Абай ауданы аумағында бүгінде 27 елді мекен бар. Онда жалпы 55 159 үй, 220 көп қабатты тұрғын үй орналасқан. Халық саны – 257,7 мың адамды құрайды. Аудан көлемінде 1274 көше мен 230 әлеуметтік нысан тіркелген. Ауданды инфрақұрылыммен қамту бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылып, біршама көрсеткіштерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, қазіргі таңда аудан 100 пайыз ауыз сумен және электр жарығымен қамтамасыз етілген. Бұл – аудан халқының тұрмыс сапасын арттырудағы маңызды қадам. Сонымен қатар, табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қазіргі таңда 25 елді мекен газбен қамтылған, бұл – 92,6 пайызды құрайды. 2024 жылы Қайнарбұлақ тұрғын алабы мен Қайнарбұлақ саяжайында газдандыру бойынша құрылыс жұмыстары толық аяқталып, абоненттеу кезеңі басталды. Осылайша, газбен қамтылмаған елді мекендер саны қазіргі таңда екі ғана елді мекенді құрап отыр, бұл 7,4 пайыз көрсеткішке тең. Бүгінгі таңда Ынтымақ-2 және Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекендерінде де газбен қамту құрылысы аяқталып, қала әкімінің қатысуымен газға қосу рәсімдері өтті, абоненттеу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан аумағындағы көше инфрақұрылымын жаңарту бағытында да жұмыстар жалғасып келеді. Жалпы көшелер саны – 1274, олардың жалпы ұзындығы – 1080 шақырым. 2024 жылы 4,3 млрд теңге бөлініп, 95 көшеде 77 шақырымға асфальт төселді. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы тас және топырақ жолдардың барлығын асфальттау жоспарланып отыр. Бұл 311 шақырымды немесе 469 көшені қамтиды. Аталған жұмыстар толық орындалған жағдайда, аудан бойынша қанағаттанарлық жағдайдағы көшелердің үлесі қазіргі 59,8 пайыздан 100 пайызға жететін болады. Сонымен қатар, аудан көшелерін жарықтандыру бағытында да жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2024 жылға дейін жарықтандырылған көше саны 193 болып, бұл тек 15,1 пайыз көрсеткішті құраған. Биылғы жылы 254 көше жарықтандырылды. Жарықтандырылған көшелердің саны бүгінде 447-ге жетті. Қамту көрсеткіші 35,1 пайызға көтерілді. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы жарықтандырылмаған көшелердің барлығына жарықшамдар орнатылып, бұл көрсеткіш те 100 пайызға жеткізіледі.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы шеңберінде аудан аумағында халықтың ұсыныс-пікіріне негізделген 25 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл мақсатта 1 млрд 990 млн теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Қазіргі таңда жобалар аясында 16 ойын алаңы, 3 спорт алаңы, 5 гүлзар мен 50 көшеге 34 мың шаршы метр көлемінде аяқ жол салу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын арттыру мақсатында 5 жаңа демалыс аймағын салу жоспарланған. Олар: Достық шағын ауданындағы Ақбосаға және Ақсу-Аюлы көшелері, Қызылжар шағын ауданының Тоқбәйге көшесі, Нұршуақ шағын ауданының Миялы көшесі және Асар-2 шағын ауданындағы Нұр жол көшесін қамтиды. Бұдан бөлек, «Асар» шағын ауданындағы тозығы жеткен 4 гүлзарды қайта жаңарту жұмыстары басталмақ. Бұл мақсатқа 285 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Қаланың келбетіне көрік беру бағытында Темірлан тас жолы бойындағы 410 дана жарық шамдарының бағаналарына қосымша сәндік жарықтар орнату жұмыстары да қолға алынатын болады.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/wNX_iKxMa-w?si=9lIwETcgpOgGWzeO
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ