• 7 августа, 2025 3:40 пп

«Туған анамнан көрмеген мейірімді «Ана Үйінен» таптым»: тағдыр тауқыметін жеңуге көмектесетін орталық

      Бала мен ананың амандығы – басты құндылық. Өкініштісі, кейде тағдыр жас аналарды тығырыққа тіреп, үмітін үзіп жібере жаздайды. Осы кезде оларға дер кезінде қолдау көрсетіп, сүйеніш болу маңызды. Елімізде жас аналарға пана болатын 20 Ана Үйі бар.  Солардың бірі Шымкент қаласында орналасқан.

Бұл жолы осы ресурстық орталықтыңаймақтық маманы Қалдар Тонтековаменсұхбаттасып, жобаның мәніне үңіліп көрдік .

«АНА ҮЙІ» 8 636 СӘБИДІ БАЛАЛАР ҮЙІНЕ ТҮСУДЕН ҚОРҒАП ҚАЛДЫ

Қалдар Жұмабайқызы, «Ана Үйі» бүгінде жүздеген, тіпті мыңдаған ананың тағдырымен тығыз байланысты. Әңгімемізді орталықтың мақсаты мен бағытынан бастасақ…

Орталық Шымкент қаласында 2013 жылы желтоқсанда ашылды. Мақсаты — әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және жыл сайын балалар үйіне түсетін балалардың санын азайту. Бұл – қазақстандық  кәсіпкерлердің жобасы. Бүгіндеелдің 18 қаласында 20 Ана Үйі жұмыс істеп тұр. Былтыр Қор халықаралық бағытын ашты. Өзбекстан, Қырғызстан және Украинадаорталықтар ашылды. Бұдан бөлек, Түркия, Әзербайжан, Малайзия сынды бірқатар елде жобаны жүзеге асыру мүмкіндігі талқыланып жатыр.

Орталыққа жүгінген аналар мұнда қанша уақыт болаалады?

Əдетте біз күнделікті өмірде «Отбасы – шағын мемлекет» дегенді жиі естіп жүрміз. Әрине, «кіші мемлекеттің» іргетасының мығым қаланып, балалардың өмірге бейімделуінде олардың өз үйінде өсуінің орны ерек. Алайда жас қыздарымыз аңдаусызда тағдыр тезіне түсіп жатады. Мұндай қиын жағдайға тап болғанда баладан бас тарту қаупі бар. Біздің орталық осындай жағдайлардың алдын алу үшін қолында 1 жарым жасқа дейінгі баласы барлар мен айы-күні жақындаған 30 жасқа дейінгі болашақ аналарға пана болады.  Олар «Ана үйі» ресурстық орталығында жарты жыл тұра алады. Олар бізге келген сәттен-ақ, туыстарымен тілдесеміз. Олардың тез арада еңсесін тіктеуіне барынша атсалысамыз. Мақсатымыз  — ананың сәбиінен бас тартуына жол бермеу және баланы туған отбасында қалдыру.

Орталық ашылғаннан беріқанша ана мен баланы қорғап, қиындық қамытынан құтқаруға үлес қостыңыздар?

Он екі жыл ішінде «Ана Үйі» Қазақстан бойынша 8 636 сәбидің балалар үйіне түсуіне жол бермеді. Барар жер, басар тауы қалмаған күндердің бәрі  біртіндеп саналарынан сызылып, мыңдаған ана жаңа өмірге аяқ басты.

Аналарға қандай көмек бересіздер? Бұл бағытта қандай жұмыстар жүреді?

Шымкенттегі Ана үйі жыл басынан бері сан түрлі себеппен кішкентай баламен жалғыз қалған 25 анаға көмек көрсетті. Қазіргі таңда орталықта 7 ана мен 7 бала тұрып жатыр.Оларға медициналық, психологиялық, әлеуметтік және құқықтық бағыттағы көмеккөрсетіледі. Біздің орталықтағы аналар кондитер, аспаз, шаш, тырнақ күтімінің шебері, массажист сияқты курстардан өтеді. Қолдаудың арқасында бірнеше айда мамандықты меңгеріп алады. Осының арқасында «Ана Үйінен» кететін уақытта қыздардың қолында азын-аулақ қаржы болады. Біз өз тарапымыздан уақытша баспана, киім-кешек, балаларғақажетті гигиеналық заттармен қамтамасыз етеміз.

Бұдан бөлек, әкелік құқығын тану, алимент алу, балалардың ай сайынғы әлеуметтік жәрдемақысына және кәмелет жасына толмаған жасөспірім қыздарға қатысты  қатысты құжат рәсімдеу, балаларын балабақшаға орналастыруға да көмек көрсетеміз. Айта кетері, біз бұл жұмыстың бәрінжергілікті басқармалармен, Мансапорталықтарымен жасасқан меморандум аясында жүзеге асырамыз.

Мұндағы аналар мен балалардың денсаулығына қаншалықты көңіл бөлінеді?

Аналар орталыққа келгеннен бастап тұрақты түрде жергілікті медициналық емханаға тіркеледі.Жас аналар мен балалардың денсаулығы арнайы медицина мамандарының бақылауына алынады.Сондай-ақ, қаламыздағы массаж орталықтарының мамандары балалардың бұлшықеті мығым болып өсуі үшін тұрақты түрде массаж жасап беріпотырады.

Ана мен бала құқығын қорғау жолындақандай жұмыстар атқарылуда?

Біздің орталыққа көбінесе тағдыр тәлкегіне ұшыраған аналар келетіні белгілі. Жасыратыны жоқ, баласынан бас тартқысы келген келіншектердің басым бөлігі құқықтық сауаттылықтарын арттыруды қажет етеді. Біз аналарға  бағыт-бағдар береміз. Олар, әсіресе, өзінің және баланың жеке басын куәландыратын құжаттар алу, жұмыссыз ретінде тіркелу, медициналық тексерістен өту бойынша қиындыққа тап болады. Біз осы мәселелерді шешуге барынша қолғабыс боламыз. Бастысы, аналар үйімізде бір-бірімен танысып, құрбы табады. Жобадан шыққан соң бірге тұрып, балаларына қарауға көмектесіп, аяққа нық тұрады.

Біз олардың көкейлеріндегі бұл сауалдарды«AMANAT» Шымкент қалалық филиалы, Шымкент қалалық тергеп-тексеру департаменті, Мансап орталығы, тағысын тағы мекеме мамандарын жұмылдыру арқылы шешуге тырысамыз. Әрбір саланың арнайы мамандары коуч-тренингтер, құқықтық кездесулер өткізіп отырады. Тіпті бүгінде «Otbasy bank» арқылы депозит ашқан бірқатар аналар баспанаға қол жеткізуге талпынып жүр.

Орталықта отбасылық құндылықтар да ұмытылмайды

Аналар бос уақыттарында қандай істермен айналысады?

Қыздар мұнда бірі ас пісірсе, енді бірі үй жинап, түрлі тәтті тосап дайындайды. Тіпті қыздардың қонақ күтудің қыр-сырын меңгеріп алуға мүмкіндік береміз. Себебі, жаза басқан жас аналардың өмір жолы осы қалыпта қалмай, өзгеше өрілері сөзсіз. Яғни, біздің тәжірибемізде бұл орталықтан шыққан соң, қайта шаңырақ құрып өмірлік жұбын жолықтырып жатқандар да бар.

Сіздердің орталықтарыңызда отбасылық құндылықтарды көпшілікке кеңінен  насихаттау тұрғысында қандай іс-шаралар өткізіліп тұрады?

Кейде өмір есігін енді ашқан нәрестелерді перзентханадан орталыққа өзіміз әкелетін жайттар кездеседі. Бұл жерде жылы-жұмсақ ас пісіріп, шілдехана жасап, баланы бесіккебөлейміз. Осылайша, салт-санамызды, ұлттық дәстүр-ділімізді ұлықтау жайлы құндылықтарды орталықтағы қыздардың бойына сіңіріп, ана мен бала арасына берік байланыс орнатамыз. Бұл рәсімдердің бәрінШымкент қалалық аналар кеңесінің өкілдерімен бірлесіп атқарамыз.  

«Ана үйінде» тұру мерзімі аяқталған аналарға қоғамдық қор тарапынан көмек көрсету жалғаса ма?

Әрине, аналар осы жерден кеткен күннің өзінде олармен байланысымыз үзілмейді. Тұрақты жұмысқа орналасып, өз орнын тапқанға дейін назарымыздан тыс қалдырмаймыз. Аналар мен балаларға  азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек, балаларға жөргектер, тұрмысқа қажетті бұйымдарды алуға жергілікті кәсіпкерлер «Добряки Шымкент» қоғамдық қоры мен еріктілерде көмектеседі. Біздің қоғамдық қор республика бойынша жұмыс істейді. Еліміздің әр қаласында филиалы бар. Қазіргі таңда балаларынан бас тартатын аналар айтарлықтай азайды. Бүгінде біз өмірлік қиын жағдайға ұшыраған аналарға көмек көрсетуді көздейміз. Оларға қаламыздағы «Отбасын қолдау», «Өмірлік қиын жағдайға тап болғандарды әлеуметтік бейімдеу» орталықтарымен бірлесіп көмектесеміз. Әлеуметтік жобамыз ашылғалы бері  12 жыл ішінде аналардың 70 пайыздайы отбасыларымен қайта қауышты. Біздің басты мақсатымыз ана мен баланы барынша қорғап, оларға қамқорлық таныту.Бөбектердің ана мейіріміне бөленіп, жетімдер үйініне тапсырылмауына жол бермеу.  

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

* * *

Тақырып аясында аталған орталықтың көмегін көрген бір кейіпкердің оқиғасымен бөліскенді жөн көрдік. Шымкент қаласындағы «Ана үйінің» бұрынғы тұрғыны, 27 жастағы Гүлбибініңайтуынша, оның өмір жолының дұрыс бағыт алып, қоғамда өз орнын табуына осы орталықтың көрсеткен қолдауы үлкен рөл атқарған.

– Бір жігітпен танысып жүріп, «маздаған махаббат отының» салдарынан аяғым ауыр болыпқалғанын аңғардым. Алайда, ол жігіттің менімен отбасын құруына ата-анасы келісімін бермеді. Түрлі ойлар жанымды жегідей жеді. Мені жүкті еткен жігітті жауапқа тарту мақсатында құқық қорғау органдарына жүгіндім. Арызымды қабылдаған полицей менің «Ана Үйінен» пана табу мүмкіндігім бар екендігін айтты. Міне, осылайша,  2 жыл бұрын «Ана үйінің» тұрғыны атануға мәжбүр болдым. Анам мен ағайын-туыстарым танытпаған мейірім мен қолдауды осы орталықтан таптым.

«Ана үйіне» табан тірегеннен-ақ, маған психолог мамандар көмек көрсетті. Әкесі баладан бас тартқандықтан өз баламды алдыртудан немесе босанғаннан кейін тастап кетуден басқа амал таппай қалуым мүмкін еді. Ай-күнім жетіп, баламды дүниеге әкелдім. Өте ауыр босандым. Баланың ішегі мойнына оралып туды. Осындай қысылтаяң күндерде керекті дәрі-дәрмектермен «Ана үйі» қызметкерлері қамтамасыз етіп отырды.

Бөбегіме ай сайынғы әлеуметтік жәрдемақы алу мәселесін де реттестірді. Араға күндер салып, баламның әкесінен алимент өндіруді де заң шеңберінде шешіп берді. Массаж кәсіптік курсын меңгертті.  Қазақтың қаршадай қызына жасалып жатқан орталықтың осындай қамқорлығынан соң, анамның маған деген көзқарасы да оң бағытқа өзгерді. Ата-анам мені қайта қабылдап, туыстарыммен табыстым. Тәңір менің маңдайыма қайта шаңырақ құруды жазған екен. Бүгінде елордада мені бақыт бесігіне бөлей алатын азаматпен күн кешіп жатқан жайым бар, – дейді ол.

Міне, «Ана үйі» бүгінде Гүлбибі секілді қаншама жас аналарға қорған болып, өмірге жаңа көзқараспен қарауына себепкер болып отыр. Бұл орталық уақытша баспана ғана болып отырған жоқ, қиын жағдайда қалған қыз-келіншектерге жан-жақты қолдау көрсетуде.  Мұнда аналар қоғамға қайта бейімделеді. Сол арқылы әр ана өз өмірін қайта бастап, баласымен бірге жарқын болашаққа қадам басуға мүмкіндік алады.

Әлия ӘУЕСБЕКОВА

Автор: admin