• 23 ноября, 2024 2:22 пп

БІЗ БІРТҰТАС, БӨЛІНБЕЙТІН БІРЛІКТІ КӨРСЕТТІК

Автор:admin

Ноя 21, 2022

 

Халықтың билікке деген көзқарасын танудың бірден-бір жолы – сайлау өткізу. Қазақстанда өткен Президент сайлауы кезінде көпшіліктің ортақ пікірі анықталды. Бұл — Қасым-Жомарт Кемелұлы сияқты тәжірибелі саясаткер үшін де маңызы зор көрсеткіш.

«Кеме қайда бағыт алғанын білмесе, оған жел де жәрдем бере алмайды» деген сөз бар. Бұл ретте, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың бағыты – айқын, мақсаты – анық. Кешегі өткен сайлау бүкіл Қазақстан қоғамын біріктіретін үлкен мәні бар саяси оқиға болды. Халық тарихи таңдау жасаған тағдыршешті саяси науқан Қазақстан қоғамының бірлігін, беріктігін және жоғары саналығын көрсетті.

Ел артқан сенім айқын. Төңіректегі түрлі қиындықтарға төтеп беру маңызды. Межелі міндеттерді мүлтіксіз орындау үшін, әрине, сыртқы саясатымыз да сындарлы болуы шарт. Әлеммен байланысымызды бекемдеу қажет. Бұл тұрғыда, Мемлекет басшысы, Қ.К. Тоқаев әлемдік саясатта да, елдік, ұлттық саясатта да өзін дәлелдеген кемеңгер басшы.

Еліміз үшін татулық пен тұрақтылықтан артық ешнәрсе жоқ. Тыныштықта өмір сүріп, алаңсыз еңбек еткенге, бақытты ұрпақ тәрбиелегенге не жетсін! Міне, ең бастысы – осы. Қазақстандықтар тарихи кезеңде, ел бірлігі мен кемел келешекке және де жаңа мемлекеттік саясат орнап, Әділетті қоғам құруға сенім артты. «Мәңгілік елдің» мызғымас ұстанымдарына адалдығын көрсетті. Бұл таңдау – жарқын да әділетті болашаққа қадам басқан Қазақстанның таңдауы.

Еліміздің саяси тарихының жаңа парағы ашылды. Келесі саяси кезең – парламенттік сайлау. Кандидаттардың қолында кейінгі табысқа жету үшін барлық қажетті мүмкіндіктер бар. Алдағы уақытта осы кандидаттардың саяси амбициясы парламенттік сайлау науқаны кезінде қалай жүзеге асатынын көреміз.

Қазақстандағы сайлау процесі ашық әрі әділ ұйымдастырылғанын айтуға тиіспіз. Ол ұлттық заңнамаға және халықаралық талаптарға сай өтті. Азаматтардың дауыс беруіне барынша қолайлы жағдай жасалды.

Нұржан ӘШІРОВ,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты

Автор: admin