Бүгін елордада сағат 19:00-де Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тікелей трансляциясы басталады.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Оған әлемнің 89 елінен 2500-ден астам қатысушы қатысады, – деп жазады JSK.kz.
Шараның ашылу рәсімі «Астана Арена» стадионында өтеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, шоуға 3 мың артист қатысады. Шараның ашылу рәсімінің алдында, 8 қыркүйек күні сағат 16:00-де қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді. Концерт аяқталысымен сағат 19:00-де ресми ашылу салтанаты болады. Шоу барысында сахна мен мультимедианың заманауи технологиялары қолдыныла отырып, екі сағаттық музыкалық театрландырылған қойылым ұйымдастырылады.
Қалыптасқан дәстүр бойынша ашылу рәсімінде спорттық делегациялардың шеруі өтеді. Соңында Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің орындауындағы халықтар достығы мен бірлігі туралы музыкалық композиция орындалады.
Ойындарға қатысушылар мен қонақтарды қабылдау үшін 20 қонақүй мен 331 көлік қарастырылған. Медициналық штабта 150 медициналық қызметкер, 23 ветеринар жұмыс істейді. 1 300 волонтер қызмет атқарады. Сондай-ақ БАҚ-қа арналған аккредитацияға жалпы 64 елден 1 185 өтінім түскен.
Ойындар бірнеше жерде өтеді: «Думан» қонақүйі, «Қазанат» ипподромы, этноауыл, Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы және «Алау» мұзайдыны мен «Астана Арена» кешенінде.