• 18 октября, 2024 8:29 пп

Есiрткi қылмысына қарсы іс-қимыл

Автор:admin

Окт 7, 2024

Шымкентте есірткінің таралуына қарсы күрес күшейді. Бұған үнделікті жария етілетін құқық қорғау органдарының мәліметтері дәлел. Жуырда Шымқаланың полициясы аса ірі көлемдегі мефедронның таралуына жол бермеді. Шымкент ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында есірткі заттарын өткізумен айналысып жүрген Алматы тұрғынын құрықтады. 20 жастағы жігіт өзімен бірге қытырлақ картоп (чипсы) қаптамасына салынған синтетикалық есірткіні тасымалдапты. Оның жалдамалы пәтерін тексергенде ұнтақ салынған полиэтилен пакеттер және 150-ден астам есірткі орамалары табылды. Тәркіленген мефедронның жалпы салмағы 3,5 келіні құрады. Сондай-ақ Қаратау ауданының учаскелік инспекторлары синтетикалық есірткі тасымалдаушының жолын кесті. Полицейлер есірткі курьерін «Құқықтық тәртіп» іс-шарасын өткізу барысында байқап қойды. Көше бойында тәртіп сақшыларын көре салысымен қашқалақтап, тайып тұрмақшы болған жігіттің әрекетінен күдіктенген тәртіп сақшылары оны дереу тоқтатты. Тексерген кезде оның сөмкесінен 35 есірткі орамасы мен жасырын орынды қазып дайындауға арналған бұрағыш құралы табылды. Ұсталғанға дейін 10 орынға есірткі заттарын тығып үлгергені анықталды. Олардың барлығы табылып, тәркіленді. Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері заңмен тыйым салынған есірткі заттарын пайдалану, сақтау, өсіру, сату сынды қылмыстардың алдын алып, болдырмау мақсатында үздіксіз жұмыс жүргізеді. Полиция қызметкерлері егінжайларды аралау, аула, үй маңындағы аумақты мұқият тексеру нәтижесінде, есірткі сайттарын жарнамалайтын жазбаларды анықтап, ғимараттардың қабырғаларынан синтетикалық есірткілердің жарнамаларының граффити-жазбаларын өшіреді немесе алып тастайды. Жыл басынан бері Шымкентте есірткі қылмысына қатысты 447 жағдай тіркелген. Оның ішінде 397 адамға сот үкімі шықты. Бұл туралы Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Ержан Марат мәлімдеді. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің айтуынша, есірткі қылмысын жасаушылардың басым көпшілігін ер адамдар құрайды. Оның ішінде 40 жастан асқандар көп. «Есірткінің ең көп тараған түрі синтетика. Себебі, өте арзан, әрі дайындауда өте оңай. Сондай-ақ, басқа есірткіге қарағанда мұның зардабы да көп. Сондықтан синтетикаға байланысты күресте нәтижеге жету үшін бірнеше талаптар қойылуда», — деді Ержан Марат. Ал, Шымкент қаласы полиция департаменті басшының орынбасары Арман-Арун Бейсенбиев интернет арқылы есірткі сатудың жазасы ауыр болатындығын жеткізді. «Интернет желісінде есірткі сатқаны үшін қылмыстық жауапкершілік 10 жылдан басталады. Ал, контрабандамен байланыста болу өмір бойы бас бостандығынан айыруға алып келеді. Бүгінде интернетте 2000-нан астам парақша жойылғанына қарамастан, жаңасы қайта ашылып жатыр. Сондай-ақ, күнделікті бұғаттау жұмыстары да жүруде. Есірткі сатушы, сатып алушы, тасымалдаушы, тығушы бірін-бірі танымайды. Сондықтан анықтау жұмыстары қиындық тудырады. Бірақ соған қарамастан полиция 400-ден астам есіткіге қатысты қылмыстарды анықтады. Соның ішінде 75-і есірткі сатумен байланысты. Ал, оның 70 пайызы интернет желісінде орын алған қылмыстар», — деді Арман-Арун Бейсенбиев.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin