• 24 декабря, 2024 12:59 дп

Азаматтық қоғам – қоғамның даму сатысына байланысты!

Автор:admin

Авг 25, 2023

Азаматтық қоғам қалыптасыуы үшін ең бірінші адам қоғамы қалай дамыды? Бүгін «Jsk.kz» ақпараттық агенттігі аналитикалық мақаласын азматтық қоғамның даму тетіктеріне тоқтиалмақ. Сонымен адам қоғамы қалай қалыптасты, оның себептері қандай – бұл туралы бір қорытынды пікір жоқ. Бірақ бұл түсінікті ең бірінші ғылымға енгізген Адам Смит, Давид Рикардо, оған саяси сипаттама берген Гегель. Дүниежүзілік ғылыми, саяси қайраткерлердің, ойшылдардың айтуынша — қоғам саналы адамдардың ерікті түрде бірігіп өмір сүруі. Бұл бірігудің негізгі себебі адамдардың бір мүдделігі, бір тілектестігі. Мұнсыз бірігу мүмкін емес. Мүдде екі түрлі болады: жеке адамның мүддесі және қоғамның мүддесі. Қоғам осы екі мүдде-мақсатты біріктіріп, дамытып отырады. Осы объективтік даму процесінде адамдардың өзара ынтымақтастығы қалыптасты. Сол арқылы жеке адамның қолынан келмейтін, әлі жетпейтін істерді атқаруға мүмкіншілік туды. К.Маркс қысқаша: «Қоғам – адамдардың өзара еңбек жасауының одағы», — дейді. Қоғамдық мүдде-мақсат, қоғамдық тілек уақытша емес, түпкілікті, нақты, объективтік мағынада қалыптасуы керек. Сонда ғана қоғамның жақсы дамуға, нығаюға мүмкіншілігі болады. Себебі қоғам саналы адамдардың ерікті түрде қалыптасқан одағы. Егер бұл одақ, бұл бірлік еріксіз, озбырлық түрде ұйымдастырылса, ондай қоғам нәтижесіз тез тарқап кетер еді. Адам қоғамның бірінші – клеткасы. Қоғам адамдардың күрделі әлеуметтік бірлестігі. Бұл бірлестік, бұл қоғам дұрыс, жақсы даму үшін оның ішіндегі қарым-қатынастарды реттеп, басқару керек болды. Оны қоғамның объективтік даму процесінің заңдарына сүйене отырып, адамдар өздері әлеуметтік нормалар арқылы реттеп, басқарып отырады. Сондықтан мемлекет пен құқық пайда болды. «Адамдар өз тарихын өздері жасайды, – деп жазды Маркс, – бірақ олар оны өз қалауынша жасай алмайды, қолындағы барды, бұрынғыдан қалған мұраны қолдануға мәжбүр болады». Қоғам – саналы адамдардың бір мүддені, бір мақсатты орындау үшін саналы түрде өзара бірігуі. Мұнда міндетті түрде екі шартты элемент бар: мүдде-мақсаттың қалыптасуы және саналы адамдардың саналы түрде бірігуі. Адамның объективтік тарихи даму процесіне және күнделікті қарым-қатынасында қоғамның бірнеше түрлері болады: өндірістік қоғам, шаруашылық қоғам, әлеуметтік қоғам, азаматтық қоғам т.б. Осылардың ішіндегі ең күрделісі, ең түпкіліктісі адаммен бірге дамып келе жатқан азаматтық қоғам. Қоғамның басқа түрлері тез құрылып, тез тарап жатады. Олардың өмірі, іс-әрекетінің шеңбері, кеңістігі көп өлкеге жайылмайды, уақыты көпке созылмайды. Азаматтық қоғам – мемлекеттік құрылымнан тыс қалыптасатын әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани қоғамдық қатынастардың жиынтығы. Оған қатынасушылардың табиғи және азаматтық құқықтарын, бостандығы мен міндетін автономиялық даму жолы қамтамасыз етеді. Азаматтық қоғамда үзіліс болмайды, уақыты шектелмейді, өлкеге-аймаққа бөлінбейді, мемлекеттің барлық жерін, барлық халқын біріктіреді. Азаматтық қоғам – мемлекетке тәуелді емес, дербес, ашық, жариялы қоғам. Қазақстанда азаматтық қоғамның қалыптасу ерекшеліктері: кеңестік мейлінше мемлекеттендірілген күйден шығу, қоғам мен мемлекеттің арақатынасын тәуелсіз – дербестікте дамыту. Республика Конституциясы Қазақстандағы азаматтық қоғамның барлық даму сатыларын мемлекетке бағындырмастан (оның айғағы – онда «Азаматтық қоғам» бөлімінің әдейі болмауы) әлеуметтік бағдарлы нарық экономикасы мен жеке адамның автономиясын тұрақты қалыптастыру үшін оған қажетті құқықтық жағдайлардың негізін қалайды. Оған: тең дәрежеде танылатын және қорғалатын мемлекеттік меншік пен жеке меншікті (6-баптың 1-тармағы); адам және азамат құқықтарының кең ауқымды және біртұтас кешенін (П-бөлім); отбасын, ана мен әке және баланы мемлекеттің қорғауын (27-бап); идеологиялық және саяси әр алуандылықты (5-бап) және тағы басқа жаңа Конституцияда бекітілген қазақстандық-азаматтық қоғамды ерікті дамытудың алғы шарттарын жатқызуға болады. Қазақстан Республикасының Конституциясында елімізде азаматтық қоғамды қалыптастырып, демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет құру бағыттары көрсетілген. Бұл бағыт мемлекетіміздің ең күрделі, ең жауапты мүдде-мақсаты. Адамдар тарихтың объективті заңдарын жасап немесе бұза алмайды, бірақ сол заңдар алдында дәрменсіз емес. Тарихи даму заңдарын білу адамдардың ол заңдардың күшін қоғамды қайта құру үшін пайдалануына мүмкіншілік береді. Белгілі бір заң әсер ететін жағдайды өзгерту арқылы адамдар оның нәтижесінің түрін өзгертіп, көрінісін шапшаңдатады немесе баяулата алады. Міне, осы қоғамдық заңдылыққа сүйене отырып, саясат қоғаммен бірге өзгеріп, ескіріп, жаңарып, дамып келеді. Саясаттың қоғамда атқаратын жұмысы ұшан-теңіз. Қоғамдағы барлық мәселені реттеп, басқарып отыратын саясат пен мемлекет. Қоғамда бір мүдде-мақсат болады. Соған сәйкес қоғамдық билік қалыптасады. Онсыз қоғамның мүдде-мақсатының дұрыс жақсы орындалуы мүмкін емес. Қоғамдық билікті реттеп, басқаратын қоғамның саяси жүйесі. Қоғамдық биліктің түрлері: саяси билік, мемлекеттік билік, ұжымдық билік, ұйымдық билік т.б. ірі-ұсақ биліктер. Саяси жүйе мемлекетпен бірігіп қоғамның бағдарламасын, мүдде-мақсатын анықтап, оның бағыттарын, орындау механизмін белгілеп, міндетті нұсқау, бұйрықтар беріп, іске асуын бақылап отырады. Саяси жүйеге мемлекет, бірлестіктер, ұйымдар, ұжымдар кіреді. мемлекет саяси жүйеден кейінгі қоғамдағы ең күрделі, ең көлемді, ең жауапты аппарат. Қоғам көлемінде атқаратын жұмыстың басым көпшілігі мемлекеттің құзырында. Қоғамдық саясаттың тарихи түрлері: алғашқы қоғамның саясаты-қоғамдық меншік, қоғамдық еңбек, қоғамдық, тендік; құл иелену қоғамының саясаты – өз атынан түсінікті; феодализм қоғамының саясаты – феодалдың жерге меншігі және қоғамдағы үстемдігі; капитализм қоғамының саясаты – капиталдың буржуазиялық үстемдігі; социализм қоғамының саясаты – (теориялық түрде, іс жүзінде толық болған жоқ) – жалпы қоғамдық бостандық, теңдік, әділеттілік т.б. Әлеуметтік мазмұнына қарай саяси жүйе бірнеше түрге бөлінеді: демократиялық, либерал-демократиялық, шовинистік, ұлтшылдық, расистік, тоталитарлық, фашистік т.б. Қоғамдық ықпалына қарай саясат жариялы және құпиялы болып екіге бөлінеді. Идеологиялық бағытына сәйкес саясат үш топқа бөлінеді: оңшылдар, центристер, солшылдар. Бірлестіктердің, одақтардың, ұжымдардың, т.б. ұйымдардың атқаратын саяси жұмыстары өздерінің ережелері – уставтарының мазмұнына сәйкес келеді, өздерінің қоғамдық құзырының шеңберінде жүргізіледі. Бәрінің жұмысын біріктіріп айтсақ – олардың қоғамдық мүдде-мақсатты орындауда, саясатты іске асыруда үлестері өте зор. Мысалы: толып жатқан ұжымдар: зауыт, фабрикалар, акционерлік шаруашылық, өндірістік ұйымдар қоғамның материадцық, техникалық, әлеуметтік, экономикалық, мәдениеттік негізін дамытып нығайтады. Саяси жүйенің даму процесінің бірнеше түрі болды. Социалистік типті мемлекеттерде сталиндік саяси жүйе қалыптасты. Оның мазмұны: жеке адамға табынушылық, бір партияның үстемдігінің орнауы, әкімшілік-әміршілік, тоталитарлық басқару жүйенің қалыптасуы, демократияның, бостандықтың, әділеттіктің арасының зор шектелуі. Саяси жүйенің екінші түрі – дамыған елдерде XX ғасырдың 60-90 жж. қалыптасқан нарықтық экономика мен либерал-демократиялық мемлекеттердің, ұйымдардың, одақтардың өзара қатынасы мемлекеттің Конституциясына сәйкес дамуы. Бұл елдерде де толық бостандық, әділеттік, теңдік жоқ. Мысалы, таптардың, топтардың әлеуметтік саяси теңдігінің жоқтығы. Саяси жүйенің үшінші түрі – XX ғасырда қалыптасқан аралас мемлекеттік құрылыс – конвергенция теориясы. Капитализм мен социализм қоғамының экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдени дамуының, жақсы тәжірибелерін біріктіру. Бұл саяси жүйеде де кемшіліктер көп кездеседі. Адам қоғамының тарихында ұлтшылдық, шовинистік, расистік, фашистік саяси жүйелері қалыптасып, аз болса да өмір сүрген. Қазіргі заманда мемлекеттердің саясаты дүниежүзілік бірлікке, одаққа бет бұруда. Бұл объективтік прогрестік құбылыс. Глобальдық проблемаларды шешуге қолайлы жағдай қалыптасуы мүмкін. Сонымен, қоғамның саяси жүйесі – мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, еңбек ұжымдарының бірігіп, елдің саяси өміріне кірісіп, қоғамды дамытуға, нығайтуға үлес қосуы. Саяси жүйенің төрт бағыты болады: — институционалдық – мемлекет, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар бірігіп қоғамның саяси жүйесін құрайды; — реттеуші – құқық, саяси нормалар, әдет-ғұрып, мораль т.б.; — функционалдық – саяси әрекеттің тәсілдері, саяси жүйе; — идеологиялық – саяси сана, қоғамдағы үстемдік идеология. Саяси жүйенің негізгі элементтері: саяси және құқықтық нормалар, саяси құрылыс, саяси іс-әрекет, саяси сана және саяси мәдениет. Енді осы элементтерге толық түсінік берейік. 1) Саяси іс-әрекет және құқықтық нормалар – қалыптасқан немесе қабылданған тәртіп ережелері, саяси қатынастарды реттейтін тәсілдері, қоғамдағы конституция, кодекстер, ережелер, партиялардың бағдарламалары, саяси әдет-ғұрып т.б. Саяси нормаларды, сол арқылы өмірге келетін қатынастарды – саяси институттар деп атайды. Идеяның даму процесі арқылы нормаға, тәртіптің ережелеріне айналуы, содан кейін саяси ұйымдардың қағидасына айналуын институционализация деп атайды. Осылай қоғамның болашақ саяси ұйымының элементтері қалыптаса бастайды. Саясат пен институционализацияның байланысы шектеулі, оның сан қырлы саяси іс-әрекеттері тек ұйымдық нысандарында ғана байқалады. 2) Саяси құрылыс – қоғамдағы саяси, мемлекеттік ұйымдардың, институттардың, мекемелердің және олардың арақатынасының жиынтығы. Бұл құрылыс адамдардың арасында саяси қатынастың тұрақты қалыптасқанын көрсетеді. 3) Саяси іс-әрекет – қоғамдағы саяси билікті дамыту және қорғау үшін бағытталған адамдардың әр түрлі іс-әрекеттері. Бұл әрекет әр түрлі деңгейде жүргізіледі: белсенді, сылбыр, енжар, тұрақты, нәтижелі т.б. 4) Саяси сана – адамдардың сан қырлы рухани сана-сезімін қоғамдағы саяси билікті қолдап, адамдардың іс-әрекетін саяси қатынастарды дамытып, нығайтуға бағыттау. Саяси санада екі түрлі бағыт болуға тиіс: концептуалдық – саяси теория, доктрина, ілім, бағдарлама; күнделікті – ой-пікір, әдет-ғұрып, мораль, тәртіп. 5) Саяси мәдениет – қоғамдағы саясатты, саяси қатынастарды реттеп-басқару үшін қалыптасқан рухани құндылықтардың, саяси идеяның, сенімнің, символдың жиынтығы. Саясатта бірлік, дербестік тек адамдардың рухани байланысы арқылы болады. 6) Саяси жүйенің ең күрделі, ең маңызды элементі – мемлекет. Саяси жүйенің қоғамды басқарудағы ең орталық буыны – мемлекет. Біріншіден, ол саяси жүйенің билігін, мүдде-мақсатын іске асыратын ең негізгі аппараты. Екіншіден, мемлекет саяси жүйенің барлық элементтерін біріктіріп, саяси функция арқылы қоғамның игілікті құндылықтарын әділетті болу процесін басқарып отырады. Бұл процесті басқару, бақылап отыру дегеніміз – қоғамдағы қарым-қатынастарды, олардың өзара байланысын реттеп отыру, тұрақты, жақсы дамуын қамтамасыз ету. Жоғарыда көрсетілген саяси жүйенің элементтерінің даму процесінен қоғамда әр түрлі саяси жүйелер қалыптасады: әкімшілік, жарыстық, әділетті-бірлік жүйелері. Қоғамның жақсы-жаман дамуын осы жүйелер шешеді, соған сәйкес саяси жүйе әр түрлері қалыптасып жатады. 1) Формациялық саяси жүйелері – құл иелену, феодалдық, буржуазиялық, социалистік формацияларының саяси жүйелері. 2) Авторитарлық саяси жүйелер – тоталитарлық, партократтық, деспотиялық, фашистік т.б. саяси жүйелер. 3) Демократиялық саяси жүйелер – либерал-демократиялық, халықтық-демократиялық, социал-демократиялық т.б. 4) Прогрестік, реформаторлық, консервативтік, реакцияшыл т.б. саяси жүйелер. Қоғамның саяси жүйесінің даму заңдылықтары. Қоғамның мүдде-мақсаты объективтік тұрғыдан қалыптасады. Ол мүдде-мақсатты іске асыратын, орындайтын күштер субъективтік жолмен қалыптасып, жұмысқа кіріседі. Олардың ішінде ең негізгі басқарушы, ұйымдастырушы, реттеуші, шешуші күш – саяси жүйе, одан кейін мемлекет. Субъективтік күштердің дамуының негізгі шешуші себептері сол күштердің (мемлекет, қоғамдық ұйымдар, бірлестіктер, одақтар, еңбек ұжымдары, саяси ағымдар, партиялар т.б.) арасындағы үзіліссіз дамып жататын қайшылықтар. Қоғамның даму процесінде бұл қайшылықтар өмір тәжірибесінен өтіп, шыңдалып дұрыс саяси жүйесін қалыптастыруға, дамытуға зор үлес қосып отырады. Бұл субъективтік қайшылықта екі жақгы субъектілер болады. Оларда қоғамның мүдде-мақсатын іске асыру стратегиясы бірдей, ал тактикасы – әр түрлі болады. Осы әр түрлі тактикалардың арасындағы үзіліссіз қайшылықтар субъективтік күштерге нәр беріп, саяси жүйені дұрыс қалыптастыруға, дамытуға шешуші ықпал жасап отырады. Соның нәтижесінде қоғамда демократиялық бағытта әділетті саяси жүйе қалыптасып, оның негізгі мазмұны мемлекеттің конституциясына, құқықтық нормаларына кіріп, саяси жүйенің даму заңдылықтарына айналады, оның түрлері: таптық, топтық, ұлттық, әлеуметтік, саяси, нәсілдік, халықаралық, мемлекетаралық т.б. қайшылықтар. Ол қайшылықтарды бейбітшілік жолмен реттеп, бір келісімге келіп, саяси жүйенің, биліктің дұрыс дамуына мүмкіншілік жасалып отырады. Сонымен жүйенің даму заңдылықтары дегеніміз – қоғам өмірінің әр кезеңінде саяси-әлеуметтік құбылыстардың бірлесіп саяси жүйесінің объективтік, тұрақты даму процесінің заңдылықтарына айналуы. Қоғамның саяси жүйесіндегі мемлекеттің алатын орны өте зор, өте жауапты. Мемлекет саяси партиялармен бірігіп қоғамның барлық саласының дұрыс, жағымды дамуына жауапты және сол жауапты жұмыстың басым ауыртпалығын мемлекет өз мойнына алады. Әрине, бұл тоталитарлық мемлекеттің түсінігі емес, демократиялық мемлекеттің сипаттамасы, мазмұны. Мемлекеттің қоғамдық саясатты орындаудағы ерекшеліктері: Мемлекет қоғамның саяси жүйесіне кіретін барлық ұйымдарды, бірлестіктерді, одақтарды, ұжымдарды біріктіріп, көмек жасап отырады. Мемлекеттің бұл бағыттағы жұмыстарының түрлері: Мемлекет Конституция арқылы барлық азаматтарға өздерінің бірлестіктерін, ұйымдарын құруға толық мүмкіншілік береді; қоғамдағы демократияны дамытуға міндетті. Мемлекет қоғамдық ұйымдардың құқықтық құзыретінің көлемін, шеңберін анықтайды. Мемлекет қоғамдық ұйымдардың дербес жұмыс жасауына толық мүмкіншілік беріп, оларды қорғап отырады. Сөйтіп, мемлекет қоғамдағы барлық ұйымдарды, ұжымдарды біріктіріп, қоғамның саясатын, мүдде-мақсатын дұрыс, жақсы орындауын, демократияның дамуын қамтамасыз етіп, саяси жүйенің жан-жақгы нығаюына мүмкіншілік жасайды. Саяси жүйенің барлық саласы өздерінің жұмысын әлеуметтік нормалар, оның ішінде басым түрде құқықтық нормалар арқылы жүргізеді. Мемлекет, барлық саяси партиялар, ұйымдар, ұжымдар заңдылықты, құқықтық тәртіпті қатаң сақтап, қорғайды. Мемлекет қоғамдық және саяси жүйенің құрамындағы басқарушы, реттеуші, ұйымдастырушы ең маңызды бірлестік. Оның себептері: Мемлекет қоғамдағы қайшылықтарды өршітпей, дамытпай дұрыс келісімге келтірудің арбитры, әділ қазысы. Ф.Энгельс бұл жөнінде өте қысқаша былай деген: «Егерде мемлекет пен құқық өмірге келмегенде, адам қоғамы көне дәуірде ақыр заманға тап болатын еді». Қандай тамаша айтылған пікір…! Мемлекет қоғамдағы сан қырлы қайшылықгарды, ретсіз жағдайларды халықпен, бірлестіктермен, ұйымдармен, одақтармен, саяси ағымдармен, партиялармен, еңбек ұжымдарымен бірлесіп, оларды бір келісімге келтіріп, сол келісімді бәрі бірігіп іске асырушы күш. Мемлекет басында қоғамды басқарушы, қанаушы үстемдік таптың құралы ретінде өмірге келді. Кейін қоғам дамыған сайын, мемлекет демократияны жақтап, қоғамдық мүдде-мақсатты басым түрде реттеп, басқарып отырады. Қазіргі заманда да осылай. Мемлекет адамдардың, саяси-әлеуметтік күштердің үздіксіз күрестерінің нәтижесінде қоғамдағы үзіліссіз қайшылықтарды келісімге келтірудің әділ қазысы болып отыр. Мемлекеттің қоғамдағы барлық мәселені шешудегі егемендігі, қоғамның дұрыс дамуы, адамдардың бостандығы мен құқықтары, әділеттік пен теңдіктің шын мәнінде қалыптасуы мемлекеттің құзыретіндегі мәселе. Өйткені қоғамдағы билік мемлекеттің қолында. Қоғамның саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік жағдайы үзіліссіз диалектикалық даму процесінде болғандықтан, бұл процесті дұрыс, пайдалы басқару тек мемлекеттің қолынан келеді. Өйткені мемлекеттің құзырында барлық материалдық, саяси, әлеуметтік, әскери күштер бар. Мемлекеттік билікті іске асыратын құқықтық механизм бар. Мемлекет өзінің билігін саяси партияларға, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктерге, еңбек ұжымдарына, жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарына, азаматтарға сүйене отырып іске асырады. Енді осы байланыстарға қысқаша тоқтап өтейік. Мемлекет және саяси партиялар – бұл екеуі бірігіп қоғамды басқарудағы ең шешуші күш. Басқарудың сапалы немесе сапасыз болуы осы екі бірлестіктің қызметіне байланысты. Сондықтан олардың іс-әрекеті халықтың, үкіметтің үнемі бақылауында болады. Мемлекет және қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер – қазіргі заманда халықтың мүдде-мақсатын орындайтын тек мемлекет пен саяси партиялар емес. Ол мүдде-мақсаттың басым көпшілігі қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің қолында. Сондықтан мемлекет оларға көмек көрсетіп, іс әрекеттерін, жұмыстарын бақылап отырады. Мемлекет және еңбек ұжымдары – өндірісте, шаруашылықта мәселенің басым көпшілігі еңбек ұжымдарының құзыретінде: шаруашылықтың нәтижелі жұмыс жасауы, тәртіптің жақсы дәрежеде болуы, адамдардың бірлігі, достығы, мәдени, рухани білімі, денсаулығы т.б. Осы бағытта ұжымның атқаратын қызметінің маңызы, құндылығы ежелеп айтпаса да белгілі. Бұл мәселені ұжым мемлекетпен бірігіп іске асырады. Мемлекет пен жергілікті өзін-өзі басқару мекемелерінің қызметі жергілікті басқару мекемелері өзінің әкімшілік территориясында мемлекеттік билікті жүргізуге құзіреті болады және ол үшін жауапты. Бұл жұмысқа сол территориядағы азаматтар белсенді қатысып, барлық мәселені реттеп, басқаруға міндетті. Жергілікті мемлекеттік басқару органы оларға жан-жақты көмек көрсетуге міндетті. Осы екі орган тығыз байланыста қызмет жасауға тиіс. Сонда ғана нәтиже болады. Мемлекет пен азаматтар – азаматтар мемлекеттің жұмысына тікелей қатысып немесе өздерінің өкілдері арқылы өз ой-пікірлерін білдіріп отыруға құқықтары бар және ақпарат, радио, теледидар да өздерінің тілектерін, талаптарын, сын-пікірлерін айтуға құзыреті бар. Мемлекеттік органдар көмек көрсетіп, толық бостандық беруге міндетті. Егерде бұл іс-әрекет екі жақты сапалы жүргізілсе қоғамға, халыққа тиетін жақсылығы көп болады деуге болады. Мемлекет пен дін. Мемлекеттің дінмен қарым-қатынасына сәйкес үш түрлі мемлекеттер болады: зайырлы, теократиялық, клерикалдық: зайырлы мемлекеттің дінмен тікелей байланысы болмайды, олар бір-бірінің жұмысына тікелей қатынаса алмайды, жай байланыс жасауға болады. Оның бағыттары – демократияны, бостандықты, әділдікті, теңдікті дамыту, халықтың мәдени, рухани білімін көтеру, жастарды инабаттылыққа, парасаттылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу, ұлттарды бірлікке, достыққа тәрбиелеу т.б. теократиялық мемлекетті басқару шіркеу құзыретінде. 1921 жылға дейін Монғолия осындай мемлекетке жатты. Қазір – Ватикан осы жүйедегі мемлекет. клерикалдық мемлекет зайырлы және теократиялық мемлекеттерінің ортасындағы мемлекет. Олар мемлекетпен бірікпейді, бірақ заң шығару процесіне қатысып, мемлекеттің саясатына ықпал жасайды. Бұл мемлекеттерге жататындар: Ұлыбритания, Дания, Норвегия, Швеция, Израиль, Италия және 20 шақты ислам мемлекеттері. Адам қоғамы дамып, қалыптасып, өмірге келген күннен бастап міндетті түрде оның бағдарламасы, саясаты, биліктің түрі анықталады. Бұл жұмыстармен шұғылданатын қоғамның саяси жүйесі. Ең алдымен қоғамның мүддесі мен мақсаты анықталады. Қоғамдық бағдарламаны жасап, саяси биліктің мазмұнын толықтырып, олардың орындалу бағыттарын, жолдарын анықтап, іске асыру механизмін белгілейді. Саяси жүйе қоғамның объективтік даму процесінде қалыптасып, өмірге келеді. Саяси жүйенің негізгі міндеті экономикалық, рухани, мәдени базисқа сәйкес қоғамдық биліктің мазмұнын анықтап, сол билікті орнату, дамыту, нығайту. Қоғам өзгерсе, саяси жүйе де өзгереді. Адам қоғамы өзінің диалектикалық даму процесінде бес формацияны басынан өткізіп отыр. Соған сәйкес саясаттың бес түрі бар. Себебі әр түрлі тарихи дәуірде әр қилы оқиғалардың болуы да заңды. Өйткені осы оқиғалардың бәрі де қажеттіліктен, қоғамның материалдық өмірі жағдайларынан туады. Қоғамдық заңдылық қоғамдық дамудың негізгі бағытын анықтайды, кездейсоқтықтың біразын қамти отырып, заңдылық өзіне қажеттілікпен жол табады. Қоғамдық заңдылық абсолюттік идея түрінде қоғамға сырттан тағылмайды, адам қызметі және оның әлеуметтік жағдайлары: өндіргіш күштер, өндірістік қатынастар, өндіріс өнімдері т.б. рухани мәдениет қосындысынан туады.
Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin