Бүгін Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайының мәжіліс залында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен ауылдық округ әкімдерінің аймақтық форумы жұмысын бастады. Форум жұмысына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары Асхат Аймағанбетов, Темір Қырықбаев, Нұрсұлтан Байтілесов, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, мәслихат депутаттары, облыстық департаменттер мен басқарма басшылары, ауылдық округ әкімдері, облыстық партия филиалының жауапты өкілдері мен аумақтық партия филиалдарының жетекшілері қатысты. Форум жұмысына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев төрағалық етті.
Форум алаңы ауылдық деңгейдегі басқару жүйесін жетілдіруді, әкімдердің кәсіби әлеуетін арттыруды, сондай-ақ, нақты проблемаларды шешу жолдарын бірлесе қарастыруды көздеді. Ауыл халқының ең жақын тірегі, жергілікті мәселелердің шешімін табатын негізгі лауазым иесі – бұл ауыл әкімі екені байыпталып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасау міндеттерінің орындалуы, ең алдымен әкімдердің іскерлік қарым-қабілетіне тікелей байланысты болып табылатынына назар аударылды.
«- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Халықпен тиімді кері байланыс орнату – жергілікті басқарудың басты қағидаты болуы керек», – деп атап өткен болатын. Сондықтан, сіздердің жұмыстарыңыз – тек әкімшілік емес, қоғаммен тікелей жұмыс істеу, халықтың үніне құлақ асу, сенімді ақтау жолындағы күнделікті еңбек. Ауыл – ел тірегі ғана емес, болашақтың бастауы. Ауыл көтерілсе – ел еңсесін тіктейді. Әр ауылдың дамуы – елдің өркендеуіне тікелей әсер етеді. Сондықтан да, әрбір әкім, өз ауылын шағын орталық ретінде дамытуды мақсат тұтуы тиіс. Сіздердің күнделікті еңбектеріңіз, шынайы жанашырлықтарыңыз арқылы ауылдарымыз өзгереді, жаңарады, жаңғырады», — деді Алтынсары Үмбетәлиев форум жұмысын бастауға арналған алғысөзінде.
Атап өтуіміз керек, «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының қоғамдық-саяси тірегі ретінде, Жаңа Қазақстанның саяси жүйесін жаңартуға, елдің тұтастығын бекемдейтін саяси үрдістердің барынша ашық болуына үлесін қосуда. Парламент Мәжілісінің спикері, партия Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов ауыл әкімдерінің сайлауы, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесін қорғауға бағытталғанын ерекше айтқан болатын. Бұл тұрғыда, Қазақстан халқының 40 пайыздан астамы, ауыл тұрғындары болып табылатыны ескеріліп, азаматтардың ел басқару және шешім қабылдау процесстеріне қатысуына жол ашылды. Тұрғындарының басым көпшілігі ауылдарда тұратын Түркістан облысында 2021 жылдан бері 226 мәрте ауыл әкімдерінің сайлауы өтіп, соның 214-де «AMANAT» партиясының кандидаттары жеңіске жеткен.
Түркістан облысының әкімшілік-аумақтық құрылымында 181 ауылдық округі болса, партиямыз бастамашыл болған бүгінгі форумға 137 ауылдық округтің әкімі қатысып, мемлекеттік биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі болып табылатын ауыл әкімдерінің рөлі мен жауапкершілігі мәселесі жан-жақты қаралды. Форум жұмысына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бүгінгі жиын ел болашағына қызмет ететін ауыл әкімдерінің кәсіби және қоғамдық рөлін арттыруға арналған маңызды саяси-әлеуметтік диалог алаңы болып отырғанын жеткізді. Осы іс-шараның бастамашысы болып отырған “АМАNАТ” партиясының Түркістан облыстық филиалына облыс басшылығының атынан зор алғысын білдірді.
«2021 жылғы 25 шілдеден бүгінгі күнге дейін облыс аумағындағы 181 аудандық бағыныстағы қала, кент, ауылдық округ, ауыл әкімі лауазымдарына 226 әкімдердің тікелей сайлауы өтті. Сайланған әкімдердің 61,5 пайызы ауылдық округ әкімі лауазымына алғаш рет сайланғандар, 38,5 пайызы – қайта сайланған лауазым иелері. Бұл – елдің жергілікті басқаруға қатысуының нақты көрінісі. Ауыл әкімдері енді тек тағайындалатын емес, халықтың сенім мандатын алған жауапты тұлға ретінде әрекет етуі тиіс. 2023 жылдан бастап ауыл әкімдіктеріне дербес бюджеттік өкілеттік берілді. Бұл – тек құқық емес, үлкен жауапкершілік. Бюджет жоспарлау, қаржы игеру, жобаларды іске асыру – барлығы ауыл әкімінің біліктілігіне байланысты», — деп атап өткен облыс әкімінің орынбасары, бұл жұмыстар үш негізгі бағытта: халықпен тығыз байланыс, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, жастар саясаты және әлеуметтік қолдау салалары бойынша жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Басқосуда ауыл әкімдерінің қызмет тиімділігін арттыру бойынша тәжірибелік ұсынымдар берілді, тұрғындар тарапынан кең қолдауға ие болған «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобаларын іске асыру механизмдері туралы әдістемелік көмектер көрсетілді. Мемлекет басшысының саяси реформалары кең ауқымды өзгерістер жасауға мүмкіндік бергені айтылды. Соның ішінде ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу процесстері еліміздегі саяси үдерісті демократияландырып, азаматтырдың мемлекеттік басқару ісіне қатысуын кеңейткені сөз болды.
Форум жұмысына арнайы қатысқан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, әлеуметтік даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағанбетов бүгінгі форум ауыл әкімдері үшін шын мәнінде пайдалы жиын болып отырғанын жеткізді. Өзі жетекшілік ететін комитет 6 негізгі бағыт бойынша қызмет атқаратынын мәлімдеп, осы салаларға түбегейлі өзгерістер әкелетін заң бастамалары туралы мағлұмат берді. Соның ішінде МӘМС жүйесін жетілдіру, ауылдық ФАП-тардың жұмысын жүйелеу, балабақшаларда бала құқықтарының сақталуын қамту, олардың қызметін лицензиялауды қайта қалпына келтіру мәселелері бар екені айтылды. Балалардың жазғы демалыс лагерлеріне қойылатын талаптарды бекіту, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жүйесінің пәрменділігін арттыру, білім беру жүйесіндегі аттестацияға мемлекеттік бақылауды күшейту талаптарындағы өзгерістер жөнінде мағлұматтар берілді. Бюджет кодексіндегі жаңа талаптар, мемлекеттік сатып алу процесінің жариялығын қамтамасыз ете отырып, жетілдіру, спорт саласында легионерлерге бюджет және квазимемлекеттік сектор қаражатының жұмсалуына тосқауыл қою бағытындағы өзгерістер жайлы айтылды.
🔰Жиынның күн тәртібіне сәйкес, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев сөз алып, «AMANAT» партиясының фракциясы VIII шақырылымның сессиясы аясында Президент Жолдаулары мен партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жүйелі және нәтижелі жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Фракция барлық заң жобасының 82 пайызынан астамына бастамашылық етіп, тұрғындармен 4 мыңнан астам кездесу өткізгенін және азаматтардың өмірінде орын алған нақты өзгерістерге қол жеткізгенін атап өтті. Мәжіліс депутаттары 158 заң жобасын қарастырып, оның 89-на Мемлекет басшысы қол қойған. Парламент қабырғасында жаңа Бюджет кодексі жан-жақты қарастырылып, жұртшылықтан түскен көптеген ұсыныстар сараланғанын, жаңа нормативтер ауыл әкімдерінің қызметі үшін аса маңызды екенін айтты. Мемлекеттік басқаруды жетілдіру, халықты әлеуметтік қолдау, өңірлердің инфрақұрылымдық ахуалын жақсарту, медицина саласы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыруда жаңа құқықтық нормалар қарастырылғанын түсіндірді.
Атап өтуіміз керек, Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясы 62 заң жобасына бастамашылық еткен заң жобаларына 5322 түзету енгізген. Күн тәртібіндегі актуалды деген мәселелер бойынша 626 депутаттық сауал жолдап, қайталанған сапарларды қоса есептегенде 2099 елді мекенге шығып, тұрғындар көтерген проблемалық мәселелердің шешілуін депутаттық қадағалауға алған. Фракция өкілдері азаматтармен 4209 кездесу өткізіп, 128 мың адам қамтылған. Депутаттардың ықпал етуімен 527 мәселе дер кезінде шешімдерін тапқан. Жаңа Салық кодексі, Бюджет кодексі, Су кодексі қабылдау бойынша іргелі қадамдар жасалып, Міндетті әлеуметтік сақтандыру, «Келешек» жүйесі, Мәдениет, тәлімгерлік және білім беру, Денсаулықты қорғау және лудоманияға қарсы, Байланыс, көлік, мемлекеттік қызметтер және пошта, Тауардың шығу тегі, Есірткі қылмысына қарсы күрес туралы Заңдар қабылданған.
Облыстық мәслихат депутаттарының ауыл әкімдерімен ықпалдастығы мәселесін айтқан Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, өңіріміз үшін ауылдардың ахуалын түзеу – стратегиялық басымдық деп бағалады. Өйткені, Түркістан облысындағы 2,2 млн. халықтың 1,6 миллионы – ауыл тұрғындары екеніне назар аударып, жергілікті атқарушы билік жүйесінде ауыл әкімдерінің рөлі маңызды деді. Тұрғындардың табысын арттыруда инвестиция тартудың өзектілігіне тоқталды. Парламент, мәслихат, әкімдік және партия болып бірлесіп, ауыл әкімдіктерінің ғимарат мәселесін шешу, ауыл әкімдерін қызметтік көлікпен қамту, ауыл әкімдіктерінің қызметтік ресурсын нығайту, ауылдарда полиция тірек пункттарын ашу, ауылдарды көрікті мекенге айналдыруда арнайы техникалар бөлу мәселесінде жан-жақты ынтымақтастық керек деп байыптады.
Облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев ауыл әкімдеріне партиялық қызмет туралы мағлұмат беріп, ауыл тұрғындарын толғандыратын негізгі мәселелерге тоқталды. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінің қызметі, шалғай елді мекендерде өткізіліп жатқан мобильді көшпелі қоғамдық қабылдаулар, фракция отырыстарының барысы, кеңестердің мәжілістерінде көтерілген өзекті мәселелер, партия қабылдаған Сайлауалды бағдарламаның орындалуы туралы пайдалы ақпараттарды ұсынды. Сайлаушылармен жұмыс жүргізу, қоғам сұраныстары мен тұрғындар көтерген мәселелердің шешім табуында партиямен ықпалдастық мәселелері туралы хабарлама жасады.
📉Форум алаңында ауыл әкімдері үшін өзекті деген сауалдар бойынша облыстық басқармаларға, департаменттерге тікелей жүгінуге мүмкіндік жасалды. Ашық пікір алмасу форматында өткен жиында ауыл әкімдеріне пайдалы көптеген ақпараттар айтылды. Ауылдарда мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы және оларды жүзеге асыруда кездесіп жатқан өзекті мәселелер туралы Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңатаров, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, ауылдық жерлерде жұмыс орындарын ашуға септігі тиіп жатқан «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуы, бағдарламаға енгізілген жаңа талаптар жөнінде Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов ақпарат берді. Жиын барысында ауыл шаруашылығы саласында кезек күттірмейтін мәселелер бар екеніне баса мән беріліп, облыс тұрғындары үшін негізгі күнкөріс көзі болып табылатын саланың өзекті мәселелерін түбегейлі шешуде облыстық басқарма ауыл әкімдерімен тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет екені айтылды.
Ауылдардың инфрақұрылымдық ахуалын жақсарту, ауыз су, табиғи газ жүйелерінің тартылуы, электр қуатының сапалы болуы мәселелері Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариеваның хабарламасында айтылса, ауыл тұрғындарының әлеуметтік сұраныстары, халықтың жұмыспен қамтылуы, мемлекеттік әлеуметтік қолдаулардың көрсетілуі туралы Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Алмас Әбдіқадыровтың баяндамасында қамтылды. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген «Жер аманаты» жобасының орындалуы, жайылымдық жерлерді ортақ игілікке қайтару бойынша қабылданған жоспардың іске асырылуы туралы ақпарат ұсынды. Ал Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Мейрамбек Көкенов салық төлемдерінің орындалуы бойынша ауыл әкімдерінің қызметтік функциясы жөнінде түсінік беріп, пайдалы мағлұматтар берді.
Айрықша атап өтуіміз қажет, «Қарызсыз қоғам» жобасының орындалуына облыстық қаржы басқармасы тікелей жауапты болғанымен, оны тиісті деңгейде атқарудағы жауапкершілік аудан және ауыл әкімдеріне жүктелгені айтылды. Партия бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіріп, сапалы орындалуына қоғамдық бақылау жүргізеді. «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша биылдың өзінде 8102 адам оқытылды. Оның ішінде банк алдындағы несие қарыздары 90 күннен асқан қарызы бар азаматтар санатынан 1785 адам – офлайн, 317 адам – онлайн оқу курстарынан өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасын табуы қажет екені айтылды. Жобаны іске асырудың нәтижелері мен өзекті мәселелері туралы Түркістан облысы бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ержан Кангелдиев баяндама жасады. Жиын барысында несие қарыздары бойынша берешегі бар азаматтардың есепшоттарын бұғаттаудан шығару, осы санаттағы азаматтарға заңгерлік көмек көрсету, несие қарыздары бар азаматтарға қарыздарын өтеуге жеңілдіктер беру мәселесі жөнінде қажетті кеңестер берілді. Тұтынушы несиесін рәсімдеуде азаматтардың жас мөлшерін 18-ден 21-ге дейін ұлғайтуды заң жүзінде белгілеу, коллекторлық ұйымдардың қызметін құқықтық реттеу бойынша шаралар қабылданып жатқаны айтылды.
Ал Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, облыстық партия филиалы жанындағы өңірлік даму кеңесінің жетекшісі Бақытжан Серманизов Шардара су қоймасында су деңгейінің күрт түсіп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, бұл ахуал тұрғындар үшін қолайсыз боп жатқанын жеткізді. Экология, энергетика және халық тұтынатын ауыз суға тікелей қатысы бар бұл мәселені Парламент депутаттарынан Үкімет алдында көтеріп, орталық мемлекеттік органдардың қатысуымен арнайы қарауды ұсынды.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы ашып берген алаңның практикалық тұрғыда пайдалы жиын болғанын Қазығұрт ауданы, Қызылқия ауылдық округінің әкімі Біржан Махсутов пен Бәйдібек ауданы, Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Аманатайұлы айтып, партияға ризашылықтарын білдірді. Партия атынан сайланған ауыл әкімдері Сайлауалды бағдарламаның орындалуы, партиялық жобалардың жүзеге асуы туралы тәжірибелерімен бөлісті.
Ауылдық деңгейдегі басқару жүйесінің өзекті мәселелері ашық талқыланған, өзара тәжірибе алмасуға сеп болған, ортақ шешімдер қабылдауға мүмкіндік ашқан жиынның қорытындысында, ауыл азаматтарының сұранысын дөп басқан, олардың қолдауына ие болған «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам», тағы басқа партия жобаларын нақтылы іске асыру, ауыл-аймақтардың тазалығын сақтау, елдің ішкі бірлігін бекемдеу мәселелері бойынша маңызды шешімдер қабылданып, олардың орындалуы партиялық бақылауға алынды.
Форум жұмысының қорындысымен мемлекетке адал еңбегі сіңген, облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, еліміздің өркендеуіне үлесін қосқан және «AMANAT» партиясының стратегиялық бағытын қолдап, оның бағдарламалық міндеттері мен жобаларын іске асыруға табандылық танытқан бірқатар ауыл әкімдері Түркістан облыстық мәслихатының және «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Алғыс хаттарымен марапатталды.