• 16 января, 2025 7:52 пп

Биыл Шымкент қаласын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі толығымен шешімін табады.

Автор:admin

Ноя 11, 2023

Халқымыз ішетін суына да ізет көрсетіп, оны «тіршіліктің көзі деп» әспеттеп, тіпті «Қайғысыз қара суға да семіреді», «Судың да сұрауы бар» деген мақал-мәтелдерді өмірге әкелген. Тіршілік тізбегіне терең үңіліп қарайтын болсақ, бір жұтым судың да қаншалықты қадірлі екенін аңғару қиын емес. Себебі отыз күн Оразада күні бойы нәр татпай жүретін адамдар ауызашар сәтінде алпыс екі тамырына ағылған судың сылдыры естіліп, дәмі сезілетінін айтады. Қара судың қадірі қалалықтар үшін де маңызды. Әсіресе қабат үйде тұратындар тіршілік көзінің тоқтамауын тілейді. Дегенмен астаналық деген аты болмаса, ауылдағыдай күн кешіп, ауыз суды тасып ішіп отырғандар елордада да аз емес. Ауыз су мәселесінде ауыз толтырып айтар жаңалықтар бар ма? Соған тоқталып көрсек.Осы орайда шаһарымыз Шымкентте биыл қаладағы 5 елді мекенде құрылыс жұмыстары жүріп, жыл соңына дейін аяқталады. Нәтижесінде 72 мыңнан астам адам орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылу мүмкіндігіне ие болмақ. Бұл туралы Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Арман Әбдіқалықов айтты. Ауыз су құбыры тартылып жатқан елді мекендердің бірі – Қайнарбұлақ. Бұл жерде бүгінде ауыз су кесте бойынша сағаттап беріледі. Халықты ауыз сумен толық қамтамасыз етіп, тіршілік нәрінің тәулік бойы үздіксіз берілуі үшін Шымкент қаласы әкімдігінің энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тапсырысымен жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, өткен осы жылы қаңтар айында мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған екен. –Қайнарбұлақ елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 6,7 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде өткен жылы 2,9 миллиард теңге игерілген болса, биыл 3,8 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға жалпы ұзындығы 329,8 шақырымды құрайтын ауыз су жүйелері жүргізіледі. Қазіргі таңда мердігер мекеме – «Мелиоратор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысты қарқынды түрде жүргізіп жатыр. Бүгінге дейін 155 шақырым құбыр тартылып үлгерген. Яғни, жұмыстың шамамен 47 пайызы орындалды деген сөз. Биылғы жылдың төртінші тоқсанына қарай жұмысты толық аяқтау жоспарланған, – деді Арман Әбдімүтәліұлы. Бүгінде Сайрам елді мекенін ауызсумен қамту бойынша құрылыстың 3-ші кезеңі бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Сонымен қатар, Қайнарбұлақ пен Құрсай елді мекендерінде ауызсу тарту жұмыстары жүріп жатыр. Ал, Еңбекші ауданына қарасты 9 елді мекеннің жаңа құрылыс аймақтарына ауыз су құбыры жүргізілмек. Айта кетейік, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 72 мыңнан астам шымкенттік орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылу мүмкіндігіне ие болады. Бұл Шымкенттегі ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткішін 98,5 пайыздан жыл соңына дейін 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin