• 25 ноября, 2024 9:37 пп

ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ ҰЛТТЫҢ РУХЫН БЕКЕМДЕДІ!

Автор:admin

Авг 11, 2023

«Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деп Мағжан ақын жырға қосқан киелі Түркістан төрінде екі күннен бері дүбірлі жиын өтіп, өзекті мәселелер ортаға салынды. Алқалы жиын ұлтымызды нығайтудың ұтымды шешімдеріне арналды. Ұлттық құрылтай мүшелері азаматтық қоғамды дамытып, этносаралық бірлікті нығайтуға баса көңіл бөлді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайда сөйлеген сөзінде «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтару туралы ұсынысты қолдайтынын айтты. Президент қазақ әдебиетін қолдайтынын және туындылардың оқырманға қолжетімді болуы керегін атап өтті. Сондай-ақ кітаптың таралуына жазушылардың өздері де мүдделі болуы керегін айтты. «Жалпы, мен Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдаймын. Туындылар оқырмандарға қолжетімді болуы керек деп ойлаймын. Ал, жазушыларымыздың шығармалары халық арасында, әсіресе, жастар арасында сұранысқа ие болуы керек. Мұның бәрі – мемлекеттің ғана емес, жазушыларымыздың да міндеті. Оқырман қауым қаламгерлерден халыққа рухани азық болатын тың дүниелер күтеді. Жазушылар одағы осы жұмысқа ұйытқы болады деп сенемін. Осыған байланысты, мен Мереке Құлкеновтің «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтару туралы ұсынысын қолдаймын. Бұл атақ атына – заты сай, лайықты, туындылары арқылы халық сүйген жазушыларға ғана берілуі керек деп санаймын», деді Президент. Сонымен қатар Президент ұлттық киноның дамуына қатысты пікір білдірді. «Қазіргі заманда ел боламыз десек, экранды да түзеуіміз керек. Себебі кино қоғамның сана-сезіміне ерекше ықпал етеді. Елімізде кино өндірісі жақсы дамыған деп айту қиын. Жаңа ғана белгілі өнер қайраткері Азамат Сатыбалды кино саласын дамыту туралы тұшымды ой айтты. Мен қолдаймын. Расында, бүгінде кино саласында дау-дамай көбейіп кетті. Бірнеше келеңсіз мысалдар бар», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда архивтен Жүсіпбек Аймауытұлының тың шығармасы табылғанын айтты. «Баршаңызға мәлім, қазір Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр. Осыған байланысты көптеген архив материалдары зерттелуде. Бұрын халқымызға беймәлім болған тың мәліметтер жарыққа шығып жатыр. Жақында сол құжаттардың ішінен «авторы Жүсіпбек Аймауытұлы» деп көрсетілген шығарма табылды. Мұны екі дерек көзі растап отыр», деді Қ.Тоқаев. Өлеңмен жазылған туындыны сол кезде тәркіленген Алаш зиялылары еңбектерінің бір бөлігі деуге негіз бар. Онда ұлттың жаны ешқашан өлмейтіні жырланған. Шын мәнінде, қазақтың қайсар рухы ешқашан сынбаған. Керісінше, әрбір қиындық жұртымыздың жігерін жанып, халықты шыңдай түскен. «Алаш рухы Қазақ мемлекетімен бірге мәңгі жасайды. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, әлемдегі өз орнымызды айқындаймыз. Қазақ елінің Адал азаматтары болып, Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз», деді Президент. Президент атап өткендей, бүгінде тәуелсіз Қазақстанда рухы азат, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ өсіп келеді. «Біз дәстүрлі құндылықтарымызды қазіргі мәдени үрдістермен үйлестіруіміз керек. Елімізде отаншыл, жасампаз, батыл, дарынды, білімді, озық әрі еңбекқор жандар өте көп. «Мен осындай азаматтарды көргенде болашағымыздың жарқын боларына зор сеніммен қараймын. Тәуелсіз Қазақстанда рухы азат, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ өсіп келеді. Олар ғылым-білім, музыка, кино, спорт және басқа да салаларда табысқа жетіп, бүкіл әлемге танымал бола бастады. Жастарымыз туған жердің қайталанбас ерекшелігін және туған елдің бірегей болмысын жер жүзіне танытып жүр», деді Президент Ұлттық құрылтай барысында. Ұлытаудағы алғашқы отырыста алдағы басты мақсат-міндеттер айқындалған болса, Түркістанда нақты идеялар, ұсыныстар ұсынылатын толыққанды жұмыс отырыстары өтті. Екі күндік шарада ұлттың береке-бірлігін нығайтып, даму бағытын белгілеген қадамдар нақты айқындалды. Демек, бабалар ізімен бұл ата дәстүрді қайта жаңғырту тек елдің игілігі мен өркендеуі үшін қызмет етпек.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтайдың  құрылуы. Ұлттық құрылтайды құрудағы мақсат не? Ол немен айналысады?

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бір сөзбен бұл құрылтайдың міндетін былай түсіндіріп берді: «Егер Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіндегі пікірталас тақырыбы ағымдағы әлеуметтік-экономикалық проблемалар, саяси реформалар мәселесі болса, Ұлттық құрылтайда жалпыұлттық құндылықтар негізінде қоғам бірігуінің одан әрі дами түсуіне қатысты ұзақ мерзімді сипаттағы мәселелер талқыланады».

Аты өзгерген құрылымның заты да өзгере ме? Бұрынғы кеңестен басты өзгешелігі қандай болмақ?

«Jsk.kz» бұл сауалдарды бірқатар сарапшыға қойып көрді.

Бауыржан Серікбай, саясаттанушы:

Құрылтай Қазақстанның ұзақ мерзімді даму перспективаларын анықтайтын болады

– Құрылтай дегеніміз – қазақтың салтында, дала демократиясында бар нәрсе. Кезінде ата-бабаларымыз ел басына күн туғанда, келелі мәселерді шешкен кезде ел болып жиналып, бетке ұстар азаматтар өз ой-пікірлерін айтып, халықты толғандырған мәселелерді шешіп отырған.

Қазір құрылып жатқан Ұлттық құрылтайға келсек, әлемдегі геосаяси жағдайды өздеріңіз көріп отырсыздар.  Елімізде «Екінші республика», «Жаңа Қазақстан» деген бастамалар көтеріліп жатыр. Елдің, халықтың сөзін сөйлеп жүрген қоғам белсенділерінің, ғалымдардың, мәдениет қайраткерлерінің басын қосатын, түйткілдерді тарқататын құрылтайдың болғаны дұрыс деп есептеймін.

Ұлттық кеңесте саяси реформалар мен экономикалық мәселелер талқыланып келді. Яғни, кеңес тек қысқа мерзімді, өзекті мәселелермен айналысты. Ал Құрылтай Қазақстанның ұзақ мерзімді даму перспективаларын анықтайтын болады. Сондықтан құрылтайдың құрамы да кең, жүзден аса мүшесі бар. Екеуінің басты айырмасы –  осы.

Құрылтайда халыққа танымал, беделді тұлғалар өз ой-пікірін айтып қана қоймай, шешу жолдарын тауып, ортақ байламға келіп, үкіметке ұсынатын болады. Сол арқылы халқымыздың мәселелерін шешу жолдарын ұсынатын, түпкілікті шешімін табатын, қоғамдық ой-пікір ашық айтылатын және оларды нақты іске асыратын тетіктердің бірі болады деп есептеймін. Құрылтайдан үмітім зор.

Бөріхан Нұрмұхамед, саясаттанушы:

Бұл – Перзиденттің жанындағы кеңесші орган

– Ұлттық құрылтайдың ережесінде немен айналысатыны, жиын өтетін мерзімдері нақты көрсетілген. Осыған орай, жылына бір мәрте немесе қажет кезінде бас қосып отырмақ. «Мақсат-міндеті – қоғамдағы ауызбіршілікті нығайтуға, қоғамның дамуына байланысты идеялар, ойлар айту, нақты ұсыныстар беру» деп жазылған.

Меніңше, бұл – Перзиденттің жанындағы кеңесші орган. Саяси күштердің, қоғамдық бірлестіктердің басын қосатын ірі құрылтай емес. Парламент деуге де келмейді. Сондықтан қоғам белсенділері мен сарапшылардың билікке өз көзқарасын білдіретін құрылтай болады. Құрамында эконимистер де, депутаттар да, мемлекеттік емес ұйымдардың да өкілдері және тағы да басқалар бар.

Саяси реформаларды бастағаннан кейін түрлі-түрлі жаңа партиялар, саяси ұйымдар ашылуы мүмкін. Олардың арасында саяси күрес күшейіп, қоғамға жік түспеуі үшін қандай қадамдар жасау, қандай ортақ құндылықтарға тоқтау керек екенін анықтауға күш салады деп есептеймін. Сондықтан құрылтайдан көп үміт күтудің де қажеті жоқ.

Тоғжан Қожалы, «ХАҚ» қозғалысының жетекшісі:

Мемлекет тағы да бір қосымша құрылым жасауға мәжбүр болды

– Құрылтай – қазақта ежелден бар жақсы саяси дәстүр. Десе де, біздің Мәжілісіміз де, қоғамдық кеңестеріміз де құрылтай бола алмай жатыр. Депутаттар халықтың сенімінен шықпаған соң, мемлекет тағы да бір қосымша құрылымдар жасауға мәжбүр. Рас, құрылтайдың құрамында елге жанашыр, беделді адамдар бар.

Атауы өзгеріп, сәл-пәл кеңейтілді. Заңға қарасам, сол бұрынғы Ұлттық кеңестен айырмасы шамалы. Заң шығара алмайды, ұсыныс берумен шектеледі. Сонда, оның билігі неде? Тек қана дауыс зорайтқыш құрал болу үшін бе? Онда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің керегі не? Мәжілістің қажеті қанша?

Мәжіліске, мәслихаттарға халық депутаттарды шын мәнінде сайласа, онда ешқандай кеңестің, құрылтайдың керегі болмайды. Халықтың ниетін білдіретін Мәжіліс болар еді. Қосымша құрылымдар құрып жатса, бұл – Мәжілістің нашарлығын биліктің мойындауы.

Неге таза сайлау өткізіп, халықтың сенімінен шығатын жібі түзу депутаттарды сайламасқа? Сонда түрлі жалған құрылымдардың қажеті де болмайды.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin