Соңғы екі жылда шырайлы Шымкент қаласында 422 шақырым жол жөнделген. Қанағаттанарлық жолдардың үлесі екі жылда 57,4 пайыздан 63,6 пайызға артқан. 2021 жылы Шымшаһардағы алғашқы жолайрық Рысқұлов пен Қонаев даңғылдарының қиылысында салынып, биыл Бәйдібек би мен Арғынбеков даңғылдарының қилысында тағы бір жолайрық құрылысы басталған болатын.
2020 жылы «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалының жылжымалы зертханасы 249 нысанды 406 рет сараптамадан өткізген. 984 сынама талапқа сай болмай шыққан. Оның 141-і өрескел қателіктер екен. Нәтижесінде құны 24,300 млн. теңге болсатын асфальт мердігер мекеме есебінен қайта төселіп, жаңартылған.
Енді, 2021 жылғы сандарды сөйлетейік. Шымкент қаласында 2021 жылы жағдай біршама реттеле бастаған. 2021 жылы «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалының жылжымалы зертхана тобы 196 нысанды, 351 рет сараптамадан өткізген. Керн алған, жолдың ұзындығы мен енін тексерген, жолдың су ағу еңістігін тексерген, тағысын тағы… Кемшіліктердің саны 446-ға жеткен. Бір жылда, яғни 2020 жылмен салыстырғанда 2021жылы жол құрылысы саласында орын алған кемшіліктер екі есе төмендеген.
Дегенмен қуануға ерте. Әлгі 446 кемшіліктің 51-і өрескел қателіктер екенін айтқымыз келеді. Нәтижесінде, мердігер мекемелер есебінен құны 53,2 млн. теңгені құрайтын, сапасы сын көтермейтін жол қайта жөндеуден өткен.
Қазіргі таңда «Жол автивтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК мердігерлер мекемелердің өңешіне қадалған «сүйек» секілді боп тұр. Қазір қырағы қадағалаудың арқасында мердігер мекемелер саннан, сапаға көше бастады. Бүгінде темірбетон материалдарын қадағалау 100 пайыз, жол белгілерінің оның ішінде жол белгілерін өндіру кезінде қолданылатын жарық қайтарғыш үлбірлер сапасын бақылау 100 пайыз жолға қойылды.
«Жол автивтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалы 2022 жылы да жең түре іске кіріскелі отыр. Тек, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан «Жол автивтерінің ұлттық сапа орталығына» тиісті деңгейде қаржы бөлініп, қолдау болса, әрине!
Jsk ақпарат