• 23 ноября, 2024 6:51 пп

ЕЛ ӘЛЕУЕТІН КӨТЕРЕТІН ОҢДЫ ҚАДАМ

Автор:admin

Июл 13, 2023

Бүгін Мемлекет басшысы «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды.

Бұл Заң кейбір адамдар ойлағандай “легализация” емес. Ұрланған қаражаттың 20-30% беріп, қалғанын өзінде қалдырады деген болмайды. Ұрланған мүлік — толықтай мемлекет бюджетіне қайтарылады. Басты жеңілдік — егер адам өз еркімен ұрланған мүлікті, қаражатты, активтерді қайтарса, ол адам Қылмыстық істен босатылады. Ал егер күдіктінің сөзі мен Комиссияның нәтижесі сәйкес келмесе, ол адам толықтай жазаға тартылады.

Заң нормаларына сәйкес қайтару тетіктері ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік-билік ресурстары (байланыстары, ықпалы) бар адамдармен сыбайлас олигополиялық топтарға қолданылады. Тарқата айтсам, заң жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын (атқарған) субъектілерге, мемлекеттік заңды тұлғаларға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, сондай-ақ аталған тұлғалармен аффилирленген субъектілерге қолданылады.

Сонымен қатар, активтерді қайтару жұмыстарын арнаулы уәкілетті орган (Бас прокуратура ведомствосы) жүзеге асырады және мониторинг және талдау барысында активтерді заңсыз шығару схемасына қатысы бар тұлғалар тобы, олармен үлестес тұлғалар тобы, активтердің жиынтық мөлшері, активтерді заңсыз иемденудің, оларды елден тыс жерге шығарудың белгілері мен мән-жайы және өзге де мәліметтер айқындалады.

Одан бөлек, талдау қорытындысы бойынша, егер уәкілетті органда сатып алынған активтердің заңдылығына қатысты орынды күмән туындаса, ол активтерді қайтару жөніндегі комиссияға осындай субъектілер мен олардың үлестес тұлғаларын тиісті реестрге қосу туралы ұсыныстар енгізеді.

Егер тұлға активтерді иемденудің заңдылығын растай алмаса, онда мұндай активтер шығу тегі түсініксіз активтер деп танылады. Сондай-ақ, активті елден шығару немесе оны иеліктен шығару қаупі туындаған кезде, уәкілетті орган алдын алу шараларын қабылдау туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
Журналист

Автор: admin