойында негізгі екі қасиет болуы керек. Бұл – профессионализм, яғни нағыз маман болу және отаншылдық. Ал олардың Президенттің жеке басына адалдығы мен үшін маңызды емес. Мемлекет басшысын мадақтаудан гөрі жұмысты адал атқарып, халықтың алдында абыройлы болу әлдеқайда маңызды. Барлық мемлекеттік қызметшілерге осыны айтқым келеді» — деді Қазақстан Президенті. «Ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, әлемдегі өз орнымызды айқындаймыз. Қазақ елінің Адал азаматтары болып, Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз!.» — деп аяқтады мемлекет басшысы екінші Ұлттық құрылтайдағы өз сөзін.

Ия, бұл бүкіл ел назарын өзіне аударған ауқымды жиында Қазақстанның дамуына байланысты салмақты, іргелі ұсыныстар көп айтылды. Түрлі мамандық иелері, белгілі ғалымдар, қоғам белсенділерінің өз ой-пікірлері мен ұсныстарын жеткізуге толық мүмкіндіктер берілді. Осы айтылған пікірлер мен ұсынстарға байланысты Президент Әкімшілігі жұмыс жоспарын әзірлеп, көтерілген мәселелерді түгел қатаң бақылауға алатын болды.Ұлттық құрылтайды өткізудің негізгі мақсаты да осы еді ғой.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin