• 24 ноября, 2024 1:34 пп

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСАДЫ

Автор:admin

Окт 2, 2023

Түркістан облысына инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдері Қытай мен Өзбекстан мемлекеттеріне іссапармен барып, өндірісті дамыту бағытында тәжірибе жинады. Аталған жұмыстардың нәтижесі және алдағы жоспарлар облыс әкімі аппаратының апталық отырысында талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс орындарын ашу, өндіріс орындарын көбейту аса маңызды екенін жеткізді.

– Инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуы тиіс. Келіссөздер арқылы нақты нәтижеге қол жететін болсын. Инвесторларға жағдай жасап, өндіріс орындарын ашуға қолдау көрсетіңіздер. Әрбір әкімнің жұмысы жеке талданып, сарапталады, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, жыл басынан бері облыс басшылығы 10 елдің 80-ге жуық өкілімен кездесті. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия өкілдерімен келіссөздер жүрген. Оның ішінде инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату мақсатында 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегациялармен кездесулер өткен.

Қытай Халық Республикасына іссапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 11 компаниямен 2,6 трлн. теңгені құрайтын келісімдерге қол қойлыған. Облыстың кәсіпкерлері Қытайдан инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен.

Аппараттың апталық отырысында облыс әкімінің тұрғындармен кездесу барысында көтерілген мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстар да сараланды. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Асқар Қаныбековтың айтуынша, былтырдан бері облыс әкімінің деңгейінде 68 кездесу өтіп, жалпы 610 мәселе көтерілген. Оның ішінде 212 мәселе шешімін тапқан, 279 мәселе орындалу үстінде.

Сұрақтардың басым бөлігі инфрақұрылымға қатысты. Өңір басшысы тұрғындардың өтініштерін орындау бағытындағы жұмыстар қатаң бақылауында екенін айтты. Жауаптыларға елдің өтініштерін назарға алып, мәселелерді шешу туралы тапсырма берілді.

Мәжілісте облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс аумақтық даму бөлімінің басшысы М.Әліповтың аудан, қалаларды абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары туралы баяндамасы тыңдалды. Көгалдандыруға, тазалыққа немқұрайлы қараған аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпе айтылып, жұмысты жандандыру жөнінде міндеттер жүктелді.

 

Автор: admin