• 24 ноября, 2024 5:07 дп

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ: «ТҮРКІСТАН ӨҢІРІН КӘСІПКЕРЛІК ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛДЫРУҒА МҮМКІНДІК МОЛ»

Автор:admin

Ноя 3, 2023

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шағын, орта және ірі бизнес өкілдерімен кездесті. Мұндай кездесу тұрақты түрде өтеді. Бұл жолы Түркістан қаласында бизнесін дамытуға ниет білдірген Алматы, Қарағанды облыстарынан арнайы келген кәсіпкерлер қатысты. Сондай-ақ туризм, агроөнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі және басқа салалардан 50-ге жуық кәсіпкер жиналды. Мемлекеттік органдардың өкілдері де қатысып, ұсыныстарды тыңдады. Бизнес өкілдері қордаланған мәселелері мен жаңа ұсыныстарын айтты. Кездесу еркін форматта өтті.

– Кәсіпкерлердің жеке бастамасына барынша қолдау көрсету қажет. Біз мемлекет пен бизнес арасында жаңа қарым-қатынас орнатып, тиімді диалогтың негізгі арнасына айналуымыз керек. Түркістан өңірін кәсіпкерлік орталығына айналдыруға мүмкіндік мол. Біз өз тарапымыздан зауыт, өндіріс орны, жұмыс орнын ашуға ниет білдірген кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетеміз. Инфрақұрылым, жер, құжаттандыру және өзге де түйткілдер бойынша көмек беру мәселесін талқылауға дайынбыз. Облысты дамытудың басым бағыты – кәсіпкерлікті дамыту. Осылай ғана елдің әл-ауқатын, өңірдің экономикалық әлеуетін көтере аламыз, – деді Дархан Сатыбалды.

Кездесуде бизес өкілдері жаңа ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, көкөніс өнімін сақтайтын қойма иелері жалпы құны 1,3 млрд. теңгені құрайтын жаңа 3 көкөніс қоймасын салуға дайын. Қаражаттың 20%-ын өз қаражаты есебінен, 80%-ын несие ретінде қарастыруды сұрайды.

Құрылысқа қажетті қоспаларын өндірумен айналысатын инвестор өндірістік аймақтан тағы да жер учаскесі және қолдау қаражатын қарастырып берген жағдайда кәсіпорын салуға дайын екенін жеткізді. Зауыт Түркістан қаласындағы «Түркістан» индустриалды аймағында орналасқан. Ал полипропилен және термо қаптар, көкөністерге арналған тор, полиэтилен өндіретін цех басшысы бизнесін дамытуды көздейді. Ол үшін осы жобаны облыс орталығында жүзеге асыруға қолдау сұрады.

3D темір торлар жасау цехының өкілі де өз ұсынысын айтты. Жылына 180-300 тонна өнім шығаратын зауытқа қолдау көрсетілсе, «Түркістан» индустриалды аймағынан цех ашпақ. Темір және ағаш есік шығару цехының басшысы да кәсіпорнын кеңейту туралы ұсыныс айтты. Сонымен бірге ағаш өнімдерін өңдеу цехының басшылығы да жаңа цех ашпақ. Олар жалпы құны 0,4 млрд. теңгені құрайтын ағаш өңдеу цехын салуға ниеттеніп отыр. Қаржының 20%-ын өз қаражаты есебінен, 80%-ын несие ретінде қарастыру жөнінде өтініш айтты.

Кездесуде осы және өзге де өтініштер, мәселелер айтылды. Ұсыныстар бақылауға алынып, тиісті жұмыс жүреді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Автор: admin