• 24 ноября, 2024 12:11 дп

Шаһарда жол инфрақұрылымын одан әрі дамыту үшін қандай жоба-жоспарлар бар?

Автор:admin

Сен 1, 2023

     Жол – экономиканың күретамыры, байланыстың алтын арқауы. Алысты жақын етіп, адамдардың қарым-қатынасына, барыс-келісіне әсер ететін жолдың сапасы кімді болса да бей-жәй қалдырмасы анық. Әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылуды мақсат еткен Қазақстан мемлекетінің алға қойған келелі міндеті халықтың әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеру болса, сол биік үрдістен көріну үшін бүгінгі күннің негізгі талаптарының бірі – сапалы жол салу болып табылады. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Бірінші кезекте, негізгі автожолдар жобасын жүзеге асыру қажет» деп, бұл бағытта атқарылар ауқымды жұмыстарды айқындап берген болатын. Осы орайда, қала бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысы мен алдағы уақыттың жоспары қандай? Осы және басқа да көкейтесті мәселелерге қатысты мақаламызда талқылаймыз.      Шымкентте жоба-жоспарлар өте көп. Әзірге үшеуін айтайық: Біріншісі, Д.Қонаев –Т.Рысқұлов қиылысындағы жолайрықтың құрылысы аяталған соң, бәлкім осы жылдың соңына қарай Бәйдібек би мен Ұ.Арғынбеков көшелерінің қиылысында екінші жолайрықтың құрылысы басталады. Бірақ, бұл жерде жол толық жабылмайды, тек бір жағын ғана жауып істеу көзделіп отыр. Екіншісі, Қ.Қазиев көшесінің жалғасы салынады. Қазір бұл көше Ұ.Арғынбеков көшесінің тұсынан аяқталады. Енді жасалып жатқан жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес, оны Қ.Төлеметов көшесіне дейін ұзарту көзделген. Үшінші жоба Т.Өтегенов көшесіне қатысты. Бұл да кең, магистралды жол болғанымен, Қ.Төлеметов көшесіне барып аяқталып қалады. Жобаға сәйкес оның жалғасын салып, Ақжайық шағын ауданының ортасымен кесіп, Асар шағын ауданына дейін жеткізу көзделген. Сонда Т.Рысқұлов көшесінен бастап Т.Өтегенов көшесімен жүріп отырып, Асарға жетіп, одан әрі кең жолдармен А-2 тас жолына дейін төтелеп шығып кетуге мүмкіндік туады. Осының бәрі де қалада кептелістің азаюы үшін, қала тұрғындарының өмірі қауіпсіз әрі жайлы болуы үшін атқарылып жатқан жұмыстар. Жол құрылысында ең басты мәселе сапа екені белгілі. Бүгінде қалада жүргізіліп жатқан барлық жұмыстар Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының бақылауында. Бұл жол сапасына тәуелсіз сараптама жүргізетін бірегей құрылым. Шымкент қаласының әкімдігі осы орталықпен бірлесіп жұмыс істеуге мүдделілік танытып, жергілікті бюджеттен қосымша қаржы бөліп, сапаны барынша қатаң қадағалап келеді.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin