• 30 октября, 2025 10:06 пп

ЕРІКСІЗ ҚАҺАРМАНДАРМЕН ӨТКЕН БІР КҮН…

Автор:admin

Окт 30, 2025

Әдетте біз журналистік креслода отырып, қылмыс хроникасымен қатар басқа да ақпараттарды жариялаймыз. Осылай келе жатқаныма 27 жылға жуықтапты. Бірақ бұл жолы мен, «Пагонды журналист» ретінде, Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының офицерлерімен бір күн өткізіп, олардың «ақ ажалға» қарсы күресінің ішкі асханасын көрдім. Ең алдымен полиция формасын киген сәттен-ақ бойымды жинап, жауапкершілікті меңгерумен қатар, бұл тек кәсіби борыш қана емес, адамгершілік қасиет пен азаматтық ұстанымды талап ететінін ұқтым. Полиция қызметкерінің сыртқы келбетіне сай, сөйлеу мәнерім мен өзімді ұстай білу- полиция беделінің айнасын көрсететінін бірден сезіндім. Себебі, полиция формасының құдіреті – бұл иыққа артылған үлкен жауапкершілік жүгі. Бұл тек арнайы киім емес, бұл – сенім мандаты. Форманы киген сәттен өзімді Мемлекеттің, Заңның және Қоғамның мүддесін қорғайтын тұлға ретінде көріп, осы жоғары міндетке лайықты болуға ұмтылдым. Сондай-ақ, форманың қасиеті – бұл мақтаныш қана емес, күнделікті ерлік пен адал еңбекке шақыру екенін де аңғардым. Жұмыс барысы сағат сегіздегі оперативті жиналыстан басталды. Үстел басында Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқарма бастытығы полиция полковнигі Сакенов Сабыржан Жарылқасынұлы мен жедел уәкілдермен бірге менде қатарластым. Бүгінгі жұмыс барысын талқылап, тапсырма алған соң бірден қызметке кірістім. Ең алдымен басқармасының аға жедел уәкілі полиция майоры, киберқадағалаушы Қадыр Азамат Бақытжанұлымен интернент арқылы синтетикалық есірткілердің таралуына жол бермеу мақсатында күнделікті мониторинг жұмыстарына шолу жасадық. Өткен жылдың еншісінде -298, ал жыл басынан бері -1114 ақпараттық сайыттар анықталып, «Киберқадағалау» сараптамасына жолданып, нәтижесінде бұғатталған. Прокуратура органдарымен бірлесіп есірткі заттарын жарнамалайтын «Анти-фрод» жүйесіне енгізу барысында 70 млн-нан астам тенге қаражаты бар 1346 банк карталары анықталыпты.
ЖЕДЕЛ ІС-ШАРАЛАРҒА БЕРІЛГЕН БАСЫМДЫҚ
Бұдан кейін, Ішкі істер министрі 2025 жылды «Профилактика жылы» — деп атап, бекітілген жоспарға сәйкес, Департаментпен профилактикалық шараларды және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң мен тәртіпті нығайту мақсатында, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді түрде қорғау бағытындағы шаралардың күшейтілгенінен нашақорлықтың алдын алу, ведомствоаралық үйлестіру тобының жедел уәкілі полиция майоры, профилактика бойынша жауапты Қожбанов Есімхан Халбуддинұлының жыл басынан бері атқарылған жұмыстарынан ақпараттандым. Жалпы, синтетикалық және өзге де есірткілердің зияндығы және олардың заңсыз айналымы бойынша Заң алдындағы жауапкершілік туралы 2024 жылы -271, биылғы жылдың 9 айлық есебі бойынша 1000-ға жуық /991/ түсіндіру профилактикалық іс-шаралары өткізіліп, оған 99 мыңнан астам оқушылар мен студенттер, ата-аналар және жергілікті тұрғындар қатысқан. Сонымен қатар, Департаменттің жанында (2025 жылғы 20 наурыздағы №109 бұйрығына сәйкес) есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы саласында өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі Кеңес мүшелері құрылған болатын. Бұл Кеңестің құрамында өзімде бар болғандықтан, нашақорлықтың, есірткі қылмысының алдын алу, заңға бағынатын мінез-құлық пен салауатты өмір салтын насихаттау, халықты, әсіресе жастарды есірткіге қарсы бағыттағы жұмыстарының тұрақты жүргізіліп келе жатқанынан хабардармын. Мұнан бөлек, ойын-сауық орындарында, түнгі клубтарда 98 рет рейідтік іс-шаралар жүргізіліп, прокуратура органдарының қызметкерлері және облыстық жастар ресурстары жанындағы ерікті жалданушылармен бірлесіп көше граффити жазбаларын өшіру бойынша 115 іс шаралар жүргізілген. Нәтижесінде, 190 есірткі жарнамалау, насихаттау жазбалары өшіріліп, сондай-ақ есірткі жарнамалауымен байланысты 1 дерек анықталып, Қазақстан Республикасы ҚК-нің 299-1 бабымен қылмыстық іс қозғалған. Облыс аумағындағы көшелер мен қоғамдық орындарда қазіргі таңға дейін жалпы 76 есірткіге қарсы әлеуметтік жарнамалары бар билбордтар және 15 LED экрандары орналастырылыпты. Ал, Әуежай, Теміржол вокзалы, «ҚазПочта» қызметкерлерімен бірге Есірткі құралдары және психотроптық заттарды заңсыз жөнелту фактілерін анықтау үшін Департаменттің қызметтік иттерінің көмегімен жедел-іздестіру іс-шаралары ұдайы түрде жүргізіліп, 112 рейдтік іс-шара өткізілген.
КИНОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ
Түстен кейін жұмысымның басым бөлігі есірткі қылмысына қарсы іс- қимыл басқармасы нашақорлықтың алдын алу, ведомствоаралық үйлестіру тобының аса маңызды істері жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бимаханов Марат Асылханұлымен Қызылорда және Жамбыл облыстарының шекара аумақтарында қойылған 2 тосқауыл бекеттерінің бірі — Қызылорда бағытындағы — «Сауран» бекетіне келіп, шілденің аңызақ, аптап күні мен бұрқасын, боран, қалың қарда, яғни ауа райының қолайсыз күніне қарамай өздеріне бекітілген Кинологиялық қызмет орталығының қызметтік иттермен бекетте тұрған тәртіп сақшыларының қатарына қосылып, азынаған желдің өтінде тұрып, есірткі қылмысына жол бермеу мақсатында көліктерді тексеру жұмысын «Нора» атты, есірткі, қару-жарақты анықтайтын итпен бірге 3 сағатқа жуық жүргіздік. Анығын айтқанда, кинологиялық орталықтағы 6 иттің көмегімен Жамбыл облысы мен Түлкібас ауданының шекаралас аумағында орналасқан «Шақпақ баба», сондай-ақ Қызылорда облысымен шекаралас «Сауран» шет бекетіне тәуліктік кезекшілікке бекітілген қызметкерлермен осы бекеттің өзінде есірткі заттарын аса ірі көлемде тасымалдаудың 13 дерегі анықталған. Осы кезеңге дейін Кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлерімен бірге 1514 рет орын алған қылмыс орындарына шығып, 44 қылмыстың беті ашылса, оның ішінде есірткі қылмысы бойынша — 42, қару-жарақ бойынша — 2 дерегі ашылған. Ағымдағы жылдың 1 маусымы мен 31 қазан аралығында «Қарасора-2025» жедел профилактикалық іс-шарасы бойынша өткен 4 айында, есірткінің заңсыз айналымынан жалпы 202 есірткі құқық бұзушылықтары анықталып, 2 ұйымдасқан топ құрықталған. Сөйтіп, заңсыз айналымнан 826 килограмм 061 грамм түрлі есірткі заттары тәркіленсе, 9 айдың қортыдысымен есірткінің заңсыз айналымына қатысты 359 дерек, 126 қылмыс, 233 теріс қылықтар орын алған. Есесіне заңсыз айналымнан 1 тн 24 кг. 728,129 гр. есірткі заттары тәркіленген. III-тоқсан қортындысымен «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасының 3 кезеңі өткізіліп, нәтижесінде облыс аумағында 193 дәріхана, 11 қойма, 32 емдеу-профилактикалық мекеме және 11 өндірістік кәсіпорындары тексеріліп, 82 әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берілген.
БЕКЕТТЕН КЕЙІНГІ БЕТАЛЫС Есірткі қылмысына қарсы іс- қимыл басқармасының жедел уәкілі полиция капитаны, психотроптық заттар яғни дәрілерді жою бойынша жауапты Арман Күмісбекұлымен бірге «Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің клиникасы» мекемесіне барып, психотроптық заттарды жою процесіне қатыстым. Жою процесінің әрбір қадамы фото және бейнетүсіріліммен тіркеледі. Комиссия мүшелері барлығының қатысуымен арнайы жою актісіне қол қойдық. Бұл акт – заттай айғақтың іс жүзінде жойылғанын растайтын негізгі құжат болып сақталады екен. Осылайша, психотроптық заттарды жою барысында полиция қызметкерлері тек қана тәркілеу мен сақтауды ғана емес, сонымен бірге процестің соңына дейін, яғни жойылғанға дейін оның заңдылығы мен қауіпсіздігін бақылауды қамтамасыз етеді. Ескерте кетсем, психотроптық заттарды (дәрілерді) жою процесі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатаң ережелермен және бақылаумен жүзеге асырылады, әсіресе олар қылмыстық істер бойынша заттай айғақ ретінде тәркіленген жағдайда.
БАСҚАРМАНЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы – Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының құрамындағы есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрестің мемлекеттік саясатын іске асыратын негізгі жедел бөлімше. Басқарманың жұмысы тек қылмысты ашумен ғана шектелмейді, сонымен бірге есірткінің таралу көздерін толық жоюға, осы іске қатысты қаржылық ағындарды бұғаттауға және нашақорлықтың алдын алу арқылы қоғамның иммунитетін арттыруға бағытталған кешенді жұмысты қамтиды. «Қазіргі есірткі бизнесі — бұл тек базардағы сауда емес, бұл — жоғары технология. Біздің жұмыс — олардың әр қадамын алдын ала білу және жастардың санасын улауға жол бермеу,» – дейді басқарма бастығы Сабыржан Жарылқасынұлы. Сонымен, Түркістан облысы ПД ЕҚҚІҚБ-да өткізген бір күнім маған үлкен әсер қалдырды. Мұндағы қызметкерлер — көрінбейтін майданда күн сайын күресіп жүрген нағыз қаһармандар. Олардың жұмысы — тек ұстау немесе қамау емес, ең алдымен ұлттың денсаулығын, әсіресе жастардың болашағын қорғау. Осы ретте, есірткіге қарсы іс-қимыл – бұл тек полицияның ғана міндеті емес, бұл — әрбір ата-ананың, мұғалімнің және азаматтың қатысуын талап ететін жалпыұлттық күрес екенін айтқым келеді.

Автор: admin